
Жоғары Сот Кеңесі жеке сот орындаушылары институтының 15 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатысты.
Іс-шараға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, Жеке сот орындаушыларының республикалық және өңірлік палаталарының басшылығы, сондай-ақ еліміздің барлық өңірлерінен келген сот орындаушылары қатысты.
Жоғары Сот Кеңесінің атынан құттықтау сөзін Кеңес мүшесі Салтанат Жүніспекова айтты. Ол жеке сот орындаушылары институтының қалыптасуы Қазақстанның сот-құқықтық жүйесін реформалаудың маңызды кезеңі болғанын және құқық үстемдігі қағидасын нығайтуда елеулі рөл атқарғанын атап өтті.
Салтанат Жүніспекованың айтуынша, өткен жылдар ішінде бұл институт өз тиімділігін дәлелдеп, сот орындаушыларының жауапкершілігі мен адалдығының арқасында азаматтардың сот төрелігіне деген сенімі артты.
Сондай-ақ ол Жоғары Сот Кеңесінің тәжірибелі жеке сот орындаушыларын судья лауазымдарына іріктеу конкурстарына қатыстыруға мүдделі екенін атап өтті, себебі олардың тәжірибелік білімі мен кәсіби дағдылары сот жүйесінде аса қажет.
Іс-шара жеке сот орындаушылары институтының дамуына және сот актілерін орындау тиімділігін арттыруға зор үлес қосқан үздік өкілдерді марапаттау рәсімімен аяқталды.