ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ ШҚО филиалының қызметкерлері Алтай, Катонқарағай, Самар, Глубокое аудандары мен Риддер қаласы аумақтарындағы автомобиль жолдары мен демалыс аймақтарына өздігінен қар көшкінінің түсу қаупі бар ең қауіпті қар ошақтарына мониторинг жүргізді.
Тексеру барысында мамандар қар көшкіні қаупі бар беткейлердегі қар жамылғысының құрылымын зерттеп, сонымен қатар ауа температурасын, ылғалдылығын және желдің әсерін бағалады. Жел қар көшкінінің пайда болуына ықпал ететін негізгі факторлардың бірі болып табылатындықтан, жел үйінділеріне ерекше назар аударылды.
Беткейлердегі қар қалыңдығы ең төменгі 45 см-ден 80 см-ге дейін жетеді. Тұрақсыз учаскелерге түскен қардың көп мөлшері қар көшкіндерінің өздігінен жүруіне де, сондай-ақ қар қабатының отыруына және тығыздалуына да әсер етеді. «Қазселденқорғау» ММ бақылаушыларының анықтауынша, қар қабаты тығыздалған, тік беткейлерде орташа деңгейде бекіген, ал басқа учаскелерде жақсы бекіген және жалпы алғанда тұрақты күйде. Бұл тексерілген аумақтарда қар көшкінінің өздігінен жүру ықтималдығы төмен екенін көрсетеді.
«Біздің мамандар қар көшкіні қаупіне тұрақты негізде мониторинг жүргізіп отырады. Егер өздігінен қар көшкіні жүру қаупі туындаса, беткейлерді қардан тазарту бойынша алдын алу шаралары жүргізіледі. Мысалы, өткен маусымда осы кезеңде біз 26 профилактикалық қар көшкінін түсіру жұмыстарын жүргіздік. Сонымен қатар, қар көшкіні қаупі бар аудандарда демалушылар мен елді мекен тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз», – деді ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ ШҚО филиалының басшысы Ербол Бекпаев.
Мамандардың айтуынша, қар көшкініне байланысты апаттардың басым көпшілігінде адам факторы негізгі себеп болып табылады. Егер маршрутты таңдау мен көшкін қаупін бағалау болжамдар мен сезімдерге емес, нақты деректерді талдауға негізделсе, көптеген қайғылы жағдайлардың алдын алуға болар еді.
Құтқарушылар мен «Қазселденқорғау» мамандары азаматтарды тауға шыққан кезде ауа райы болжамын ескеруге шақырады. Қар жауып тұрған кезде, боранда және қатты жел кезінде тауға шығуға болмайды. Ауа райы жағдайлары туралы «Дармен» мобильді қосымшасы арқылы білуге болады. Қар көшкіні қаупі бар учаскелерден өткен кезде тоқтамай, қауіпті аймақтан тез арада кету қажет.