
Самашев Зейнолла Самашұлы (1947 ж.) - археолог, Берел қорғанын ашқан, Ә. Марғұлан атындағы ҚР БҒМ Археология институтының бас ғылыми қызметкері.
Шығыс Қазақстан облысы, Бестерек ауылында дүниеге келген. Өскемен педагогикалық институтының (қазіргі С. Аманжолов атын. ШҚМУ) тарих факультетін аяқтаған соң, оқытушылық қызметте болған. Кейін Ш. Уалиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтында ғылыми жұмыспен айналысқан. Аталған институттың алғашқы археология бөлімін, кейінірек Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының ежелгі өнер бөлімін басқарған.
Негізгі зерттеу бағыты: Қазақстан мен Орта Азияның ежелгі және орта ғасырлардағы археологиясы, тарихы, мәдениеті және өнері. Қазақстан, Ресей, ҚХР, Франция, АҚШ өңірлерінде жарық көрген 100-ден астам ғылыми жұмыстың авторы. Ғылыми еңбек жолын қарапайым лаборанттан бастаған. З. Самашевтің археологиялық бағыты Шығыс Қазақстанмен тығыз байланысты. 1980-1983 жж. Шүлбі экспедициясына қатысқан. 1997 жылдан бүгінгі күнге дейін Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданындағы Берел қорғанын зерттеумен шұғылданады.
2008 жылы 12 ақпандағы IV шақырылған Ұлан аудандық мәслихатының IV cессиясының № 33 шешімімен «Ұлан ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.