Мәмбетқазиев Ережеп Әлхайырұлы (1937 ж.) – химия ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА, Жоғары мектептің халықаралық академиясы, акмеология ғылымдары, минералды ресурстар академигі, Германиядағы (Берлин) халықаралық ақпараттандыру академиясы штаб-пәтерінің вице-президенті. Қазақстан-Америка Еркін университетінің президенті. Қазақстан Америка Еркін университеті – халықаралық серіктестік университеті жобасының авторы.
1937 жылы 13 қыркүйекте Астрахань облысы Калинин селосында дүниеге келген. 1963 ж. педагогикалық институтты (қазір Абай ат. Қазақ ұлттық университеті) бітірді. 1963-1984 жж. – аспирант, профессор, кафедра меңгерушісі, ҚазМУ деканының орынбасары; 1984-2001 жж. – Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры; 1993-1995 жж.- ҚР Білім беру ісінің министрі. 1994 ж.бері – Қазақстан-Америка Еркін университетінің президенті. Докторлық диссертациясын М.В.Ломоносов ат. ММУ-де қорғады. Электрохимиядан отандық ғылыми мектептің негізін қалаушы. Оның басшылығымен шамамен 30 дан аса доктор және ғылым кандидаты әзірленді.
Оқу орны тәжірибесіне енгізілген білім мен ғылымды қайта жаңғырту инновацияларының авторы: тест енгізу, Президенттің «Болашақ» программасы арқылы интеллектуалды элита дайындау, тілдің үштұғырлығы, «бакалавр — магистр — Ph.D докторы», аймақтық университеттер (Павлодар, Ақмола, Солтүстік-Қазақстан, Талдықорған, Атырау).
Шығыс Қазақстан мемлекеттік университететін ашу бастамасын көтерген және осы оқу орнының тұңғыш ректоры (республикамызда КазГУ мен КарГУ-ден кейін үшінші ). Республикамыздағы бірінші халықаралық серіктестік – Қазақстан-Америка Еркін университетін Президент Н.Назарбаевтың қатысуымен және америка тарапының қолдауымен құрды.
Е.Мәмбетқазиев басқаратын Халықаралық серіктестік университеті заманауи технологияны игеріп, тиімді қолданғаны үшін «MILLENIUM AWARD» («Мыңжылдық») (2009), Әлемдік экономика элитасы номинациясы бойынша «Алтын феникс» құрметті сыйлығы (2009), «Пальмира жұлдызы» - еуразиялық интеграцияны дамытуға қосқан үлесі үшін (2009), «Еуропалық сапа» - еуропа стандартына сәйкес білім беру існі жақсартуға қосқан үлесі үшін (2010) халықаралық марапаттарына ие болды.
Қоғамның интеллектуалды дамуына қосқан елеулі үлесі, кәсіби жетістіктері үшін КАСУ президенті «INTELLECT OF NATION» («Ұлт интеллектісі» халықаралық марапатына (2009), кандидатурасы Еуропа ректорлар клубы (CRE) мүшелігіне ұсынылды.
АҚШ Конгресі Комитетінің шақыруымен екі рет АҚШ Президенті Дж.Буш (2004) және Б. Обама (2011), АҚШ Үкіметі мүшелері мен лидерлері, әлемнің 120 елінен келген интеллектуалды элита өкілдерімен бірге дәстүрлі Ұлттық қонақасына қатысу құрметіне ие болды.
700 ден аса ғылыми еңбек пен публикация, соның ішінде, білім мен ғылымның өзекті мәселелері бойынша монографиялардың авторы. Соның бірқатары АҚШ, Еуропа елдері, Ресей, ҚХР, Моңғолия елдерінде қайта басылып шықты.
ҚР Жоғарғы Кеңесі 12-шақырылымының депутаты болған. Облыстық мәслихат депутаты.
«Парасат» ордені, ҚР Тәуелсіздігінің 20-жылдығына орай мерекелік медалі, «ҚР Білімі мен ғылымын дамытуға қосқан ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен (№ 1 куәлік) марапатталған. «ҚР Білім беру ісіне еңбек сіңірген қызметкер» атағының иегері, Қазақстан халықтары ассамблеясының мүшесі, «Менің қалам» Қамқорлық Кеңесінің төрағасы, Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Құрметті ректоры, Кентукки университетінің құрметті профессоры (АҚШ), Атлантис университеті жаратылыстану ғылымдарының құрметті докторы (АҚШ), Өскемен қаласының Құрметті азаматы (1996).
2014 жылы Астрахань облысындағы Калинино ауылындағы мектепке қазақ ғалымы, академик Ережеп Мәмбетқазиевтің аты берілді.