Кандидаттарды судьялардың бос орындарына конкурстық іріктеудің негізгі критерийлері мен оларды қолдану тәртібі
(Жоғары Сот Кеңесінің 2018 жылғы 18 мамырдағы отырысында бекітілді)
Судьяларды іріктеу критерийлері
«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 29-бабына және «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» Заңның 18-бабының 2-тармағына сәйкес аудандық сот судьяларының бос лауазымдарына кандидаттарды іріктеудің негізгі критерийлері мынадай:
1) білім деңгейінің жоғары болуы;
2) моральдық-адамгершілік қасиеттерінің жоғары болуы;
3) беделінің мінсіз болуы, ал жұмыс істеп жүрген судьяларда судья қызметіндегі жұмыс өтілі мен сот төрелігін атқару сапасы қосымша бағаланады.
Аталған қасиеттерді анықтайтын критерийлер екі блокқа бөлінді:
1) цифрландыруға жатады;
2) бағалануға жатады.
Цифландыруға жататын критерийлер бойынша балдарды компьютерлік бағдарлама автоматты түрде есептейтін болады.
Цифрландыруға жататын критерийлерге мыналар жатады (судьялыққа кандидаттар үшін):
1) біліктілік емтиханын тапсыру нәтижелері;
2) мамандандырылған магистратураны бітіруі;
3) сот ісін жүргізуге қатысуына байланысты (сот отырысының хатшысы, прокурор, адвокат) жұмыс өтілі;
4) заң мамандығы бойынша өтілі;
5) ғылыми дәрежесінің немесе ғылыми атағының болуы;
6) мамандандырылған соттардың судьялары үшін арнайы жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімінің болуы;
7) құқық магистрі дәрежесінің болуы;
8) дипломының орташа бағасының нәтижелері.
Жұмыс істеп жүрген судьялар қатарынан кандидаттар үшін, сондай-ақ облыстық соттың судьясы лауазымына кандидаттар үшін цифрлық критерийлерге мыналар жатады:
1) алынып тасталмаған тәртіптік жазаларының болмауы;
2) расталған шағымдардың болмауы;
3) судьялық жұмыс өтілі;
4) ғылыми дәрежесінің немесе ғылыми атағының болуы;
5) мамандандырылған соттардың судьялары үшін арнайы жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімінің болуы;
6) біліктілігін арттыру туралы сертификаттардың болуы.
Аудандық соттың төрағасы лауазымына кандидаттар үшін оның осы лауазымға кадрлық резервте болуы критерийі, ал Жоғарғы Соттың судьясы лауазымына кандидаттар үшін – оның сондай-ақ облыстық соттың сот алқасының төрағасы немесе мамандандырылған соттың төрағасы болған кезіндегі жұмыс өтілі қосылады.
Бағаланатын критерийлерге мыналар жатады (судьялыққа кандидаттар үшін):
1) психологиялық тестілеудің қорытындысы;
2) коммуникативтік дағылары (сұхбат жүргізу арқылы).
3) тұратын жері бойынша облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысы;
4) Соттармен өзара іс-қимыл жасау кеңесінің қорытындысы;
5) ақысы төленетін бір жылдық тағылымдамадан өту (тағылымдамадан өту);
6) жұмыс орны бойынша мінездеме, ол стандарттар бойынша ұсыным хатқа сәйкес келтірілуге тиіс, онда кандидаттың қасиеттеріне оң, сондай-ақ теріс бағалау да қамтылады;
7) жақын туыстары бойынша әшкерелейтін мәліметтердің (қылмыстық жауапкершілікке тартылуы және т.б.) болмауы;
8) судья лауазымына конкурсқа үш реттен көп қатысу (барлық басқа критерийлер тең болған кезде ғана ескеріледі);
9) әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылуы, орындалмаған салықтық, алименттік және өзге де міндеттемелерінің болуы;
10) полиграфологиялық зерделеу қорытындысы;
Жұмыс істеп жүрген судьялар қатарынан кандидаттар үшін бағаланатын критерийлерге мыналар жатады:
1) қазіргі уақыттағы маманданымы (қазіргі уақытта қандай юрисдикциядағы сотта жұмыс істейді);
2) маманданымдар бойынша жұмыс өтілі (қандай юрисдикциядағы соттарда жұмыс тәжірибесі бар (азаюына қарай);
3) сот төрелігін атқару сапасы (күші жойылған және өзгертілген сот актілерінің саны, объективті себептермен күші жойылған және өзгертілген сот актілері қосылмайды);
4) расталған шағымдар санының аз болуы;
5) тұратын жері бойынша облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысы;
6) Соттармен өзара іс-қимыл жасау кеңесінің қорытындысы;
7) жұмыс орны бойынша мінездеме, ол стандарттар бойынша ұсыным хатқа сәйкес келтірілуге тиіс, онда кандидаттың қасиеттеріне оң, сондай-ақ теріс бағалау да қамтылады;
8) атқарып отырған қызметінде жұмыс істеген уақыты (соңғы рет қызметке қашан тағайындалды);
11) әкімшілік жауапкершілікке тартылуы, орындалмаған салықтық, алименттік және өзге де міндеттемелерінің болуы;
12) жақын туыстары бойынша әшкерелейтін мәліметтердің болмауы (қылмыстық жауапкершілікке тартылуы және т.б.);
13) судья лауазымына конкурсқа үш реттен көп қатысу (барлық басқа критерийлер тең болған кезде ғана ескеріледі).
Мына төмендегі кандидаттар үшін қосымша критерийлер енгізіледі: аудандық соттың төрағасы лауазымына кандидаттар үшін – кепілгерліктердің және ұйымдастырушылық қабілеттерінің, сондай-ақ бағалау қорытындылары бойынша Сот жюриі қорытындысының болуы, облыстық соттың судьясы лауазымына кандидаттар үшін – сондай-ақ тиісті облыстық соттың жалпы отырысы қорытындысының болуы (ұйымдастырушылық қабілеттерінің болуы критерийі қолданылмайды),Жоғарғы Соттың судьясы лауазымына кандидаттар үшін – ұйымдастырушылық қабілеттері мен облыстық соттың қорытындысы критерийлері қолданылмайды (оның орнына Жоғарғы Соттың қорытынды қолданылады).
Цифрландыруға жатпайтын бағалау сипатындағы қосымша критерийлер кандидаттың моральдық-адамгершілік қасиеттері мен беделін білдіретін болғандықтан, яғни онда жеке-дара тәсілді қолдану қажет болғандықтан, олар бойынша балдарды Кеңестің тұрақты мүшелері береді.
Цифрландыруға жататын критерийлерді бағалау әдістемесі
Судьялыққа кандидаттарды бағалаудың негізгі критерийі біліктілік емтиханын тапсыру нәтижесі болып табылады, ол 100 балдық шкала бойынша бағаланады.
Егер емтиханның жеке кезеңі 5 балдық шкала бойынша есептелген болса, онда ол 100 балдық жүйеге көшіріледі (5 =100, 4=90, 3=80). Қорытынды баға олардың орташа арифметикалық бағасы түрінде шығарылады.
Мысалы, компьютерлік тестілудің нәтижесі – 83 балл, ал емтихан билеттері бойынша – 5 балл. Мұнда 5 балл 100 балға теңеледі. Бұл ретте, осы екі бағаның орташа арифметикалық бағасы (83+100)/2=91,5 болады.
Білім деңгейінің басқа критерийлері жиынтықпен қаралады, олардың балдарының сомасы белгіленген шектерден аспайды.
Білім деңгейін бағалаудың барлық критерийлері, жұмыс өтілін есептемегенде, бес балдық жүйе бойынша бағаланады.
Кәдімгі заң мамандағы бойынша жұмыс өтілімен салыстырғанда, сот процесіне қатысуына байланысты арнайы жұмыс өтіліне басымдық беріледі («Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 29-бабы және «Жоғары Сот Кеңесі туралы» Заңның 18-бабы).
Жұмыс істеп жүрген судьялар қатарынан кандидаттар үшін балдарды есептеген кезде оның судьялық өтілі, сондай-ақ тәртіптік жазалары мен расталған шағымдардың болмауы негізге алынады.
Жұмыс істеп жүрген судьялар үшін цифрлық балдардың саны белгіленген шектерден аспайды, ал аудандық соттардың төрағалары мен Жоғарғы Соттың судьясы лауазымдарына кандидаттар үшін одан асып кетуі мүмкін, өйткені олар үшін кадрлық резервте болуы және облыстық сот алқасының төрағасы немесе мамандандырылған соттың төрағасы болған кезіндегі жұмыс өтілі ескеріледі.
Компьютерлік бағдарлама балдарды автоматты түрде есептеп, нақты судья лауазымына барлық кандидаттарды балдарының азаюына қарай (ең жоғары балл алған адамдардан төмен балл алғандарға қарай) түзеді.
Осыдан кейін барлық осы кандидаттар бағаланатын критерийлер бойынша қаралады.
Бағаланатын сипаттағы критерийлерді есептеу әдістемесі
Бағаланатын критерийлерді қараған кезде Кеңестің тұрақты мүшелері әрбір бағаланатын критерий бойынша балдар қойылатын арнайы сауалнаманы жеке-дара толтырады. Объективтілігі мақсатында сауалнама үш жыл сақталатын болады.
Осы балдар қосылып, кандидаттарды іріктеу кезінде қолданылады.
Бұл ретте судьялыққа кандидаттарды бағалау процесінде жеке әдістеме бойынша бағаланатын психологиялық тестілеу нәтижелері мен коммуникативтік дағдыларға жоғары басымдық беріледі.
Осы кезеңде Кеңестің тұрақты мүшелері кандидаттардан түсініктемелер алып, оларға сұрақтар қойып, сұхбат (оның ішінде бейнеконференцбайланыс жүйесі арқылы) жүргізе алады. Сұхбат жүргізу және оны бағалау тәртібі де регламенттелетін болады.
Сұхбат барлық кандидаттармен жүргізілмейді, ал ең жоғары балл жинаған бірнешеуімен (нақты лауазымға үміткер адамдардың санына қарай екі-бес кандидатпен) жүргізіледі.
Осы кезеңнің қорытындылары бойынша кандидаттар түпкілікті шешім қабылдау үшін Кеңестің толық құрамдағы отырысында қаралатын болады.
Отырыста қарау үшін үміткерлердің жалпы санына қарай, бір, сондай-ақ бірнеше кандидат ұсынылуы мүмкін.
Бұл ретте Кеңес отырысына Жоғарғы Соттың судьясы лауазымына кандидаттар міндетті түрде, ал облыстық соттың судьясы, аудандық соттың төрағасы мен судьясы лауазымдарына кандидаттар – Кеңестің қарауы бойынша шақырылатын болады. Жергілікті және оған теңестірілген соттардың судьялары лауазымдарына кандидаттарды Кеңес мүшелері бейнеконференцбайланыс жүйесі арқылы тыңдай алады.
Кеңестің барлық мүшелерінің қатысуымен өтетін қорытынды дауыс беруді Кеңестің Регламентінде белгіленген тәртіппен Жоғары Сот Кеңесінің отырыстарын онлайн-көрсету жүйесін (ондай жүйе орнатылып, қолданысқа енгізілгеннен кейін) пайдаланып, өткізу жоспарлануда.
Барлық жоғарыда көрсетілген критерийлер, оларды қолдану тәртібі және эссе мен сұхбат өткізу әдістемелері Кеңестің Регламентінде толық жазылатын болады.
Көрсетілген критерийлерді практикалық қолдану қорытындылары бойынша, кейін мамандандырылған соттардың судьялары лауазымдарына кандидаттар үшін жеке сараланған критерийлер әзірленетін болады.