
Ағымдағы жылдың 10 желтоқсанында Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Денис Шипп еліміздің заң қауымдастығымен кездесті, онда судьяларды іріктеу, Кеңестің даму перспективалары, сондай-ақ заң қоғамдастығын қызықтыратын аспектілер талқыланды.
Кездесу аралас форматта (офлайн және онлайн) өтті, іс-шараға 70-тен астам заңгер қатысты. Олардың қатарында: Қазақстан заңгерлер одағының, Республикалық адвокаттар алқасының, Республикалық нотариаттық палатаның, «Kazakhstan Bar Association» заң консультанттар палатасының өкілдері, барлық деңгейдегі судьялар, ғылыми қоғамдастық өкілдері.
Өзінің бас сөзінде Кеңес төрағасы Денис Шипп жиналғандардың назарына атқарылған жұмыстар мен жоспарланған бастамалар туралы ақпарат берді.
Осылайша, ағымдағы жылы біліктілік емтиханын тапсыру кезінде сот жүйесіне тәжірибелі заңгерлерді тарту үшін тестілеу практикаға бағдарланған болды, тар шеңберлі мамандар үшін (салық салу, зияткерлік меншік, жер қойнауын пайдалану және корпоративтік құқық салаларында) басымдық көзделген. Біліктілік емтиханы кезінде қағаз құжат айналымы алынып тасталды, ал үміткерлердің құжаттарын қабылдау толығымен автоматтандырылды.

Парламент жұртшылықтың ЖСК құрамына қатысуын одан әрі кеңейтуді, сот жүйесіне корпоративтік сектордан мамандар тарту мүмкіндігін, судьялардың тәртіптік жауапкершілігі мәселелерін жетілдіруді және құрамы аз және шалғайдағы соттарда судьялық жұмыстың тартымдылығын арттыруды көздейтін заң қабылдады.
Бұдан басқа, қазіргі уақытта Кеңес мынадай мәселелерді пысықтауда: 1) тағылымдамадан өту тәртібін жетілдіру және оның мерзімдерін қысқарту; 2) аудандық сот судьялары лауазымдарына іріктеу жүргізу мерзімдерін оңтайландыру; 3) ауылдық жерлерде судьялық жұмыстың тартымдылығын арттыру.
Кеңес Төрағасы атап өткендей, аталған шараларды іске асыру судьяларды іріктеу сапасын жақсартуға және сот корпусына білікті кадрларды тартуға мүмкіндік береді.
Пікір алмасу барысында кездесуге қатысушылар кадр саясатын жетілдіру бойынша ұсыныстарды жан-жақты талқылады.
Мысалы, Республикалық нотариаттық палатаның атқарушы директоры Гүлнар Рысбекова біліктілік емтиханының кезеңдеріне дайындалу үшін сот төрелігі академиясының жанынан ақылы оқыту курстарын енгізуді және барлық бұрынғы судьяларды өмір бойы ұстауды қарастыруды ұсынды.
"Kazakhstan Bar Association" заң консультанттары палатасының өкілі Александр Коробейников судьялардың Елеулі жүктемесін атап өтіп, дауларды шешудің баламалы тәсілдерін дамыту қажеттігіне тоқталды. Сот жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша заң консультанттары арасында әлеуметтік сауалнама жүргізу ұсынылды.
«Қазақстан заңгерлер одағы» РҚБ өкілі Серік Беркамалов өз сөзінде тәуелсіз заңгерлердің Біліктілік комиссиясының құрамын одан әрі кеңейту қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар, кездесуге қатысушылар судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету, оларды әлеуметтік және материалдық қамтамасыз ету, сот жүктемесін азайту сияқты тақырыптарды қозғады. Сондай-ақ, кеңес қызметінде қоғамның үлесін одан әрі арттыру, іріктеудің ашықтығын қамтамасыз ету, үміткерлердің жеке қасиеттеріне қойылатын талаптарды арттыру бойынша ұсыныстар айтылды.
Соңында заңгерлер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, оларға толық жауап алды.
Жоғары Сот Кеңесінің аппараты