
2021 жылы 16 ақпанда ҚР Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Т.С.Донақовтың басшылығымен Кеңестің кезекті отырысы өтті.
Отырыс барысында Кеңес жанындағы Біліктілік комиссиясы, Сот жюриі, Конкурстық комиссия мен Кадрлық резерв жөніндегі комиссияның жаңартылған құрамдары бекітілді.
Біліктілік комиссиясы мен Сот жюриінің 2020 жылы атқарған жұмыстары қорытындыланды.
Кеңес мүшелері сонымен қатар аудандық сот судьясы лауазымына тұңғыш рет тағайындалған тұлғалардың кәсіби бағалау нәтижелерін қарады.
Бұдан бөлек, жаңа Әкімшілік рәсімдік-процесстік Кодексінің күшіне енуіне байланысты Кеңес Қазақстан Республикасындағы судьялардың жалпы штаттық құрамын, жергілікті және өзге де соттардағы судьялар санын бекітуге келісімін берді.
Кеңес мүшелері сонымен қатар Жоғарғы Сот Төрағасымен зейнет жасына толған бір судьяның лауазымында қалу мерзімін ұзартуға келісім берді.
Сонымен қатар, Кеңес Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі Комиссия мен Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриінің шешімдеріне шағымданған судьялардың арыздарын және республика соттарының бірқатар төрағалары мен судьяларын қызметінен босату мәселелерін қарады.
Отырыстың қорытындысы бойынша Кеңес тиісті шешімдер мен ұсынымдарды қабылдады.
Қазақстан Республикасы
Жоғары Сот Кеңесінің Аппараты