
Жоғары Сот Кеңесінің кезекті отырысы өткізілді. Отырыста Жоғары Сот Кеңесімен 1 тамызда жарияланған аудандық сот судьясының 149 бос орнына конкурстың және аудандық сот төрағасы лауазымына 46 бос орынға іріктеудің қорытындысы шығарылды.
«Аталған конкурс пен іріктеудің қорытындылары бір жарым айда шығарылды. Аудандық соттардағы бос орындарды жедел толтыру бірнеше жыл бойы бос тұрған орындарды қысқартуға, сондай-ақ судьялардың жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Айта кету керек, мұндай оңтайландыру – көрсеткіштерге ұмтылыс емес, уақыт талабы, Кеңестің және оның аппаратының мәртебесінің артуы», – деп атап өтті Кеңес Төрағасы Дмитрий Малахов.
149 аудандық судья лауазымына жарияланған конкурсқа 389 үміткер қатысты, оның ішінде 229 – судья болып табылмайтын үміткерлер, 160 – жұмыс жасап жүрген судьялар.
Конкурс қорытындысы бойынша Кеңес аудандық соттардың судьялары лауазымына 110 үміткерді ұсынды, оның ішінде 19 – жұмыс жасап жүрген судьялар, 91 – судья болып табылмайтын үміткерлер. Ұсыным алған кандидаттар арасында Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының 66 түлегі бар, олар конкурс рәсімдерінен сүрінбей өтіп, кәсіби даярлығының жоғары деңгейін растады.
Тізім: https://www.gov.kz/memleket/entities/vss/press/news/details/1076971
Аудандық сот төрағаларының 46 лауазымына 160 үміткер болды. Іріктеу қорытындысы бойынша Кеңес 17 үміткерге ұсыным берді.
Тізім: https://www.gov.kz/memleket/entities/vss/press/news/details/1076949
«Бүгін Кеңестің отырысында осы жылы жарияланған бесінші конкурстың қорытындысы шығарылғанын еске салғым келеді. Бұған дейін Кеңес жылына әрі кетсе, екі конкурстың қорытындысын шығаратын», – деді Дмитрий Малахов.
Судьялыққа тағайындауға ұсыным алған үміткерлер туралы мәліметтер Кеңестің ресми YouTube-арнасындағы онлайн-трансляция барысында жарияланды, сондай-ақ Кеңестің ресми интернет-ресурсында орналастырылды.
Сонымен қатар, отырыс барысында Кеңес 24 судьяны қызметінен босатуды ұсынды. Оның ішінде: 14 – отставкаға шығуына байланысты, 2 – зейнеткерлікке шығуына байланысты, 1 – басқа жұмысқа ауысуына байланысты, 3 – өз еркімен, 1 – сот төрағасы өкілеттігінің аяқталуына байланысты (сот төрағасы өкілеттігінен босатылып, осы соттың судьясы болып қалды), 1 – Сот жюриінің шешімі бойынша, 2 – соттың айыптау үкімінің заңды күшіне енуіне байланысты.
Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриінің судьяларға қатысты сот ісін қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзғаны үшін және судья әдебіне қайшы келетін теріс қылық жасағаны үшін тәртіптік жаза қолдану туралы шешімдеріне шағымдану бойынша өтініштер қаралды.
Қарау нәтижелері бойынша Сот жюриінің шешімі негізді деп танылып, күшінде қалдырылды.
Отырыста сондай-ақ Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Біліктілік комиссиясының, Кадр резерві жөніндегі комиссияның және Сот жюриінің құрамы бойынша өзгерістер талқыланды.
Жоғары Сот Кеңесі судьяларды іріктеу және тағайындау рәсімдерінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етуге, судьялардың тәуелсіздігі мен құқықтарын қорғауға бағытталған жүйелі жұмысын жалғастыруда. Бұл қоғамның сенімін арттыруға және судьялар корпусының оң имиджін қалыптастыруға ықпал етеді.