
Судьялыққа үміткерлердің кәсіби-психологиялық мінездемесіне қойылатын талаптардың тізбесі
(кәсіби стандарттар)
Сот жүйесі қызметінің сапасы мен тиімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік саясатты жүргізу сот билігінің өкілдері ретінде судьяларға, олардың кәсіби даярлығының деңгейіне және жеке қасиеттеріне қойылатын талаптардың артуына байланысты болып келеді.
Судьялар корпусын құруға, оны судья статусының жоғары талаптарына толығымен сәйкес келетін адамдармен қалыптастыруға қойылатын замануи тәсілдер судьялыққа кандидаттарды субъективтік-тұлғалық бағалаудан ғылыми негізделген кәсіби бағалауға, яғни оларды барынша объективті іріктеуге көшуді қажет етеді.
Кәсіби қажетті қасиеттердің қатарына судья қызметіне кандидаттың заң саласындағы білімінің деңгейін ғана емес, сондай-ақ оның одан әрі атқаратын кәсіби қызметінің сәттілігін болжап білуге мүмкіндік беретін бірқатар моральдық-психологиялық ерекшеліктерінің, жеке басының қасиеттерінің болуын анықтау және бағалау жатады.
Судьялардың жеке, іскерлік және кәсіби қасиеттеріне қойылатын талаптар:
1) тұрақты кәсіби мотивация (әлеуметтік маңызы бар себептердің басымдығы; ақиқатқа ұмытылу; әділеттілікке қол жеткізу; құқыққа қарсы жағдайларға қарсы тұру; заңның үстемдігін мүлтіксіз қорғау және қамтамасыз ету; өзінің кәсіби мүмкіндіктерін барынша толығымен іске асыру; өз әріптестерінің арасында кәсіби бедел мен құрметке ие болу және т.б.);
2) жоғары адамгершілік қасиеттері (адалдық, табандылық, заңға бағынушылық, патриотизм, беделді болу, жауапкершілік, дербестік, ұстамдылық, адал ниеттілік, тәрбиелілік, әділеттілік, әдептілік,
ар-ұждан, парасаттылық, қарапайымдылық, туралық (бейтараптылық), ізгілік, мінез-құлқының жоғары нормаға сәйкестігі, іскери бағыттылық);
3) эмоционалдық-ерікті тұрақтылығы (эмоционалдық ұстамдылық; төзімділік; еңбекке жоғары қабілеттілік, сонымен бірге эмоционалдық мазасыздық жағдайда да; өз эмоциясы мен іс-әрекетін өзінің-өзі бақылай алуының жоғары деңгейі; қайсарлық; тәртіптілік; әлеуметтік кемелдену; өз-өзіне сенімділік; үдемелі психикалық жүктеме кезінде төзімділік; әр түрлі жағдайда мақсатқа талпынушылығы мен еңбек өнімділігін сақтай білу қабілеті; қиындықтарды жеңуге дайындығы; сыртқы қысымға қарсы тұра білу қабілеті; стрес-факторларды көтере алуы; сабырлылық; аяқ астынан орын алған импульсивті реакцияны тоқтата алу қабілеті; жүйке жүйесінің дамыған бейімделу қасиеттері (байсалдылық, ширақтылық, белсенділік, жүйке процестерінің қозғалмалы болуы);
4) жоғары коммуникативтік біліктілігі (вербалды және вербалды емес қарым-қатынас құралдарын, оның ішінде адамаралық қарым-қатынаста, сондай-ақ көпшілік алдында сөз сөйлеу кезінде де коммуникативтік ықпал ету құралдарын еркін меңгеру; адамдармен қарым-қатынас орната білу, іскерлік қарым-қатынас, әдептілік, тәрбиелілік, адамдарға ықыластылық білдіру, тілектестілік, әңгімелесушіні тыңдай біліп, оны түсіне алу, өзгелердің пікірін құрметтеу білу, шыдамдылық, түсіністік, жанжал жағдайларды шеше алу қабілеті, сөзінің сенімді болуы және тіл мәдениеті, сөздерінің қысқа болуы, олардың айқындылығы мен анықтылығы);
5) жоғары білім деңгейі (танымдық белсенділігінің, ақыл-ой жұмыс қабілетінің жоғары деңгейі; замануи білімнің қажетті көлемінің, дамыған ой өрісінің, эрудициясының болуы; ойлай алу, елестету, еске сақтау, қабылдау және тілімен жеткізе білуінің дамыған көрсеткіштері).
Судьялар үшін мынадай қасиеттер маңызды болып табылады:
1. аддиктивті іс-әрекетке (құмар ойындарға, алкоголь, есірткі, психотропты немесе психикалық және физикалық тәуелділікті тудыратын өзге де психобелсенді заттарды қолдануға) бейімділіктің жоқтығы;
2. сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрақтылық (өз жағдайына риза болуы, сатылмайтындығы, қоғамдық парыз және қоғамға қызмет ету құндылықтары, әлеуметтік жауапкершілігі, "мен" қоғам үшін деген сезімі);
3. әлеуметке жат пайымдар мен пайдакүнемдік-утилитарлық мотивацияның болмауы;
4. саяси кемелдену, табандылық, бейтараптылық, өзінің қоғам мен мемлекет алдындағы парызын дұрыс түсінуі;
5. жалпы құқықтық мәдениеті мен жоғары деңгейдегі құқықтық сана, дамыған заңи ойлау қабілеті;
6. заңнаманы терең меңгеру және оны практикада қолдана білу қабілеті;
7. жалпы заңи практикалық біліктіліктер мен дағдылар (деректерді зерделеу біліктілігі, нормативтік актілерді табу және түсіну, заң құжаттарын жазу, заң мәселелері бойынша ауызша сөз сөйлеу білу);
8. іскерлік қарым-қатынас, оның ішінде көпшілік алдында сөз сөйлеу біліктілігі;
9. жоғары білім және мәдениет деңгейі, жан-жақты рухани және интеллектуалдық дамуы.