«БЖЗҚ» АҚ 2025 жылы жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижелерін ұсынды

Қазақстандықтардың зейнетақы жүйесі саласындағы қаржылық сауаттылығы артып келеді: азаматтар зейнетақы жүйесінің қалай жұмыс істейтінін және ол арқылы қандай мүмкіндіктерге қол жеткізуге болатынын барған сайын жақсы түсінуде. Мұны 2025 жылы жүргізілген тәуелсіз социологиялық зерттеу нәтижелері растады.

Сауалнаманың негізгі мақсаты – Қазақстан халқының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы қаржылық сауаттылық деңгейін, зейнетақы жүйесіне деген сенім дәрежесін және азаматтардың жинақтаушы модельге тартылу деңгейін айқындау.

Қазақстан халқының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы қаржылық сауаттылық деңгейі респонденттердің жынысын, жас ерекшеліктерін, аумақтық және әлеуметтік мәртебелерін ескере отырып бағаланды.

Зерттеу жалпыұлттық репрезентативті сауалнама әдісімен жүргізілді. Іріктемеге Қазақстанның барлық өңірлерінен, оның ішінде 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қаладан (Астана, Алматы, Шымкент) 3 000 респондент қатысты. Сауалнама ауылдық және қалалық жерлерде тұратын 18 жастан асқан ересек тұрғындар арасында жүргізілді. Барлығы 1 473 ер адам және 1 527 әйел азаматша сұралды. Әлеуметтік мәртебе бойынша бөлініс мынадай: жалдамалы қызметкерлер – 2 031 адам (67,70%), өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 831 адам (27,70%), жұмыссыздар – 138 адам (4,60%).

Зерттеу сауалнамасының негізгі бөлімі Қазақстан халқының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы қаржылық сауаттылығын анықтауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесіне және «БЖЗҚ» АҚ-ға (БЖЗҚ, Қор) деген сенім деңгейін, Қор қызметі туралы ақпараттың қолжетімділігі, хабардарлық дәрежесі мен қабылдануын бағалауға бағытталған 26 сұрақтан тұрды.

Зерттеу нәтижелері азаматтарды қаржылық сауаттылықтың базалық және озық деңгейлері бойынша жіктеуге мүмкіндік берді.

 

Дата публикации
06 января 2026