«eGov mobile» қосымшасын пайдаланып үлгердіңіз бе?

«eGov mobile» қосымшасын пайдаланып үлгердіңіз бе?

Халыққа қызмет көрсету орталығының көмегіне күндігіне жүздеген адам жүгінеді. Сансыз кезектер, сырғып жатқан сағаттар – мұның барлығы бір ғана анықтаманы алуға кеткен уақыт өлшемі. Енді бұл мәселе өз шешімін тапты.

«eGov mobile» мобильді қосымшасы арқылы қыруар қағазды әп-сәтте қолға түсіре аласыз. Бұл қосымшада жиі қолданатын танымал қызметтер, сервистер сонымен қатар зейнетақы калькуляторы сияқты бөлімдер бар.

Бұдан бөлек, «eGov mobile» мобильдік қосымшасын пайдаланушылар өз құжаттарының цифрлық нұсқаларын сақтай алады. Енді қосымшада жеке куәлік, баланың туу туралы куәлігі, неке қию және бұзу туралы, екпе паспорты және білім құжаттары сияқты маңызды құжаттар бар. Құжаттар тізімі алдағы уақытта кеңейтілмек.

Бүгінгі таңда тізілімде 690 мемлекеттік қызмет бар, оның ішінде: Мемлекеттік корпорация арқылы  662 (95,9%) мемлекеттік қызмет түрі алынса, «Электрондық үкімет» порталы арқылы 645 қызмет (94,4%), TelegramBot-тан, «eGov mobile» ұялы телефон қосымшасынан  қажетті қызмет түрін алуға болады.

Сала мамандарының айтуынша, мемлекеттік қызметтер электрондық үкіметке көшуі күн санап артып келуде. Сондықтан осы бастан жүйені дұрыс пайдаланып, тиімділігін өз пайдаларыңызға жарата білген абзал.

Қазіргі кезде облыс бойынша «eGov mobile» мобильді қосымшасына тіркелген адамдардың саны артып келеді. Мобильді үкіметке тіркелу қиындық тудырмайды. Қосымшаны ЭЦҚ-мен немесе бір реттік пароль арқылы авторизациялау арқылы кәдеңізге жаратуға мүмкіндік бар. «eGov mobile» электрондық үкіметтің мобильді қосымшасы Play Market, AppStore-дан жүктеу қолжетімді.

Мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырмай-ақ қажетті құжатыңызды алуға болатын «eGov mobile»-нің пайдасы көл-көсір.

"Азаматтарға арналған үкімет" ШҚО бойынша филиалының баспасөз қызметі