ЖОҒАРЫ СОТ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕЛЕРІ БРИФИНГТЕ СУДЬЯ ЛАУАЗЫМЫНА КОНКУРСТЫҚ ІРІКТЕУДІҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ТУРАЛЫ АЙТЫП БЕРДІ

ЖОҒАРЫ СОТ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕЛЕРІ БРИФИНГТЕ СУДЬЯ ЛАУАЗЫМЫНА КОНКУРСТЫҚ ІРІКТЕУДІҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ТУРАЛЫ АЙТЫП БЕРДІ

Жоғары Сот Кеңесі бірқатар судья лауазымдарына конкурстық іріктеуді аяқтады.

Атап айтқанда, Жоғарғы Соттың 2 судьясы, аудандық соттың 1 төрағасы, облыстық соттың 1 судьясы, аудандық соттардың 40 судьясы лауазымдарына жарияланған конкурс қорытындыланды.

Судья боламын деген үміткерлер саны өте көп екенін атап өткен жөн. Мысалы, құжат тапсырғандар саны:

Жоғарғы Сот судьясы лауазымына 17 адам;

аудандық соттардың судьясы лауазымына 274 адам;

Алматы қалалық сотының судьясы лауазымына 49 адам;

Барлығы конкурсқа 342 адам қатысты.

Бір айта кетерлігі, сот жүйесіндегі бәсекелестік деңгейі соттың деңгейіне тікелей байланысты.

Мәселен, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы аудандық соттардың судьясы лауазымына ең көп үміткер құжат тапсырған. Айталық, Нұр-Сұлтан қаласының Есіл аудандық сотының судьясы лауазымына жарияланған конкурсқа бір орынға 90 адам қатысты. Елорданың Сарыарқа аудандық соты мен Алматыдағы Бостандық аудандық сотындағы бос лауазымға 87 адамнан құжат тапсырды.

Ал, шалғайдағы аудандық соттардың судьясы лауазымдарына өтініш тапсырғандар саны бірнеше есеге аз болып шықты. Маңғыстау облысындағы аудандық соттардағы бір орынға орташа есеппен 14 адам құжат тапсырды: Бейнеу аудандық сотындағы 1 орынға 15 адам өтініш берсе, Жаңаөзен қалалық сотындағы бір бос орынға 13 үміткер құжат тапсырған.

Сонымен қатар, аз құрамдағы және шалғайдағы бірнеше соттарда бос тұрған 17 судья лауазымына бірде бір үміткер ниет танытқан жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, 2018-ші жылдан бері судья лауазымына үміткерлерді іріктеу жүйесі біртіндеп жетілдіріліп келеді. Бүгінгі таңда бұл бірнеше кезеңнен тұратын, көпсатылы процедура.

Конкурс Жоғары Сот Кеңесі жанындағы конкурстық іріктеу Комиссиясымен өткізіледі. Оның құрамына тәжірибелі судьялармен қатар адвокат, құқықтану профессоры, заңгерлер қоғамдастығының өкілдері, прокуратура қызметкерлері мен HR-менеджмент саласындағы сарапшылар кіреді.

1 кезең - азаматтардан құжат қабылдау. Бұл кезеңде анкета, еңбек кітапшасы, медициналық анықтама, және басқа да әдеттегідей құжаттармен бірге облыстық соттар жанындағы соттармен қарым-қатынас жөніндегі Кеңестердің қорытындысы талап етіледі. Мұндай кеңестердің құрамына заңгерлер қоғамдастығы мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіреді.

Сонымен қатар үміткерлер облыстық соттардың пленарлық отырыстарында судьялар қоғамдастығы органдарымен қаралып, тиісті қорытынды алулары тиіс.

Сөйтіп, осы кезеңнің өзінде үміткерге осы өңірде тұратын және оны танитын адамдар оң, немесе теріс бағасын береді.

2 кезең - үміткерлерді автоматтандырылған компьютерлік бағдарлама арқылы сандық критерийлер бойынша бағалау. Бұл кезеңде компьютерлік бағдарлама үміткерлерді Біліктілік емтиханын тапсыру нәтижелері, ғылыми дәрежесінің бар-жоғына орай, заңгерлік еңбек өтілінің ұзақтығы, судьялар қауымдастығы мен азаматтық қоғам өкілдерінің берген қорытындысына сәйкес автоматты түрде жіктеп, орташа бағасын шығарады.

3 кезең - Конкурстық комиссияның кешенді бағалауы. Бұл кезеңде үміткерлер автоматты түрде бағалауға келмейтін критерийлер бойынша Конкурстық комиссия мүшелерімен бағаланады. Соның ішінде жұмыс орнынан берілген мінездемесі, әкімшілік құқық бұзушылықтары бар-жоғы туралы мәліметтер, қызмет атқарып жүрген судья басқа лауазымға ұсынылған кезде оның шығарған шешімдеріне баға беріліп, судья этикасын сақтауы сияқты басқа да мәліметтер ескеріледі;

4 кезең - бағалаудың қосымша құралдарын қолдану(үміткерлердің дербес қабілеттерін бағалау). Аталған жұмыс аясында талапкерлер туралы қоғамдық пікір сұралады. Ол үшін Кеңес сайтында олардың мәліметтері жарияланып, тиісті хабарландыру жария етіледі. Сөйтіп, қоғам, соның ішінде БАҚ өкілдері, әрбір үміткер туралы өз пікірін ашық білдіре алады.

Бұдан бөлек, талапкерлер туралы теріс пікір бар-жоғын анықтау мақсатында әлеуметтік желілер мен БАҚ мониторингісі жүргізіледі.

Егер конкурстарға құқық қорғау органдарының бұрыңғы қызметкерлері қатысатын болса, онда тиісті органдардың ішкі қауіпсіздік қызметтеріне сұраныс жолданады. Сөйтіп, ведомстволық есептер бойынша қосымша тексерулер жүргізіледі.

Конкурсқа қатысатын адвокаттар жайында адвокаттар алқасына сұраныс жолданып, пікір алынады.

Мұнымен қатар, үміткерлерді іріктеу кезінде Кеңес азаматтардың да өтініштерін қараусыз қалдырмайды. Мәселен, жоғары лауазымға құжат тапсырған судьяларға қатысты шағым түсетін болса, олар да міндетті түрде есепке алынады.

Жоғарғы Сот судьясы лауазымына үміткерлердің біліктілігі мен дербес қабілеттерін бағалау үшін танымал әрі беделді HR-компаниялардың тәуелсіз сарапшылары шақырылады. Мысалы, биылғы жылы бұл жұмысқа халықаралық Ernst&Young және SHL компаниялардың өкілдері тартылды. 

Бұдан бөлек, мұндай үміткерлерге қатысты олармен күнделікті жұмыс істейтін әріптестерінен де «360°» қағидаты бойынша анонимді түрде пікір алынады.

Бұған дейін судья болмаған үміткерлер эссе жазып, кейстік жаттығуларды орындайды. Кейстік жаттығулардың бірі - сот актісінің жобасын құрастыру.

Осы сынақты қабылдау кезінде үміткерлерге сәйкестендіру номері ғана беріледі және емтихан қабылдайтын адамдар мұндай номер иесінің аты-жөнін де білмейді. Тапсырылған жұмыстарды тек номері бойынша бағалайды.

Жазбаша эссе және кейстік жаттығулар Жоғары Сот Кеңесі жанындағы арнайы комиссия мүшелерімен бағаланады. Оның құрамына судьялармен қатар заңгерлер қоғамдастығының өкілдері де кіреді.

Үміткерлердің жұмыстарына арнайы сәйкестендіру нөмірі ғана берілетінін ескерсек, комиссиялардың мүшелері кімнің жұмысын бағалап жатқанын біле алмайды.

5 кезең - Конкурстық комиссия мүшелерінің үміткерлермен сұхбат жүргізу.

Карантиндік шектеулерге байланысты 360-тан астам үміткермен сұхбаттасу онлайн-форматта өткізілді. Сөйтіп, барлық санитарлық талаптар сақталды.

Сұхбаттасу тұғыш рет біліктілік шеңбері аясында жүргізілді. Оны Қазақстандағы судьяларды іріктеу жүйесі үшін халықаралық Ernst&Young компаниясы әзірлеп берген.

Біліктілік шеңбер дегеніміз - судьяның өз қызметін тиімді де жемісті атқаруға қажетті жеке қабілеттері мен біліктілігінің жиынтығы.

Мұндай модель кейін судьяларды іріктеу жүйесіне біртіндеп енгізілетін болады.

6 кезең - үміткерлер туралы барлық жоғарыда аталған мәліметтер жинақталып, әрбір үміткер Конкурстық комиссияның жалпы отырысында талқыланады.

Бұл орайда айта кеткен жөн, судья болмаған үміткерлер және жүйе ішінде басқа лауазымдарға ауысып жатқан судьялар жеке қарастырылады. Осының арқасында судья тәжірибесі жоқ адамдардың біліктілігін объективті түрде бағалауға және мұндай үміткерлер мен тәжірибесі бар судьялар арасында бос лауазымдарға ұсыну кезінде балансты сақтауға мүмкіндік туады.

Бұдан кейін үміткерлер Жоғары Сот Кеңесінің отырысында талқыланады.

Жоғары Сот Кеңесінің құрамына Кеңес Төрағасы, Жоғарғы Сот Төрағасы, Бас прокурор, Әділет министрі, Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Төрағасы, Парламент Мәжілісі мен Сенатының комитет төрағалары, ғалым-заңгер, адвокат және бірқатар соттардың судьялары кіреді.

Әрбір үміткерді осылайша жан-жақты, терең әрі объективті түрде бағалау қосымша уақытты талап ететіні сөзсіз. Қазіргі таңда судьяларды конкурстық іріктеу орташа есеппен  төрт жарым айға созылады.

Ал, іріктеу процесінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында әрбір кезеңнің нәтижелері Жоғары Сот Кеңесінің ресми сайтында жарияланып отырады. Атап айтсақ:

- конкурстың жариялануы туралы хабарлама;

- конкурсқа жіберілген тұлғалар туралы ақпарат;

- соттармен қарым-қатынас жөніндегі Кеңестердің отырыстары мен облыстық соттардың пленарлық отырыстарының кестесі;

- соттармен қарым-қатынас жөніндегі Кеңестердің отырыстары мен облыстық соттардың пленарлық отырыстарының қорытындылары туралы мәліметтер;

 

Осындай жан-жақты, толымды конкурстық іріктеудің қорытындысы бойынша Кеңес осы жолы:

Жоғарғы Сот судьясы лауазымына 2 үміткерді;

аудандық сот төрағасы лауазымына 1 үміткерді;

облыстық сот судьясы лауазымына 1 үміткерді;

аудандық сот судьясы лауазымына 40 үміткерді іріктеп алып, ұсынады.

Жоғарғы Сот судьясы лауазымына іріктеліп алынған үміткерлер - тәжірибелі әрі білікті судьялар, өз ісінің нағыз кәсіпқойлары. Олардың орташа жасы 55 жас, заңгерлік еңбек өтілі 30 жылдан асады. Сот жүйесіндегі еңбек өтілі 22 жылдан асады.

Үміткерлердің екеуі де Жоғарғы Сот судьясы лауазымына кадрлық резервте тұр, көптеген ведомстволық наградаламен марапатталған және ғылыми еңбектердің авторлары. Бұдан бөлек, олардың бірі заң ғылымдарының кандидаты.

Аудандық сот төрағасы лауазымына да тәжірибелі судья іріктеліп, ұсынылды. Заңгерлік еңбек өтілі 20 жылдан асады, соның ішінде 16 жыл аудандық соттардың судьясы болып қызмет атқарған.

Аудандық соттардың судьясы лауазымына ұсынылғандардың қатарында жеке және корпоративтік сектор заңгерлері, мемлекеттік органдардың заңгерлері, адвокаттар, прокурорлар, академиялық орта қызметкерлері, сот жүйесінің қызметкерлері, және соттар арасында ауысатын судьялар. (40 үміткердің ішінде 13 судья).

Анықтама үшін 27 үміткердің ішінде:        

2 адвокат;

13 сот жүйесінің қызметкері;

5 мемлекеттік, корпоративтік және жеке сектор заңгерлері;

1 ішкі істер органдарының өкілі;

4 прокуратура өкілі;

1 академиялық орта өкілі;

1 Қаржы министрлігінің Экономикалық тергеу қызметінің өкілі.

Ұсынылған тұлғалардың орташа заңгерлік еңбек өтілі 15 жыл, орташа жасы - 41 жас.

40 адамның ішіндегі жартысына жуығы (40% немесе 16 адам) заң ғылымдарының кандидаты немесе магистрі дәрежесіне ие. Іріктелгендердің ішінде 1 заң ғылымдарының кандидаты, 15 адам құқық магистрі, соның ішінде 12-сы мамандандырылған академия түлектері.

Үміткерлердің төрттен бірі (9) АҚШ, Германия, Түркия, Франция сияқты мемлекеттерде тәжірибе жинақтаған. 11 адам (27%) ведомстволық наградалармен марапатталған.

40 адамның 2-уі Біліктілік емтиханын жаңа, қатаңдатылған тәртіп бойынша тапсырды. Соның ішінде психологиялық тест, заңнаманы білу деңгейін анықтайтын сынақ, кейстік жаттығуларды орындау және эссе жазу.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру аясында судья лауазымдарына үміткерлерді іріктеу барысында олардың салық саясаты, жер қойнауын пайдалану, зияткерлік меншік, корпортативтік құқық салаларындағы еңбек өтілі ескеріледі. Осы жолы іріктелген үміткерлердің қатарында жер қойнауын пайдалану саласындағы еңбек өтілі бар тұлған ұсынылады.