
Қазақстан Республикасы
Жоғары Сот Кеңесінің
29.01.2019 жылғы шешімімен
бекітілген
(03.04.2020, 30.09.2021,
20.12.2023 және 14.03.2024
жылғы түзетулерімен бірге)
Аудандық және оған теңестірілген сот төрағасының,
облыстық және оған теңестіріліген сот төрағасының,
сот алқаларының төрағалары мен судьясының,
Жоғарғы Сот судьясы мен сот алқаларының төрағалары
лауазымдарына кадр резервін қалыптастыру және
онымен жұмысты ұйымдастыру
ҚАҒИДАЛАРЫ
1. Жалпы ережелер
1. Аудандық және оған теңестірілген сот (бұдан әрі – аудандық сот) төрағасының, облыстық және оған теңестіріліген сот (бұдан әрі – облыстық сот) төрағасының, сот алқаларының төрағалары мен судьясының, Жоғарғы Сот судьясы мен сот алқаларының төрағалары лауазымдарына кадр резервіне (бұдан әрі – кадр резерві) қабылдау осы Қағидаларға сәйкес жүргізіледі.
1-1. Кадр резервіне қабылдау үшін іріктеу рәсімдеріне жіберілген судьялар кадр резервіне қабылдауға кандидаттар (бұдан әрі – кадр резервіне кандидаттар) болып табылады.
2. Кадр резервіне «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының біліктілік талаптарына және осы Қағидаларға сәйкес келетін, жұмыс көрсеткіштері жақсы, беделі мінсіз және ұйымдастырушылық қабілеті бар жұмыс істеп жүрген судьялар қабылданады.
3. Кандидаттарды бағалау және іріктеу кезінде, сондай-ақ олардың кандидатураларын Жоғары Сот Кеңесінің (бұдан әрі – Кеңес) отырыстарында, Жоғарғы Соттың, облыстық соттардың жалпы отырыстарында судьялардың бос орындарына талқылау кезінде басымдық кадр резервінде тұрған судьяларға беріледі.
4. Судьяларды кадр резервіне қабылдау жөніндегі іріктеу жұмысты ұйымдастыру үшін Кеңес жанында Кадр резерві жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрылады.
2. Комиссияны құру және оның құзыреті
5. Комиссияның құрамы мен төрағасын Кеңес бекітеді.
6. Комиссия құрамына:
1) Кеңестің үш мүшесі;
2) жұмыс істеп жүрген үш судья;
3) мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органнан, заңгерлер қауымдастығынан бір-бір өкілден және HR-менеджмент салысындағы маман кіреді.
7. Комиссия мүшелері өкілеттігінің мерзімі – үш жыл. Осы мерзім өткеннен кейін Комиссия мүшелерін Комиссия құрамынан шығару туралы Кеңес шешімі қабылдағанға дейін олар өз өкілеттігін жүзеге асыруды жалғастыра береді.
8. Кеңесте қарау үшін Комиссия құрамына жұмыс істеп жүрген судьялар арасынан кандидаттар Жоғарғы Соттың кеңейтілген жалпы отырысы шешімінің негізінде енгізіледі.
9. Кеңес Комиссия төрағасын Комиссияның Кеңес өкілдерінің арасындағы мүшелерінің ішінен тағайындайды.
10. Комиссия қызметін Кеңес аппаратының тиісті құрылымдық бөлімшесі (бұдан әрі – жұмыс органы) қамтамасыз етеді.
11. Комиссия отырыстары қажеттігіне қарай өткізіледі.
Комиссия отырыстары бейнеконференцбайланыс, сондай-ақ басқа да техникалық байланыс құралдары пайдаланылып өткізілуі мүмкін.
Кандидаттарды бағалау және кадр резервіне іріктеу рәсімдеріне жіберу мәселелері бойынша, сондай-ақ кадр резервіне қабылдау үшін кандидаттарды іріктеу мәселелері бойынша Кеңестің Төрағасы мен тұрақты мүшелерінің қатысуымен Комиссияның кеңейтілген отырыстары өткізілуі мүмкін. Кеңес Төрағасы Комиссияның кеңейтілген отырыстарына төрағалық ете алады.
12. Комиссия төрағасы оның жұмысын ұйымдастырады, қызметін үйлестіреді, кадр резервімен жұмысты ұйымдастыруды жақсарту жөнінде ұсыныстар енгізеді, кадр резервінің жұмысын талдайды және ол туралы Кеңесті және Кеңес Төрағасын хабардар етеді.
13. Жұмыс органы Комиссия отырыстары хаттамаларының жасалуын, олардың дыбыс-, бейнежазбаларының жүргізілуін қамтамасыз етеді, сондай-ақ кадр резерві жөніндегі құжаттамаға тиісті өзгерістерді уақтылы енгізіп отырады.
14. Комиссия мүшелері кадр резервіне кандидаттар бойынша ұсыныстар енгізеді, кандидаттардың жеке және іскерлік қасиеттерін тексеруді жүзеге асырады, резервте тұрған судьяларға қатысты келіп түскен шағымдар мен өтініштерді Кеңес Төрағасының тапсырмасы бойынша тексереді, кадр резервінде тұрған судьялардың біліктілігін арттыру жөніндегі іс-шараларға қатысады.
15. Комиссия кадр резервіне қабылдау туралы арыз берген кандидатқа қатысты құжаттар мен материалдарды соттардан, сот әкімшілігі саласындағы уәкілетті мемлекеттік органнан сұратып алдыруға құқылы.
16. Комиссия кадр резервін:
1) аудандық соттың төрағасы;
2) облыстық соттың судьясы;
3) облыстық соттың сот алқаларының төрағалары;
4) облыстық соттың төрағасы;
5) Жоғарғы Соттың судьясы;
6) Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары лауазымдары бойынша қалыптастырады.
17. Комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және оған отырысқа қатысып отырған мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берген жағдайда шешім қабылданды деп есептеледі.
Комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді, оған Комиссияның төрағасы қол қояды.
Комиссияның кеңейтілген отырыстарының хаттамаларына төрағалық етуші және Комиссия төрағасы қол қояды.
3. Кандидаттарды кадр резервіне іріктеуді жүргізу тәртібі мен шарттары
18. Кадр резервіне:
1) аудандық сот төрағасының лауазымына – тиісті біліктілігі бар және беделі мінсіз, сондай-ақ ұйымдастырушылық қабілеттері бар судьялар;
2) облыстық сот судьясының лауазымына – заңгерлік мамандығы бойынша кемінде он бес жыл жұмыс өтілі немесе судья қызметінде кемінде бес жыл жұмыс өтілі, тиісті біліктілігі бар және беделі мінсіз судьялар;
3) облыстық соттың сот алқаларының төрағалары мен төрағасының лауазымдарына – тиісті біліктілігі бар, беделі мінсіз және ұйымдастырушылық қабілеттері бар облыстық соттардың судьялары, сондай-ақ судья қызметінде кемінде он жыл жұмыс өтілі бар судьялар;
4) Жоғарғы Сот судьясының лауазымына – заңгерлік мамандығы бойынша кемінде жиырма жыл жұмыс өтілі, оның кемінде он жылы судья қызметінде, оның ішінде бес жылы облыстық сот судьясы қызметіндегі жұмыс өтілі, тиісті біліктілігі бар және беделі мінсіз судьялар;
5) Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары лауазымдарына – Жоғарғы Сот судьялары тұруға құқылы.
19. Кадр резервіне қабылдау тәртібі төмен тұрған қызметтен жоғары тұрған қызметке рет-ретімен ауысу қағидатына негізделеді.
Жоғары тұрған соттардың судьялары төмен тұрған соттардағы басшылық лауазымдарға резервтен тыс тағайындалуы мүмкін.
20. алып тасталды
21. Резерв лауазым санатына қарай төменде көрсетілген тәртіп бойынша қалыптастырылады:
1) Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары лауазымдарына – бөлек, әрбір алқа бойынша (азаматтық, қылмыстық немесе әкімшілік істер жөніндегі) жеке;
2) Жоғарғы Соттың судьясы лауазымына – бірыңғай резерв, маманданымына байланысты емес;
3) облыстық сот төрағасының лауазымына – бірыңғай резерв, облыстық соттың орналасқан жеріне байланысты емес;
4) облыстық соттың сот алқаларының төрағалары лауазымдарына – бөлек, әрбір алқа бойынша (азаматтық, қылмыстық немесе әкімшілік істер жөніндегі);
5) облыстық сот судьясының қызметіне – әрбір облыстық сот бойынша бөлек резерв;
6) аудандық сот төрағасының лауазымына – әрбір аудандық сот бойынша бөлек резерв. Бір судья бірнеше аудандық сотқа, барлық аудандық соттарға, нақты бір облыстағы аудандық соттарға, облыс орталықтарында орналасқан аудандық соттарға, белгілі бір маманданым бойынша соттарға (экономикалық, әкімшілік және т.б.) резервте тұра алады.
22. Кадр резервіне кандидаттар осы Қағидалардың 21-тармағында көрсетілген талаптар ескеріле отырып, тиісті білімі болған жағдайда судья лауазымдарының бірнеше санатына немесе бірнеше сот не өңірлер бойынша (мысалы, азаматтық, қылмыстық немесе әкімшілік істер жөніндегі сот алқалары төрағасы лауазымына) кадр резервіне қабылдау жөнінде арыздар беріп, резервке тұра алады.
Арызда қажетті ақпарат (кандидат кадр резервіне тұруға ниет білдірген нақты судья лауазымы, тиісті соттың маманданымы мен атауы не өңір) көрсетілмеген жағдайда, арыз қаралуға жатпайды.
23. Жоғарғы Сот Төрағасы мен Кеңес Төрағасы, сондай-ақ облыстық соттар мен Жоғарғы Соттың жалпы отырыстары нақты кандидатты кадр резервіне қабылдау туралы мәселені Комиссияның қарауына енгізуге құқылы.
Жоғарғы Сот Төрағасы мен Кеңес Төрағасы судьялық лауазымдардың барлық санаттарына кадр резервіне кандидаттарды қабылдау туралы мәселені Комиссияның қарауына енгізе алады.
Облыстық соттардың жалпы отырыстары кадр резервіне кандидаттарды аудандық сот төрағасының, облыстық соттың судьясы мен сот алқалары төрағаларының лауазымдарына, ал Жоғарғы Соттың жалпы отырысы – облыстық сот төрағасы, Жоғарғы Соттың судьясы мен сот алқалары төрағаларының лауазымдарына қабылдау туралы қорытындылар шығара алады.
Бұл ретте кандидаттың резервке тұруға келісімінің болуы міндетті болып табылады.
Жоғарғы Сот Төрағасы, Кеңес Төрағасы, сондай-ақ облыстық соттар мен Жоғарғы Соттың жалпы отырыстары ұсынған кандидатураларды біліктілік талаптарына сәйкестігіне тексергеннен кейін Комиссияның жұмыс органы әрбір кандидаттың келісімін сұратады және келісім болған жағдайда олар кадр резервіне қабылдау үшін бағалау және іріктеу рәсімдеріне жіберілген судьялардың тізімдеріне енгізіледі.
24. Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның жұмыс істеп жүрген судьялардың кәсіби қызметін бағалау нәтижелері бойынша жоғары тұрған лауазымға (жоғары тұрған сот сатысына) кадр резервіне алуға ұсыным жасау туралы шешімі Комиссияның судьяны кадр резервіне алу туралы мәселені қарауына негіз болып табылады.
25. Кеңес кадр резервіне тұруға ниет білдірген судьялардан арыздар қабылдауды жариялайды. Арыздарды қабылдау мерзімі – кемінде күнтізбелік 45 күн.
Судья оны кадр резервіне қабылдау туралы мәселені қарау үшін Кеңеске құжат айналымының электрондық жүйесі бойынша арыз жібереді. Арыз Комиссия төрағасының атына беріледі, онда судьяның аты-жөні, лауазымы, байланыс телефоны, берілген күні көрсетіледі.
Арызда судья қандай лауазымға (лауазымдарға) кадр резервіне тұрғысы келетінін, сондай-ақ таңдалған лауазымға байланысты – соттың, сот алқасының маманданымын, соттың атауын не республика өңірлерін міндетті түрде көрсетеді.
Комиссия судьяның жұмыс көрсеткіштерін, тәртіптік жауапкершілікке тартылуы туралы, оның іс-әрекеттеріне түскен шағымдар туралы, жоғары тұрған сот сатыларының ескерту хаттары туралы және облыстық соттардың жалпы отырыстарында болған талқылаулар туралы мәліметтерді (мазмұны қысқаша баяндалып, қарау нәтижелері мен қабылданған шаралар көрсетіледі) облыстық соттардан өзі сұратады.
26. Комиссия Жоғарғы Сот Төрағасынан облыстық сот төрағасы, Жоғарғы Соттың судьясы мен сот алқаларының төрағалары лауазымдарына кадр резервіне кандидатуралар бойынша пікір сұратады.
Жоғарғы Сот Төрағасының пікірі Комиссия үшін ұсынымдық сипатта болады.
27. Кандидаттарды іріктеу процесі мынадай тізбекті кезеңдерден тұрады:
1) осы Қағидаларда көзделген арыздарды қабылдау;
2) кадр резервіне қабылдау үшін арыздар тапсырған судьялардың материалдарын жұмыс органының алдын ала қарауы;
3) кандидаттарды заңнамада белгіленген талаптарға сәйкестігін анықтау негізінде резервке іріктеу рәсімдеріне жіберу. Судьяларды бағалау және кадр резервіне іріктеу рәсімдеріне жіберу/жібермеу туралы шешім жұмыс органы дайындаған қорытынды негізінде Комиссияның кеңейтілген отырысында қабылданады. Кадр резервіне іріктеу рәсімдеріне жіберілген кандидаттар анықталған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде осы адамдардың тізімі жұртшылықтың пікірін жинау үшін Кеңестің интернет-ресурсында жарияланады;
4) Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестердің және облыстық соттар мен Жоғарғы Соттың жалпы отырыстарының қорытындыларын, Жоғарғы Сот Төрағасының пікірін алу мақсатында кадр резервіне іріктеу рәсімдеріне жіберілген кандидаттар тізімін облыстық соттарға және Жоғарғы Сотқа жіберу. Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестердің қорытындыларын алу тәртібі Кеңес регламентінің 50-тармағында көзделген ережелер бойынша жүзеге асырылады;
5) цифрлық кезең – кадр резервіне кандидаттардың балдарын арнайы ақпараттық жүйенің цифрландырылған өлшемдер бойынша есептеуі;
6) бағалау кезеңі – кадр резервіне кандидаттарды Комиссия мүшелерінің бағалау өлшемдер бойынша жазбаша түрде жеке бағалауы, олардың орташа балы арнайы ақпараттық жүйеге енгізіледі;
7) алып тасталды;
8) Комиссияның кадр резервіне кандидаттарды қабылдауға алдын ала іріктеуі;
9) Комиссияның кадр резервіне кандидаттарды қабылдауға тізімді Кеңестің қарауына шығаруы;
10) Кеңестің кадр резервін бекітуі.
Кадр резервіне қабылданған кандидаттар өздері кадр резервінде сол бос судья лауазымына тұрған орынға конкурсқа қатысқан кезде көрсетілген кезеңдерден қайта өтуден босатылады.
Бағалау және цифрлық кезеңдердің нәтижелері олардан өткен күннен бастап үш жыл бойы өз күшін сақтайды.
Комиссия резервке қабылдау үшін кандидаттардың қорытынды тізімін жылына кемінде бір рет қалыптастырады.
28. алып тасталды.
29. алып тасталды.
30. Жалпы отырыстардың және соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестердің қорытындылары Комиссия үшін ұсынымдық сипатта болады.
31. Әрбір лауазым бойынша резервте тұратын адамдардың саны шектелмейді және:
1) кандидаттардың алдыңғы кезеңдерде алған балдары;
2) нақты бос орнынға сұраныс ескеріліп, белгіленеді.
32. Жоғары тұрған судьялық лауазымдарға резервте тұру мерзімі – үш жыл, басшы судьялық лауазымдарға – бес жыл, ол мерзім өткеннен кейін не аяқталғанға дейін күні бұрын судья резервке қабылдау жөнінде қайта арыз бере алады.
33. Жаңадан тағайындалған судьялар екі жыл судья болып жұмыс істегеннен кейін және судьяның кәсіби қызметін бағалаудан өткеннен кейін ғана кадр резервіне қабылдануы мүмкін.
34. Кадр резервіне іріктеудің барлық кезеңдерін өту нәтижелері бойынша Комиссия кадр резервіне қабылдау туралы шешім шығарады, ол әрбір кандидатқа қатысты жеке қабылданады.
Шешімде кандидат кадр резервіне қандай лауазымға қабылдау үшін ұсынылғаны көрсетілуі тиіс.
35. Комиссия шешімі Кеңестің қарауына енгізіледі, ол кадр резервін бекіту туралы шешімді қабылдайды.
36. Кеңес аппараты тұрақты негізде кадр резервінің жай-күйіне мониторинг жүргізеді.
37. Кадр резервінен шығару:
1) резервте тұрған судьяның арызы бойынша;
2) ескерту түріндегі тәртіптік жазаны қолдану жағдайларын қоспағанда, судьяның тәртіптік жауапкершілікке тартылуына байланысты;
3) «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңда көрсетілген негіздер бойынша судья қызметінен босатылуына байланысты;
4) алып тасталды;
5) алып тасталды;
6) облыстық сот төрағасы ұйымдастырған жеке жоспар бойынша арнайы дайындықтан өтуден бас тартуы негіздері бойынша Комиссияның шешімімен жүргізіледі.
Резервте тұрған судьяның өзі сол судья лауазымына резервте тұрған немесе басқа жоғары тұрған не басшылық судьялық лауазымға тағайындалуы немесе сайлануы, оны кадр резервінен шығару үшін негіз болып табылады.
38. 37-тармақтың 6) тармақшасында көрсетілген негіздердің пайда болуы туралы облыстық соттар ол туындаған немесе анықталған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде Комиссияға хабарлауға тиіс.
39. Судьяны кадр резервінен шығарған кезде Комиссия тексеру жүргізуі мүмкін, бұл ретте резервтен шығарылатын адам Комиссия отырысында түсініктемелер беруге құқылы.
40. Комиссияның кадр резервінен шығару туралы шешімі Кеңестің бекітуін талап етпейді.
41. Кадр резервінен шығарылған адамдардың тізімі Кеңестің интернет-ресурсында орналастырылады.
42. Комиссия оларға қатысты кадр резервінен шығару туралы шешім қабылдаған адамдар Комиссияның шешімімен танысқаннан кейін 5 жұмыс күні ішінде Комиссияның шешіміне Кеңеске шағымдануға құқылы.
43. Кеңестің Комиссия шешімінің күшін жоюы Комиссияның оны қайта қарауы үшін негіз болып табылады.
44. Кадр резервіне қабылданған және одан шығарылған адамдардың тізімі тұрақты негізде Кеңестің интернет-ресурсында орналастырылады.
45. Комиссия облыстық соттардың кадр резервімен жүргізген жұмысын талдайды және ол туралы Кеңес Төрағасына ақпарат береді, оның тапсырмасы бойынша сол жұмыстың жай-күйімен танысу үшін жергілікті жерлерге барады.
46. алып тасталды
4. Кадр резервімен жұмысты ұйымдастыру
47. Облыстық соттардың төрағалары және Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясы резервте тұрған судьялардың іскерлік және моральдық қасиеттерін терең зерделеу, олардың кәсіби шеберлігін арттыру және ұйымдастырушылық дағдыларын жетілдіру бойынша іс-шараларды жүзеге асырады.
Осы мақсатта кадр резервіне қабылданған судьялар резервте тұрған кезеңде облыстық соттың төрағасы бекіткен жеке жоспар бойынша арнайы дайындықтан өтеді, онда:
1) тағылымдамадан өту және біліктілікті арттыру;
2) кәсіби деңгейді арттыруға бағытталған кеңестер, алқалар, оқу-әдістемелік семинарлар, ғылыми-практикалық конференциялар жұмысына және басқа да іс-шараларға қатысу;
3) төраға еңбек демалысында, іссапарда немесе уақытша еңбекке жарамсыз болған кезде оның міндеттерін сол лауазымға ұсынылып отырған судьяға уақытша атқаруды жүктеу;
4) қолданыстағы заңнамаға қайшы келмейтін басқа да іс-шаралар өткізу қарастырылады.
48. Сонымен қатар, кадр резервіне қабылданған судьялар Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясында біліктіліктерін арттыру курстарынан өтеді.
49. Облыстық соттар мен Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясы резервте тұрған судьялармен жүргізген жұмысы туралы Комиссияға жартыжылдық сайын ақпарат береді.