Судья лауазымына біліктілік емтиханын жаңа тәртіп бойынша өткізуді ұйымдастыру жөніндегі шаралар
(Жоғары Сот Кеңесінің 2018 жылғы 24 тамыздағы отырысында мақұлданды)
Біліктілік емтиханының жаңа жүйесі мынадай кезеңдерден тұрады:
1) психологиялық тестілеу және эссе жазу;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасын білуін тексеруге арналған компьютерлік тестілеу;
3) үміткердің білімін және оны практикада қолдану қабілетін сот практикасынан нақты құқықтық жағдайлардың модельдерін бейнелейтін емтихан билеттері (кейс тапсырмалары) бойынша тексеру.
Емтихан кезінде оқу құралдарын, арнайы әдебиетті, ұялы телефондарды және басқа да көмекші материалдар мен құралдарды қолдануға рұқсат етілмейді.
1. Судья лауазымына үміткерлерді психологиялық тестілеу екі кезеңнен тұрады және облыстық соттарда өткізіледі.
Психологиялық тестілеудің екінші кезеңіне оның бірінші кезеңінен сәтті өткен, яғни ең төменгі шекті мәнге қол жеткізген үміткерлер жіберіледі.
Психологиялық тестілеудің мақсаты үміткердің судья болып жұмыс істеуі үшін жеке психологиялық ерекшеліктерінің, сондай-ақ ондай жұмысқа кедергі болатын факторлардың болуын анықтау болып табылады.
2. Психологиялық тестілеуден өтіп, оның оң қорытындысын алған адамдар эссе жазу үшін Жоғары Сот Кеңесіне шақырылады(психологиялық тестілеуден өткеннен кейін шамамен екі аптадан соң).
Эссе белгіленген тақырып бойынша жазылады, ол ұсынылған нұсқалардың ішінен кездейсоқ іріктеу арқылы анықталады.
Эссе жазуға бөлінетін уақыт – 2 сағаттан аспайды. Эссе компьютерде теріледі, көлемі 500 сөзден аспайға тиіс.
Эссені бағалауды Кеңестің тұрақты мүшелерінен және Кеңес жанындағы Біліктілік комиссиясының құрамына кірмейтін академиялық қоғамдастықтың өкілдерінен тұратын сараптама комиссиясы жүзеге асырады.
Эссе 7 негізгі критерий бойынша бағаланады:
- үміткердің белгілі бір тақырып бойынша проблемалық мәселелерді айқындап, және талдай алу қабілеті;
- сыни және шығармашылық ойлау қабілеті;
- үміткердің өз көзқарасын дәлелдеу және растау қабілеті;
- жасаған қорытындыларының негізділігі;
- проблемаларды шешудің практикалық және іске асырылудағы жолдарын анықтау;
- мемлекеттің стратегиялық және бағдарламалық құжаттарын білуі, құқықтық сауаттылығы, заңнамаға сілтемелер жасауы;
- грамматикасы мен лексикасы.
Тақырыптың ашылуына қарай эссе жазу қорытындылары бойынша үміткерге 0-ден 5 балға дейін беріледі.
Заңнамаға өзгертулер енгізілгенге дейін эссе жазу нәтижелері ұсыным сипатында болады.
3. Заңнаманы білуін тексеруге арналған компьютерлік тестілеу Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанындағы «Мемлекеттік қызметтің персоналын басқару ұлттық орталығы» АҚ-да өткізіледі және ол құқықтың мынадай 11 саласын қамтитын 100 сұрақтан тұрады:
- Конституциялық құқық;
- Әкімшілік-деликтік құқық және процесс;
- Азаматтық құқық;
- Азаматтық процестік құқық;
- Қылмыстық құқық;
- Қылмыстық-процестік құқық;
- Жер құқығы;
- Отбасы құқығы;
- Еңбек құқығы;
- Салық құқығы;
- Экологиялық құқық.
Компьютерлік тестілеуді өтуге 90 минут беріледі.
Компьютерлік тестілеудің қорытындылары бойынша үміткер дұрыс берген жауаптарының санына қарай мынадай балдар алады:
80-нен 89-ға дейінгі дұрыс жауаптары үшін – 4 балл;
90 және одан көп дұрыс жауаптары үшін – 5 балл.
Компьютерлік тестілеудің қорытындылары бойынша 4 немесе одан жоғары балл жинаған адам біліктілік емтиханының үшінші кезеңіне (үміткердің білімін емтихан билеті бойынша тексеруге) жіберіледі.
4. Үшінші кезең – үміткердің білімін және оны практикада қолдану қабілетін сот практикасынан нақты құқықтық жағдайлардың модельдерін бейнелейтін емтихан билеттері (кейс тапсырмалары) бойынша тексеру, Жоғары Сот Кеңесінде өтеді.
Үміткерлерге кейс тапсырмаларын орындау үшін 2 сағат беріледі.
Кейс тапсырмаларын орындауды үміткер компьютерде ресімдейді.
Емтихан билетінде компьютерлік тестілеуге енгізілген құқық салалары бойынша 3 кейс тапсырмасы болады.
Үміткер емтихан билетін ұсынылған бірнеше билет нұсқаларының ішінен кездейсоқ таңдау арқылы анықтайды.
Кейс тапсырмаларын орындағаннан кейін үміткер Біліктілік комиссиясының мүшелерімен ауызша әңгімелесуге шақырылады.
Ауызша әңгімелесу барысында Біліктілік комиссиясының мүшелері үміткерге оның кейс тапсырмалары бойынша берген жауабына қатысты сұрақтар қояды. Сонымен қатар, үміткердің эссе жазуының нәтижелері бойынша да сұрақтар қоюға болады.
Үміткердің кейс тапсырмаларын орындауы бойынша білімін тексеру кезінде дыбыс (бейне) жазба жүргізіледі.
Үміткердің кейс тапсырмалары бойынша жауабының қорытындылары бойынша бағаны Біліктілік комиссиясының мүшелері бес балдық шкала бойынша қояды.
Әрбір тапсырма бойынша жауаптар 5 сұрақ бойынша бағаланады:
- үміткердің құқықтық жағдайды құқықтық емес жағдайдан ажырата білу қабілеті (яғни бұл мәселенің заңнамамен реттелетінін/реттелмейтінін);
- үміткердің заңнаманы қолдана білу қабілеті (қандай жағдайда құқықтың қандай нормалары қолданылуы тиіс);
- үміткердің осы жағдайда қолданылатын заң терминологиясын қолдана білу қабілеті (нақты құқықтық жағдайды талдаған кезде қолданылатын терминдер);
- үміткердің құқықтық жағдайды талдап, оны бағалай білу қабілеттілігі (құқық нормаларын сақталғанын не бұзылғанын, құқықтық қатынастарға қатысушылардың іс-әрекеттерін (әрекетсіздігін) – кімнің дұрыс жасағанын және неге екенін, кімнің кінәлі және неге екенін анықтай білуі);
- үміткердің орын алған жағдай бойынша сапалы қорытынды жауап дайындау қабілеті, онда құқықтық баға ғана берілмей, сондай-ақ орын алған жағдайды шешудің оңтайлы жолдарын да көрсету қажет.
Біліктілік комиссиясының әрбір мүшесі кейс тапсырмалары бойынша орташа арфиметикалық бағаны шығарады, онда әрбір сұрақ бойынша балдар қосылып, билеттегі кейс тапсырмаларының жалпы санына бөлінеді.
Кейс тапсырмалары бойынша жауап нәтижелері жазылған емтихан парақтары отырыста төрағалық етушіге беріледі, ол Комиссия мүшелері қойған бағаларды есептеп, оларды қатысып отырған Комиссия мүшелерінің барлығының санына бөледі.
Үміткер шығарылған орташа балға қарай 0-ден 5-ке дейінгі балл алады.
Кемінде 4 балл жинаған үміткерлер біліктілік емтиханының үшінші кезеңінен өткен болып есептеледі.
Біліктілік емтиханының қорытынды нәтижесі үміткерге Комиссияның отырысында жарияланады.
Үміткер компьютерлік тестілеу және кейс тапсырмаларын орындау нәтижелеріне апелляциялық комиссияға шағымдануға құқылы. Апелляциялық комиссия Кеңестің тұрақты мүшелерінен, Жоғарғы Соттың және Кеңес жанындағы Біліктілік комиссиясының құрамына кірмейтін академиялық қауымдастықтың өкілдерінен тұрады.
Шағымдар үміткер компьютерлік тестілеу нәтижелерін алып, оның біліктілік емтиханын тапсыру нәтижелері жариялағаннан кейін беріледі.
Шағымды қарау нәтижелері бойынша апелляциялық комиссия мынадай екі шешімінің бірін қабылдайды:
1) шағымды қанағаттандырусыз қалдыру;
2) үміткердің шағымын қанағаттандырып, оны біліктілік емтиханын қайтадан тапсыруға жіберу.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының заңнамасын білуін тексеруге арналған компьютерлік тестілеуді қайтадан тапсыруға және кейс тапсырмаларын орындауды қайтадан орындауға бір рет қана жіберіледі.
Жалпы алғанда, кандидатқа эссе жазуға (оны бағалауға), компьютерлік тестілеуден өтуге, кейс тапсырмаларын орындауға және емтихан нәтижелеріне шағымдануға Астана қаласында 5 жұмыс күні болуы керек.
Судья лауазымына біліктілік емтиханының жаңа жүйесі ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап қолданысқа енгізіледі, ол үшін емтиханның әрбір кезеңін ұйымдастыру бойынша тиісті шаралар қабылданды.
Егер біліктілік емтиханының жаңа жүйесі бойынша сұрақтарыңыз болса, сіз Жоғары Сот Кеңесінің аппаратына 74-95-42 телефоны бойынша хабарласа аласыз.
Судьялыққа кандидаттардың танысуы үшін эссенің типтік тақырыптары, компьютерлік тестілеудің типтік сұрақтары мен типтік кейс тапсырмалары Жоғары Сот Кеңесінің интернет-ресурсында орналастырылған.