
Әрбір адам өзінің мүлкіне әдетте ұқыпты қарайды, себебі: өз иелігіндегі мүлік ең алдымен адамның өзіне қажет, егер жоғалтқан жағдайда мүліктің иесі материалдық шығынға ұшырайды. Сондықтан, өзіне тиесілі мүлікті сақтау үшін қажетті сақтық шараларын жүзеге асырады.
Сол сияқты иелігіндегі малы да әркімнің өзінің мүлкі. Алайда, көптеген жағдайларда тұрғындардың өз малдарын қараусыз қалдыруы фактілерінің әлі де орын алуы түсініксіз болып отыр. Жайылымдағы қараусыз мал - қараусыз қалдырылған құнды мүлік. Қараусыз жүрген мал басқа адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.
Осы мәселеге нақтырақ тоқталатын болсақ:
2022 жылдың көлемінде әкімдікке аудандық жергілікті полиция қызметінен келіп түскен ұсынымхаттарды саралай келе, ауданымызда қаншама малдың әлі де қараусыз автожол үстінде жүруі, салдарынан орын алған жол-көлік оқиғалары, автокөлік иесіне келтірілген шығындар, тіпті адам өліміне әкеп соққан фактілердің бар екеніне көз жеткізуге болады. Әрине, малдың иелері Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген баптар бойынша сәйкес жауапкершіліктерге тартылған. Алайда, біздің мақсатымыз: тұрғындарды жазалау емес, мал ұстайтын азаматтарға жоғарыда аталған жағдайларды болдырмау бойынша түсіндірмелі жұмыстарды жүргізу болып табылады.
Белгіленген жұмыс жоспары бойынша әрбір округтерде, ауылдарда аудан тұрғындарымен өткізілетін жиындарда негізгі көтерілетін мәселелердің бірі - малды ұстау тәртібіне арналады. Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2020 жылғы 9 қазанындағы №42/477-VI «Шығыс Қазақстан облысында ауылшаруашылық малдарды жаюдың Ережесін бекіту туралы» шешімінің талаптары тұрғындардың назарына тұрақты негізде жеткізіледі, яғни, малды ұйымдастырып жаю, қараусыз қалдыруға байланысты жауапкершіліктер, қараусыз жүрген малдарға арналған арнайы айыппұл тұрақтары, айыппұл тұрақтарына тоғытылған малдарды ұстаудың және иесіне қайтарудың тәртібі (ҚР Азаматтық кодексінің 245, 246-баптары). Сонымен қатар, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 408 бабының «Ауылшаруашылығы малдарын жаюдың ережесін бұзу» талаптары, яғни, малдардың қараусыз жүруі фактілері айқындалған жағдайда, 559 бабының 1 бөлігі «Теміржол көлігінде қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ережелерді бұзу», яғни, ауылшаруашылық малдарының темір жол үстінде немесе бойында қараусыз жүрген жағдайларда мал иелерінің жауапкершілігі туралы мәліметті жеткізу бойынша түсіндірмелі жұмыстар жүргізіледі.
Осы атқарылып жатқан жұмыстардың басты мақсаты: тұрғындардың өз мүлкіне, яғни, малдарына ұқыпты қарауы, қараусыз қалдырмауы, мал ұстаудың жауаптылығын түсінуі болып табылады.
Қараусыз малдың айналадағы қоршаған ортаға, өзіне де, өзгеге де келтірер зардабы орасан зор.
Ұлан ауданының әкімі Р.Құрмамбаев