
Бүгінгі таңда шығысқазақстандық дәрігерлер COVID-19 инфекциясынан емделіп шыққан өңір тұрғындарын иммундық плазма доноры болуға шақыруда. Коронавирустан жазылған кез келген адамның иммундық плазмасы жарай бермейді. Дəрігерлер алдын ала сараптама жасап, аурудан айыққан адамның бойында дертке қарсы антиденелер табылған жағдайда ғана алынады. Бүгінде Ұлан ауданынан да 7 донор болған.
Вирусқа шалдыққан жандардың сауығып кетуіне тілектес екенін жеткізген Ұлан ауданының прокуратурасының прокуроры, 1-ші сыныпты заңгер Данияр Татимбеков COVID-19 инфекциясымен ауырған адам ретінде басқа адамдарға көмектесуге дайын екенін білдіріп, қан плазмасын тапсырды.
-Коронавирустың ауыр түрімен ауыратын науқастарға тезірек сауығуға көмектесетін антиденелер болуы мүмкін екенін білгенде, мен дереу қан орталығына иммундық плазманы тапсыру үшін бардым. Коронавируспен ауырған адам ретінде басқа адамдарға көмектесуге ниет етіп, иммундық плазма доноры болдым. Шығыс Қазақстан облысы қан плазмамен науқастардың өмірін сақтап қалуды еліміз бойынша бірінші болып қолға алды. Ауырып шыққаннан кейін, денемізде қан плазмалары қалыптасқандықтан қиналып жатқан жандарға қол ұшын созу мақсатында қан тапсырдым. Осындай киын-қыстау кезеңде бір-бірімізді қолдау көрсетудің маңызы зор, – деді Данияр Татимбеков.
Қан плазмасын тапсыру бүгінде коронавирус ауруымен сырқаттанғандар көп тіркелген Шығыс Қазақстан облысында да нәтижелі түрде жүзеге асырылуда. Осы орайда Шығыс Қазақстан облыстық қан орталығының маманы Мира Мустафинадан иммундық плазма жөнінде сұраған едік.
- COVID-19 инфекциясымен ауырғандардың иммундық плазмасы пациенттерге жұқпалы дертпен күресуге көмектеседі. Қан құрамында антиденесі бар бір адам, кем дегенде жағдайы ауыр екі науқастың өмірін сақтап қала алады. Аппараттық плазмаферезді тапсыру қауіпсіз. Ешқандай ауырсыну да сезілмейді.
Жалпы, қазіргі таңда КВИ-дің орташа және ауыр түрімен ауырып, одан сауығып шыққан кез келген кәмелеттік жасқа толған адам донор бола алады. Ең бастысы, аурудан айыққанына кем дегенде екі апта өтсе болғаны. Плазма тапсырып, дәрігерлерге көмек көрсету үшін жергілікті мекенжай бойынша отбасылық дәрігерлік амбулаторияға барып, антиденеге тест тапсыру керек. Қан тапсырушы адам бұдан соң облыстық Қан орталығына барып, емханалық-биохимиялық көрсеткіш пен қан тобын анықтауы қажет. Егер сараптама қорытындысы оң болса, плазма тапсыруға жібереді. Адам плазмасында кез келген инфекциялық агентті енгізу үшін арнайы антиденелер пайда болады. Коронавирустық инфекциямен ауырған әрбір адам иммундық плазманың доноры бола алмайды. Денсаулығы толықтай қалпына келген сәттен бастап, аурудың ауырлығына байланысты екіден үш аптаға дейін өтуі керек. Плазманы донациялау үшін әлеуетті донордың қанындағы антиденелердің жеткілікті деңгейі қажет, сондай-ақ донор әдеттегі қан донациясы сияқты донорларды іріктеудің барлық өлшемдеріне сәйкес қан сараптамасынан өтеді. Сонымен қатар жұқпалы және басқа да созылмалы аурулармен ауырмауы керек, қандай да бір аурулар бойынша дәрігерлік есепте тұрмауы тиіс. Донордың өзімен бірге міндетті түрде жеке куәлігі болуы қажет. Иммундық плазма донорына 7 АЕК көлемінде ақшалай өтемақы, яғни 19 446 теңге төленетін болады,-деді.
Коронавируспен ауырған науқастарға қол ұшын бергісі келетін барша ізгі ниетті жандар облыстық қан орталығына: 8(7232)70 38 38 немесе 87057520964 телефон нөмірлері бойынша хабарласып, қосымша кеңес ала алады.