Нұрлыбек Ғалиұлы Үдербаев 1944 жылы 3 қазанда Шығыс Қазақcтан облысы, Ұлан ауданы, Солдатское ауылында дүниеге келді. 1961 жылы Тарғын ауылындағы І. Айтыков атындағы орта мектебін бітірген соң, Асубұлақ автобазасы жанындағы жүргізушілер курсында оқып, осы мекемеге жүргізуші болып орналасады. 1963 жылы әскер қатарына шақырылып, әскери борышын Самарқанд және Ашхабад қалаларында өтейді. 1966 жылы ШҚО ішкі істер бөлімінің жедел қызмет бөліміне қатардағы жауынгер болып орналасады. 1968-1990 жылдар аралығында аға инспектор, жедел қызмет бөлімі бастығының орынбасары лауазымдарын атқарды. Осы кезде Қарағанды жоғары милиция мектебінде оқып, заңгер - құқықтанушы мамандығын алды. 1990 жылы 7 басқарма бастығы лауазымына тағайындалып, 1997 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін еңбек етті. Құрметті демалыста болса да, Нұрлыбек Ғалиұлы қоғамдық қызметпен белсене айналысып жүреді. 2007 жылдан ШҚО ішкі істер органдары ардагерлер және Ұлттық ұландар кеңесінің төрағасы болып келеді. ШҚО соғыс және еңбек ардагерлері кеңесі Президиумының мүшесі, ШҚО полиция Департаменті бастығының кеңесшісі, аттестациялық, конкурстық және тәртіптік комиссиясы құрамында жұмыс атқарады. Мемлекеттік саясатты жас қызметкерлерге түсіндіру бойынша тәрбиелеу жұмысында белсендік танытып, полиция қызметінің имиджін арттырады.
Нұрлыбек Ғалиұлының құқыққорғау саласындағы көпжылғы еңбегі ескеріліп, Ішкі істер органдарындағы «Мінсіз қызметі үшін», 3 дәрежедегі медалімен, «Үздік қызметі үшін» төс белгісімен марапатталды.
Бүгінгі күні Нұрлыбек Ғалиұлы үш қыз, бес немере тәрбиелеген үлгілі отағасы, қамқоршы әке және мейірімді ата.
2020 жылы 22 сәуірдегі VI шақырылған Ұлан аудандық мәслихатының LXII cессиясының № 367 шешімімен «Ұлан ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.