Конкурстық негізде агроқұрылымдарға жер учаскелерін беру тәртібі

Конкурстық негізде агроқұрылымдарға жер учаскелерін беру тәртібі

Жер заңнамасына сәйкес шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер учаскелерін беру шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурс негізінде жүзеге асырылады.

Конкурсты өткізу және ұйымдастыру тәртібі Қазақстан Республикасының Жер кодексінде және 2018 жылғы 20 желтоқсандағы № 518 шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты ұйымдастыру және өткізу қағидаларында айқындалған.

Жыл сайын аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың әкімдіктері бұрын келіп түскен өтінімдерді ескере отырып, конкурсқа шығарылатын жер учаскелерінің тізбесін қалыптастыруды, келісуді және бекітуді жүзеге асырады.

Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер учаскелеріне құқық беруге мүдделі тұлғалар мүдделі бос жер учаскесін конкурсқа шығару туралы жер учаскесінің орналасқан жері бойынша жергілікті атқарушы органға оның орналасқан жерінің схемасын қоса бере отырып өтінішхат бере алады немесе жарияланған конкурстарға қатыса алады.

Конкурс өткізу туралы ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін әкімдіктер конкурс өткізу туралы хабарламаны өңірдің баспа басылымдарында, өзінің интернет-ресурсында және халық үшін қолжетімді орындарда арнайы ақпараттық стенділерде орналастырады.

Конкурсқа қатысуға өтінім қағаз жеткізгіште қолма қол не почта арқылы өтінімдерді ұсыну мерзімі аяқталғанға дейін беріледі және мыналарды қамтуға тиіс: Қазақстан Республикасының мемлекеттік емес заңды тұлғалары үшін – заңды тұлғаның атауы, оның тұрған жері, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелуі (қайта тіркелуі) туралы мәліметтер, жарғылық капиталдағы (жарғылық капиталдың жалпы мөлшерінен) үлестерінің мөлшері көрсетіле отырып, өтінім берушінің – заңды тұлғаның басшылары мен қатысушылары немесе акционерлері туралы мәліметтер, өтінім берушінің үлестес тұлғалары туралы мәліметтер; жеке тұлғалар үшін – өтінім берушінің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), тұрғылықты жері, азаматтығы, жеке сәйкестендіру нөмірі, өтінім берушінің жеке басын куәландыратын құжат туралы мәліметтер; өтінім беруші үміттеніп отырған жер учаскесінің орналасқан жері; конкурстық ұсыныс; уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі шартты жасасу жөніндегі міндеттеме.

Конкурстық ұсыныста: бизнес-жоспар (инвестициялардың болжамды көлемі, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру алаңдары, ауыл шаруашылығы жануарларының мал басы, қолданылатын агротехнологиялар, ауыл шаруашылығы техникасы мен технологиялық жабдықтың, ауыл шаруашылығы саласындағы білікті мамандардың болуы, ашылатын жұмыс орындарының саны); шаруашылықішілік жерге орналастыру жобасын жасау және игеру, ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту іс-шараларын орындау жөніндегі міндеттемелер; ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді ұтымды пайдалану қағидаларын және жайылымдарды ұтымды пайдалану қағидаларын қоса алғанда, Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын орындау, өңірдің мамандануына сәйкес ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңдары құрылымын әртараптандыру бойынша индикативтік көрсеткіштерді орындау, ғылыми негізделген агротехнологияларды, фитосанитариялық және карантиндік талаптарды сақтау жөніндегі міндеттемелер қамтылуға тиіс.

Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың әкімдіктері конкурс өткізу туралы хабарлама алғаш жарияланған күннен бастап күнтізбелік отыз күн өткен соң өтінімдерді қабылдауды бастайды, ал қайталама конкурс өткізілген жағдайда – күнтізбелік он бес күн өткен соң.

Конкурсқа қатысуға өтінімдерді қабылдау және тіркеу өтінімдерді қабылдау басталған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде, ал қайта конкурс өткізілген жағдайда – он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

Конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерді беру мерзімі аяқталғаннан кейін келесі күні жер комиссиясы түскен жабық конверттерді ашу жолымен (конкурсқа қатысушылардың қатысуынсыз) конкурстың қорытындысын шығарады.

Жер комиссиясы бизнес-жоспар бойынша, оның ішінде конкурстық ұсыныста көрсетілген инвестициялардың болжамды көлемі бойынша балл беру жолымен барлық өтінімдерді зерделейді, бағалайды, салыстырады.

Ең жоғары балл жинаған қатысушы жеңімпаз деп танылады. Тартылатын инвестициялардың ұсынылатын көлемі бойынша екі немесе одан да көп конкурстық ұсыныстардың балдары тең болған кезде конкурстың жеңімпазы комиссия мүшелерінің ашық дауыс беруі жолымен айқындалады. Бұл жағдайда ең жоғары балл жинаған қатысушы және комиссия мүшелерінің көпшілік дауысы жеңімпаз деп танылады.

Жер комиссиясының конкурс қорытындылары туралы хаттамалық шешіміне сотқа шағым жасалуы мүмкін. Сотқа өтініш беру жер комиссиясының хаттамалық шешімінің орындалуын тоқтата тұрады.

Жер комиссиясының конкурс қорытындылары туралы хаттамалық қорытындысының негізінде әкімдік жер пайдалану құқығын беру туралы шешім қабылдайды және шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) шартын жасайды.