Қазіргі таңда аудан бойынша дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын халықтың үлесі 32,4 пайызды, ал 7-18 жас аралығындағы жасөспірімдер мен балалардың үлесі 16,8 пайызды құрап отыр. Бұқаралық спортты дамыту барысында жыл басынан бері 93 спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып өткізілді. Атап айтқанда, 42 аудандық, 14 облыстық, 1 республикалық және 1 халықаралық деңгейде. Аталмыш жарыстарға барлығы 7 мыңнан аса адам қатысты.
Бүгінгі күні ауданда 109 спорттық нысан бар, оның 71 ауылдық елді мекенде орналасқан. Ал, 23 нысан орта білім беру мектептерінің спорт залдары.
Аудан тұрғындарының спортпен шұғылдануы үшін тек жабық жүзу бассейнінен басқа жоғарыда аталған барлық спорттық нысандар ақысыз түрде қызмет көрсетеді. Жабық жүзу бассейні ересектерге ақылы түрде, оқушыларға тегін қызмет көрсетсе, 29 жасқа дейінгі жастарға 50 пайыз жеңілдік жасалынып отыр.
Аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде спорттың 6 түрінен, аудандық бұқаралық спортты дамыту орталығында 11 түрінен спорттық үйірмелер ақысыз жұмыс жасайды және үйірмелердің кестесі екі ауысымда оқитын оқушылар үшін де ыңғайлы жасалынған.
Аталмыш мекемелердің жаттықтырушылары тек мектеп жасындағы оқушылар мен жасөспірімдермен ғана емес, сонымен қатар, аудан жастарымен де жаттығу жұмыстарын жүргізеді.
Осы мақсатта аудан мектептерінің спорт залдары сабақтан тыс кешкі уақытта аудан мекемелеріне кесте бойынша апта күндеріне бөлініп, жауапты жаттықтырушы бекітіліп берілген.
Аудандық спорт мектебі мен аудандық бұқаралық спортты дамыту орталығының 6 спортшысы республика, 25 тәрбиеленушісі облыс чемпиондары атанып, футболдан жасөспірімдер командасы 2 дүркін облыс чемпиондары атанды. Сонымен қатар, дзю-до күресінен Азия Кубогінде 1 спортшымыз 5 орын иеленсе, гір көтеру спортынан Өзбекстан мемлекетінің Хива қаласында 14 мемлекеттің қатысуымен өткен Азия чемпионатында І орын иеленген Қазақстан құрамасының сапында ауданымыздан 5 спортшы өнер көрсетіп, 4 спортшымыз алтыннан алқа тақты және 1 спортшымыз Азияның жаңа Рекордын орнатты.
Қазіргі таңда, аудандық бұқаралық спортты дамыту орталығының 20 спортшысы, ал аудандық спорт мектебінің 9 оқушысы спорт шеберлігіне үміткер атағын орындаса, спорт мектебінің 1 оқушысы еркін күрестен спорт шебері атағын иеленді.