ЖЕМҚОРЛЫҚСЫЗ ӨМІР ОТБАСЫНАН БАСТАУ АЛАДЫ

ЖЕМҚОРЛЫҚСЫЗ ӨМІР ОТБАСЫНАН БАСТАУ АЛАДЫ

Халқымызда «Отан – отбасынан басталады», «Отаны бірдің жүрегі бір, жүрегі бірдің тілегі бір», «Қандай қоғам болса, отбасы да сондай» деген отбасылық тәрбиеге, Отанға, отбасыға арналған мақал-мәтелдер бар.

Отбасы – шағын мемлекет. Отбасында орын алатын әркімнің өзінің дәстүрлері, әдеттері, іс-қимылдары, күнделікті айтылатын сөздері кейіннен қоғамда да орын алады. Отбасында, әсіресе балалардың көзінше әрбір айтылатын сөз, жасалатын іске абай болу керек. «Балапан ұяда не көрсе, өскенде соны іледі» демекші бала осы дүниеге келген сәтінен бастап үйіндегі ересек адамдардың өмірге деген көзқарасын, танымын бойына сіңіріп өседі. Буыны әлі қатпаған бозбаланың бойына адамгершіліктің, адалдықтың, еңбексүйгіштіктің дәні себілген болса, нұр үстіне нұр болар еді. 

 Өкінішке орай, қазіргі таңда қоғамда өз еңбегіңмен жеңіске жете алмасаң, «таныс арқылы» жетуге болады деген түсініктердің кеңінен орын алуы қатты қынжылтады. Бұндай түсініктер жас жеткіншек ұрпақтардың тиісті деңгейде білім алуына, еңбектенуіне, ізденуіне, сәйкесінше дамуына елеулі кедергілер келтіретіні анық. Кішкентайынан өзіне емес, өзгеге арқа сүйеп, өзгеге сеніп өскен бала өскенде де өз өмір жолының басты «даңғылдарына» өзі бет бұрып, бейімделе алмайды. Таныс-тамыр іздеп, басқа біреу арқылы өмірін жарқын еткенді қалап тұрады. Сөйтіп, сыбайлас жемқорлық тамыр жайып, тереңдей береді. Қоғам жемқорлық індетіне шалдығады. Болашақ үшін бұдан асқан қасірет бар ма?!..

Сондықтан, отбасында, балабақшаларда, жалпы білім беретін оқу орындарында еңбектің өмірге деген мәнінің зор екендігін түсіндіру аса қажет. Адал еңбектің нәтижесінде ғана адамның қолы жақсылыққа жететіні жайлы ақпараттар өте көп болуы тиіс. «Еш қиналмай-ақ, жетістікке жетуге болады», «таныстың арқасында шешеміз» деген ұғымдардың отбасында, балалардың көзінше орын алуын барынша болдырмау қажет.

Жас ұрпақ – еліміздің болашағы. Әрбір отбасында тек адал еңбектің нәтижесінде ғана жетістікке жету туралы түсінік түбегейлі қалыптасуы тиіс. Отбасында рухани және ұлттық тәрбие, адал еңбек барлық адамгершілік қағидаттарының бұлжымас өзегі болуы тиіс. Сонда ғана отбасы деңгейінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тоқсауыл қоя аламыз.

Жемқорлық – жауапсыз адамдардың жолы, ол ел болашағына, келер жас ұрпаққа төнген орасан зор қауіп. 

Ұрпағымыздың өмірге деген көзқарасын өзгертіп, болашақтарын жемқорлықсыз жарқын ету өз қолымызда!

 

 

Ұлан ауданының әкімі                                                         Р.Құрмамбаев