2025 жылғы 13 тамызда биологиялық және эпизоотиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру шеңберінде Өскемен қаласының Орталық алаңында Шығыс Қазақстан облысының ветеринариялық қызметіне арнайы мақсаттағы автокөліктерді салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.

2025 жылғы 13 тамызда биологиялық және эпизоотиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру шеңберінде Өскемен қаласының Орталық алаңында Шығыс Қазақстан облысының ветеринариялық қызметіне арнайы мақсаттағы автокөліктерді салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.

Қаржылық лизинг шартына сәйкес, ветеринариялық ұйымдарға 112 автокөлік табысталды. Олар тоңазытқыш қондырғыларымен, анатомиялық және хирургиялық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Бұл жаңа техника ветеринариялық мамандардың жедел әрекет ету қабілетін арттыруға, эпизоотиялық қатерлерге уақтылы жауап беруге және облыс аумағындағы санитариялық-ветеринариялық ахуалды нығайтуға бағытталған.

Жабдықтаудың басты мақсаты – эпизоотиялық бақылауды күшейту және әсіресе шалғай және қолжетімсіз ауылдық аймақтарда профилактикалық және қарсы эпизоотиялық іс-шаралардың тиімділігін арттыру.

Бұдан бөлек, жеткізу шеңберінде ветеринариялық препараттарды "суық тізбек" талаптарына сәйкес тасымалдауға арналған арнайы рефрижератор табысталды. Бұл вакциналар мен дәрілік заттардың алыс аудандарға жеткізілу кезінде сақталуын және тиімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Алдағы бір ай ішінде мынадай қосымша техника жеткізу жоспарланған:

  • 13 бірлік ветеринариялық-санитариялық өңдеу жүргізуге арналған автокөлік;
  • 6 бірлік ауыр жүк автокөлігі – ауру немесе ауруға күдікті малды тасымалдауға арналған.

Жобаның жалпы инвестициялық көлемі 2,3 миллиард теңгені құрайды.

Іс-шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі, облыс әкімдігі мен ветеринария басқармасының өкілдері, ветеринариялық қызмет мамандары, сондай-ақ ардагерлер мен Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Шығыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының басшылығы қатысты.

Аталған бастама – өңірдегі ветеринариялық қауіпсіздік жүйесін дамытуда және аграрлық сектордың тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды қадам болып табылады.