
Жоғары Сот Кеңесінің кезекті отырысы өткізілді.
Отырыста ағымдағы жылдың 1 қазанында жарияланған облыстық соттардың 25 судьясы және аудандық соттардың 86 судьясы лауазымдарына арналған конкурстың қорытындылары шығарылды.
«Бүгін біз биылғы жылы жарияланған алтыншы конкурстың қорытындыларын шығарып отырмыз. Үміткерлерге қойылатын талаптар күшейтілді, ал басты мақсат өзгеріссіз — судья кадрларын айқын әрі әділ іріктеуді қамтамасыз ету», — деп атап өтті Кеңес Төрағасы Дмитрий Малахов.
Облыстық соттардың судьясы лауазымдарына 291 үміткер, ал аудандық соттардың судьясы лауазымдарына 257 үміткер қатысты. Олардың ішінде 92-сі - жұмыс істеп жүрген судьялар, 165-і - біліктілік емтиханын сәтті тапсырған кандидаттар немесе Сот төрелігі академиясының түлектері.
Конкурс қорытындысы бойынша ұсынылғандар: облыстық соттардың судьялары лауазымдарына – орташа алғанда 14 жылдан астам жұмыс өтілі бар 25 жұмыс істеп жүрген судья, аудандық соттардың судьялары лауазымдарына – 53 үміткер, олардың ішінде 49-ы алғаш рет ұсынылған заңгерлер және 4 жұмыс істеп жүрген судья.
Алғаш рет ұсынылған 49 кандидаттың ішінде:
21 – сот жүйесінің қызметкерлері;
9 – мемлекеттік органдардың заңгерлері;
8 – адвокаттар;
3 – прокуратура қызметкерлері;
8 – жеке сектордың заңгерлері.
Судья лауазымдарына тағайындауға ұсынылған кандидаттар туралы мәліметтер отырыстың ресми YouTube-арнасында онлайн-трансляция барысында жарияланды, сондай-ақ Кеңестің ресми интернет-ресурсында орналастырылды.
Отырыста сондай-ақ 20 судьяны қызметтен босату туралы ұсыным берілді, олардың ішінде:
14 – отставкаға шығуына байланысты,
1 – зейнет жасына толуына байланысты,
1 – сот төрағасы лауазымындағы өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты (осы соттың судьясы ретінде қалдырумен),
1– сот төрағасы лауазымынан өз еркімен босату (судья болып қалдырумен),
1 – өз еркімен,
1 – соттың айыптау үкімі заңды күшіне енгеніне байланысты,
1 – Сот жюриінің шешімі бойынша.
Сот жюриінің тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы екі шешіміне шағымданған екі судьяның өтініштері қаралды. Қарау нәтижесінде ескерту жариялау және тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін судьяны қызметтен босату туралы екі шешім де негізді деп танылып, күшінде қалдырылды.
Жоғары тұрған және басшылық судья лауазымдарына арналған кадр резервін қалыптастырудың кезекті кезеңінің қорытындылары шығарылды.
«Биылғы жылдан бастап кадр резервіне іріктеу рәсімдері айтарлықтай оңтайландырылды. Қабылданған шаралар кешені сапалы және объективті іріктеуді қамтамасыз етті және жоғары кәсіби көрсеткіштері мен мінсіз беделі бар судьялардан кадр резервін қалыптастыруға мүмкіндік берді», — деді Дмитрий Малахов.
Сонымен қатар, Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Біліктілік комиссиясының, Кадр резерві жөніндегі комиссияның және Сот жюриінің құрамына енгізілетін өзгерістер талқыланды.
Жоғары Сот Кеңесі соттарды іріктеу рәсімдерінің ашықтығын арттыру, судьялардың тәуелсіздігін нығайту және судьялар корпусының оң имиджін қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастыруда.