
Конкурстарды жоспарлы алгоритмдер негізінде өткізу бойынша
АНЫҚТАМА
(қолданыстағы заңнама шеңберінде,
заңдарға тиісті түзетулер енгізілгенге дейін )
2019 жылға конкурс жариялаудың келесі кестесін алдын-ала қарастыру ұсынылады:
1-конкурс – 2019 жылы 1 наурызда (жұма), мынадай лауазымдарға:
- аудандық соттар судьялары;
- аудандық соттар төрағалары;
- облыстық соттардың сот алқаларының төрағалары (ақпан және мамыр айларында бос орындар ашылуы жоспарлануда)*;
- Жоғарғы Соттың судьялары (бос орындар бар);
2-конкурс – 2019 жылы 2 шілдеде (сейсенбі), мынадай лауазымдарға:
- аудандық соттар судьялары;
- аудандық соттар төрағалары;
- облыстық сот судьялары;
- облыстық соттардың сот алқаларының төрағалары (қазан айында бос орын ашылуы жоспарлануда)*;
3-конкурс – 2019 жылы 1 қарашада (жұма), мынадай лауазымдарға:
- аудандық сот судьялары;
- аудандық сот төрағалары;
- облыстық сот судьялары;
- Жоғарғы Сот судьялары (бос орындар ашылуы жоспарлануда).
* - облыстық соттардың сот алқалары төрағаларының лауазымына конкурс заңнамаға тиісті түзетулер енгізілген жағдайда жарияланатын болады.
Ескерту:
Конкурс кестесін алдын-ала жариялау конкурстарға қатысатын кандидаттарға, облыстық соттарға және соттар әкімшілеріне тиісті құжаттарды дайындау жұмысын жоспарлауға, Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестердің және облыстық соттардың жалпы отырыстарының, судьялардың кәсіби қызметін бағалау бойынша – Сот жюриінің біліктілік комиссиясының отырыстарын жоспарлауға мүмкіндік береді.
Конкурстарды наурыз, шілде және қараша айларында жариялау ұсынылады, осындай тәсіл қолданылғанда:
- конкурстарды жариялау мерзімдері арасында тең уақыт кезеңі өтеді (4 ай);
- конкурс шілде айында жарияланғанда Сот төрелігі академиясын маусым айында бітірген түлектер қатыса алатын болады.
Бұл ретте кестеде конкурсты жариялауға нақты мерзімді белгілеу ұсынылады, бұл конкурсқа әлеуетті қатысушылардың тиісті құжаттарды алдын-ала әзірлеп, жинап алуына мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, жұмыстың жедел және ыңғайлы болуын арттыру мақсатында кандидаттардың қажетті конкурсқа қатысту жөніндегі өтініштерін құжаттар пакетін қоса бере отырып, кесте жарияланғаннан кейін дереу жіберу ұсынылады.
Яғни, кандидаттар конкурс жарияланғанға дейін Жоғары Сот Кеңесіне өздерінің қандай соттарға конкурсқа қатысуға дайын екені туралы өтініш жібере алады (ол белгілі бір нақты соттар, белгілі бір нақты өңірлердегі соттар, белгілі бір мамандандырылған соттар болуы мүмкін). Бұл материалдарды өңдеуді және бағалау іс-шараларын (цифрлық және бағалау критерийлері, сұхбат алу) тұрақты негізде (өтініштердің түсуіне байланысты) барынша тиімді өткізуге мүмкіндік беретін болады.
Осы мақсатта Жоғары Сот Кеңесінің интернет-ресурсында судьялардың ашылған және болжанатын бос орындары туралы мәліметтерді жариялап, оларды ай сайын жаңартып отыру ұсынылады.
Кейін, судьялардың нақты бос орындарына конкурс жарияланғанда (1 наурызда, 2 шілдеде, 1 қарашада) сондай кандидаттар Жоғары Сот Кеңесіне конкурс жарияланған судьялардың нақты бос орындарын көрсетіп, өтініш пен Сот жюриінің қорытындысын (егер олар жоғары тұрған лауазымдарға конкурсқа қатысса) ұсына алады, сондай-ақ Кеңестің жолдамасы бойынша соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестер мен жалпы отырыстардың қорытындыларын алуға тиіс болады. Бұл ретте осы тәртіп кандидаттарға материалдар мен өтініштерін алдын-ала ғана емес, сондай-ақ судьялардың бос орындарына конкурс жарияланғаннан кейін де жіберуіге кедергі келтірмейді.