
Аубакиров Алдияр Ақылбекұлы 1949 жылы Ұлан ауданы Қарабас ауылында дүниеге келді. Еңбек жолын 1966 жылы Ұлан ауданы Ұлан совхозының құрылыс бригадасында плотник болып бастаған. Сол совхозда мал фельдшері, тракторшы, бригадир болып істеді.
1977 жылы Мәскеудегі Скрябин атындағы ветеринарлық Академиясына оқуға түсті. Оқу бітіргеннен кейін Глубокое ауданы Киров колхозында зоотехник-селекционер болып, кейін Серебрянск ауданының «Первомайский» совхозында партия комитетінің хатшысы, 1989 жылы Серебрянск қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып еңбек етті. 1993 жылы өз Ұлан ауданында басшы болып тағайындалды.
1995 жылы Әкімдер Институтының ұйымдасуына байланысты Ұлан ауданының әкімі болды. Осы лауазымда 2001 жылға дейін қызмет етіп Шығыс Қазақстан облысының мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы лауазымына ауысты. 2013-2015 жылдары облыстық архив директоры болды. Кейін құрметті зейнеткерлікке шықты.
Мемлекеттік «Ерен еңбегі үшін» медалімен, көптеген грамоталармен наградталған. ҚР еңбегі сіңірген мәдениет қызметкері, өлкетанушы, коллекционер. «Алтайское звено» шығармашылық қызметкерлердің мүшесі. ШҚО тарихында із қалдырған азаматтар жөнінде очерктер авторы.
Мінезі ашық, білімді, сыпайы, патриоттық сезімі мол, өз ауданының көркейіп өркендеуіне зор үлесін қосқан басшы.
2016 жылы 29 маусымдағы VI шақырылған Ұлан аудандық мәслихатының VI cессиясының № 32 шешімімен «Ұлан ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.