
Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малахов Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толуына орай Республикалық нотариаттық палатасы ұйымдастырған «Қазіргі қоғамдағы нотариат: конституциялық кепілдіктері және уақыттың сын-тегеуріндері» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.
Конференция аясында нотариаттың конституциялық құқықтарды қорғаудағы құқықтық мәртебесі мен рөлі, халықаралық тәжірибе алмасу және қазіргі сын-тегеуріндер жағдайында нотариат институтын одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
Іс-шараға Конституциялық Соттың Төрағасы Азимова Э.А., Жоғарғы Соттың Төрағасы Мерғалиев А.А., Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Имашева С.В., Әділет министрлігінің, Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Әділет академиясының және ғылыми қауымдастықтың өкілдері қатысты.
Сондай-ақ конференция жұмысына Әзербайжан Республикасы, Беларусь Республикасы, Венгрия, Испания, Қырғыз Республикасы, Мексика, Ресей Федерациясы, Түркия, Өзбекстан Республикасы, Черногория елдерінің нотариаттық палаталарының басшылары мен нотариустары, сондай-ақ Республикалық нотариаттық палатасының өңірлік бөлімшелері қатысты.
Өз сөзінде Дмитрий Малахов қазіргі цифрландыру үдерісі, жаңа құқықтық қатынастардың туындауы және онымен байланысты тәуекелдер жағдайында нотариат заңдылық пен құқықтық айқындықты қамтамасыз етуде аса маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Сот реформасы аясында кадрлық саясатқа ерекше мән берілуде. Бұл сот корпусына білікті, сапалы сот төрелігін жүзеге асыра алатын мамандарды тартуды көздейді. Осы тұрғыда нотариат та сот жүйесі үшін құнды кадрлардың ортасы болып табылады, себебі бұл салада тәжірибелі заңгерлер жұмыс істейді. Құжаттарға құқықтық сараптама жасау, заңдық кеңес беру мен түсініктеме беру, атқарушылық жазба жасау сияқты нотариаттың функциялары нотариустардан жоғары кәсібилікті, заңнаманы және этикалық стандарттарды терең білуді талап етеді. Бұл олардың судья лауазымына лайықты үміткер бола алатынын көрсетеді», – деді Дмитрий Малахов.