
«Правосудие/Justice» журналында ҚР Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Ернар Бегалиев пен ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының профессоры Назарбек Жемпиисовтың «Судья қызметіндегі “үдерістік емес байланыстар” институты феномені (Қазақстан Республикасы заңнамасы бойынша)» атты мақаласы жарияланды.
Авторлар «үдерістік емес байланыстардың» құқықтық табиғатын қарастырады. Бұл құбылыс судья қызметінің объективтілігі мен бейтараптығына ықпал етуі мүмкін. Зерттеуде Конституция, «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңы, «Жоғары Сот Кеңесі туралы» заңы және Судьялардың әдеп кодексі нормалары талданған.
Авторлардың пікірінше, «Үдерістік емес байланыстар» терминінің тек Судьялардың әдеп кодексінде ғана бекітілуі жеткілікті құқықтық күші бар тетік болып табылмайды. Шешім ретінде бұл институтты Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде бекіту ұсынылады.
Бұл «Үдерістік емес байланыстар» ұғымын ресми түрде айқындауға, судьялардың адал емес мінез-құлық тәуекелдерін азайтуға және сот жүйесіне қоғам сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.
Ресей мемлекеттік құқық университетінің «Правосудие/Justice» журналы жетекші ғылыми басылымдарының қатарына кіреді және құқық, сот жүйесі мен құқық қолдану практикасы мәселелеріне арналған зерттеулерді жариялайды.