«Көктем-2020» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары

«Көктем-2020» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары

Бүгін Өскеменде «Көктем-2020» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары аясында тактикалық арнаулы жаттығулар өтуде.

Өңірдегі құтқарушылар жергілікті атқарушы билік органдарымен бірлесіп,  көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары мен тұрғын үйлерді су басу қаупінен сақтап қалу үшін қолданылатын шараларды көрсетеді.

Бұл бағыттағы шаралар Жаңа Согра кентінде, «Титан» бау-бақша бірлестігінде, Өскемен-22 көшесінде өткізіледі. Аталмыш шаралардың осы аумақтарда өтуі бекерден бекер емес. Себебі аталған аумақтарда жыл сайын тұрғын үйлерді су басу қаупі туындайды.

Оқу-жаттығу жұмыстары екі кезеңнен тұрады. «Қазгидромет» РМК ШҚО филиалы мамандарының мәліметінше, облыс аумағында ауа температурасының күрт жоғарылауы күтілуде. Соның салдарынан таудағы қар еріп, өзендер мен бұлақтардағы су деңгейі жоғарылайды.

2020 жылдың 25 ақпанында сағат 11.00-де ШҚО әкімінің ситуациялық орталығына №5 жергілікті өзін-өзі басқару филиалының директоры хабарласып, Бобровка кентінің маңында таудан аққан судың салдарынан су көбейіп, Безымянный Ключ бұлағында іркіліс болғанын айтты.

 «Титан» бау-бақша бірлестігінде тұратын тұрғындар хабарласып, тұрғын үйлерді су басқанын айтты. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар тұрғындарды құтқарып, бұлақтың арнасын тазалап, барлығын ретке келтірді.

Оқу-жаттығу жұмыстарының екінші кезеңінде құтқарушылар тұрғындарды уақытша басқа аумаққа (Добролюбов, 44 мекенжайында орналасқан «Үлбі» медициналық-әлеуметтік орталығына) орналастырды. Бұл бағыттағы шаралардың барлығы жағдайды реттеу мақсатында ұйымдастырылғанын атап өткен орынды.

Оқу-жаттығу жұмыстарының басты мақсаты - жұмылдыру дайындығы және азаматтық қорғау басқармасының дайындығын тексеру, сондай-ақ коммуналдық қызметтердің көктемгі су тасқыны кезіндегі төтенше жағдайға дайындығын пысықтау.

Оқу-жаттығу жұмыстарына 95 адам мен 24 арнайы техника жұмылдырылды.

Сондай-ақ ШҚО құтқарушылары жол талғамайтын «Шерп» техникасымен оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізді. Мұндай техника облыстың құтқарушыларына жақында ғана табысталды. Арнайы дөңгелектермен жабдықталған «Шерп» көлігі 70 сантиметр қалыңдыққа дейінгі қарды оңай кешіп өте береді. Бұл құтқарушылар үшін таулы аймақта таптырмайтын техника.