Зейнетақы жинақтарының кесте бойынша төлемдері: қашан және қайда жүгіну керек?

         

Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес «БЖЗҚ» АҚ-дан (БЖЗҚ, Қор) белгіленген кесте бойынша ай сайынғы зейнетақы төлемдері зейнет жасына толған адамдарға (ерлер – 63 жас, әйелдер – 61 жас), сондай-ақ мерзімсіз уақытқа белгіленген 1 немесе 2 топтағы мүгедектігі бар, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адамдарға Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

            Зейнет жасына жетуіне байланысты зейнетақы жарналарының міндетті түрлері есебінен БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен базалық және ынтымақты зейнетақы тағайындау үшін алушылар тұрғылықты жері бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО) уақытылы жүгінуі қажет. Мұны зейнет жасына дейін 10 күн қалғанда жасауға болады. Зейнетақы төлемдерінің барлық түрлері өтініш берілген күннен бастап жүргізіледі. Егер алушы өтініш берген күні зейнет жасына толып қойған болса, өтініштің және қажетті құжаттардың ХҚКО-ға тіркелген күні өтініш берілген күн болып есептеледі. Ал азамат зейнетақы төлемін алуға зейнет жасына толғанға дейін, ертерек жүгінген болса, зейнет жасына толған күн – өтініш берілген күн болып есептеледі. Өткізіп алған уақыт үшін мемлекеттік бюджеттен, сондай-ақ БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемі тағайындалмайтынын есте ұстаған жөн. 

Дата публикации
09 февраля 2026