
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов Риддердегі ЖЭО-ға ескертусіз барды. Одан соң тұрғындардың өтініші бойынша бұған дейін әлеуметтік желілерде көтерілген мәселеге байланысты Гагарин көшесіндегі үйлердің біріне кірді.
Қазіргі таңда ЖЭО-да №2, 3, 4, 5 және 6 қазандықтар жұмыс істеп тұр, №1 қазандық резервте. Орталық штаттық режимде жұмыс істеп, қалаға жылу тұрақты түрде берілуде.
Гагарин көшесіндегі тұрғын үйде ішкі жылу жүйелерінің жағдайына ерекше назар аударылды. Тексеру барысында жылу құбырлары мен батареялардың бітелгені анықталды. Кейбір жағдайларда үйдің жылу тораптарындағы қысымды дұрыс реттеу қажеттігі байқалып отыр. Сонымен қатар үйге беріліп жатқан жылутасымалдағыштың температурасы жоғары, кері желіде де жылу бар. Барлығы штаттық режимде жұмыс істеп тұр, жанармай бар.
Анықталған барлық мәселе бойынша жауапты қызметтерге нақты тапсырмалар берілді.
Айта кетейік, 2023-2025 жылдар аралығында ЖЭО-да ауқымды жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде электр желілеріндегі шығын азайып, кәсіпорын шығыстары қысқартылды, №4 қазандық агрегаты бойынша мазут қолдану нормативке келтірілді, жабдықтардың апаттық және қорғаныс жүйесінің бостан бос іске қосылу жағдайларының саны төмендеді.
Өткен жылы орталық электр энергиясын өндіру бойынша оң динамика көрсетті. Егер 2023 жылы бірқатар объективті себептерге байланысты электр энергиясын өндіру іс жүзінде мүмкін болмаған болса, соңғы екі жылда ЖЭО өз қажеттілігін толық қамтамасыз етіп, электр энергиясын сатуға да мүмкіндік алды.
Жылу желілерін жөндеу нәтижесінде де оң көрсеткіштер тіркелді. Желілік суды қосымша толықтыру көлемі екі есеге жуық азайған. Бұл жылу желілеріндегі шығындардың қысқарғанын және жылумен жабдықтау сенімділігінің артқанын көрсетеді.
Орталықтың және қаланың жылумен жабдықтау жүйелерінің жағдайын жақсарту жұмыстары жалғасып жатыр. Барлық мәселелер облыс басшылығының тұрақты бақылауында.