
Рашитбек Мұхамеджанұлы 1940 жылы 6 тамызда Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Ақарал ауылында дүниеге келген. Ақарал ауылындағы орта мектебін 1960 жылы бітіріп, еңбек жолын Зайсан ауданының «Кендірлі» кеңшарында жұмысшы болып бастады. 1961 жылы Өскемен қаласындағы құрылыс жол институтына түсіп, 1966 жылы инженер-механик мамандығы бойынша аяқтады. 1967 - 1970 жылдары «Қазахтранстрой» тресінің теміржол-құрылыс ұйымында механик болып еңбек етті. 1970-1979 жылдары Ұлан ауданы, Алмасай ауылындағы «Қараөзек» мал бордақылау совхозында бас инженер, партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды. 1979 – 1985 жылдары Самар ауданы, Жамбыл колхозында төраға болып істеп, 1985 жылы Алмасай ауылына қайтып келіп, құрметті зейнеткерлікке шыққанға дейін «Қараөзек» совхозында машина-тракторлық шеберханасының меңгерушісі, кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметтерінде болды.
Халыққа қызмет етуге өмірінің саналы жылдарын жұмсап, білікті маман, елімізге, жерімізге деген ерекше патриоттық сезімдегі игі істерімен елге танымал. Сол еңбектерінің нәтижесінде, құрметті демалыста болса да, ауылдастары сенім артып, Ұлан аудандық мәслихатының IV шақырылымының депутаты етіп сайлады. Бүгінге дейін ауданның қоғамдық жұмысына белсене араласып, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы болып қызмет атқарады.
Елімізде болып жатқан оң өзгерістерді әр кезде толық қанды қабылдап, аудан тұрғындары арасында насихаттайды.
Ауданның береке-бірлігіне, ынтымағына ерекше көңіл аударып, жергілікті атқарушы билікпен бірге қоян-қолтық араласып қызмет жасап отырады.
2020 жылы 22 сәуірдегі VI шақырылған Ұлан аудандық мәслихатының LXII cессиясының № 367 шешімімен «Ұлан ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.