Oskemen Hub базасында IDEA BATTLE: NEXT GENERATION байқауы өтті. Іс-шара технологиялық идеялармен жұмыс істеп, нақты міндеттерге арналған шешімдерді қазірдің өзінде іздеп жүрген жастардың басын қосты.
Іс-шара Шығыс Қазақстандағы технологиялық және инновациялық ортаны дамыту бағытындағы жұмыстардың бір бөлігіне айналды.
IDEA BATTLE аясында қатысушылар идеяны таныстырудың дәстүрлі форматынан шығып, өз жобаларының қандай мәселені шешетінін, ұсынылған шешімнің қалай жұмыс істейтінін және оны іс жүзінде қай салаларда қолдануға болатынын көрсетуі керек болды.
Байқауда медицина, ерте диагностика және ауыл шаруашылығы салаларындағы жобалар таныстырылды.
Бірінші орынды Zero Muscles командасы RehabBridge жобасымен иеленді. Бұл — инсульттен кейін оңалтудан өтіп жатқан адамдарға арналған цифрлық шешім. Жобаның тұжырымдамасы аурухана мен үй арасындағы цифрлық көпір құруды көздейді. Бұл пациенттерге ауруханадан шыққаннан кейін де оңалту процесін жалғастыруға мүмкіндік береді.
Екінші орынды PreDemention командасы алды. Қатысушылар адамның жүрісін талдау арқылы деменцияның ықтимал ерте белгілерін анықтауға мүмкіндік беретін шешім әзірледі. Жобаның негізгі идеясы «Ерте қозғалыс — ерте диагноз — ерте мүмкіндік» формуласы арқылы берілді.
Үшінші орынды Rogue One командасы Soilink жобасымен иеленді. Бұл — аграрлық сала мамандарына арналған топырақ жағдайын бақылау жүйесі. Шешім топырақтың күйін бақылауға және егістікті суару мен өңдеу қажеттілігін алдын ала болжауға мүмкіндік беретін ақылды датчиктер желісін пайдалануды көздейді.
Байқау қорытындысы бойынша үш команда арасында 450 000 теңге көлеміндегі жалпы жүлде қоры бөлінді.
Oskemen Hub қызметінің негізгі бағыттарының бірі — өңір жастарына жаңа мүмкіндіктер жасау. Яғни, алғашқы білім беру іс-шаралары мен жобалық жұмыстан бастап, өз әзірлемелерін таныстыруға, команда құруға және жобаларды одан әрі дамытуға дейін қолдау көрсету.
IDEA BATTLE: NEXT GENERATION іс-шарасын Oskemen Hub Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі және Шығыс Қазақстан облысының цифрландыру және архивтер басқармасымен бірлесіп ұйымдастырды.
Мемлекет басшысының халықты сапалы байланыспен және интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау, «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасын жүзеге асыру аясында Шығыс Қазақстан облысында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Осы бағытта ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Телекоммуникация комитеті өңірдегі байланыс сапасы төмен әрі проблемалы аумақтарды («ақ дақтарды») тексеріп, арнайы жұмыс кеңесін өткізді.
Оның басты мақсаты — өңірдегі инфрақұрылымдық түйткілдерді шешіп, халықты үздіксіз әрі сапалы интернетпен қамтамасыз ету. Инспекция барысында телекоммуникация инфрақұрылымын дамытудың негізгі бағыттары жан-жақты сараланды.
Талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту жобасы бойынша Телекоммуникация комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков әрбір елді мекен бойынша жұмыстың егжей-тегжейлі кестелерін бекітуді және олардың орындалуын бақылауды күшейтуді тапсырды. Сонымен бірге ол шағын ауылдарды жергілікті әкімдікпен келіспейінше және балама шешімдерін таппайынша қамту жоспарынан алып тастауға жол берілмейтінін баса айтты.
Шалғай және қатынауы қиын елді мекендерді байланыспен қамтамасыз ету үшін «соңғы миля» жобасы аясында рельефі күрделі 12 ауылға OneWeb спутниктік байланыс кешендерін орнату ұсынылды. Бұдан бөлек, Tele2/Altel операторының лицензиялық міндеттемелеріне кіретін 8 ауылды жоспарланған мерзімнен бұрын қосу мәселесі қарастырылып жатыр.
Өскемендегі инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары да қарқынды жүруде. Бұған дейін анықталған 24 проблемалық орынның 22-сі бойынша мәселе толықтай шешімін тапты. Ал қалған учаскелер бойынша «Ягодка» саяжай алабында электр монтаждау жұмыстары аяқталып келеді, «Болашақ» шағынауданында базалық станция орнатуға алаң таңдалуда, қос мақсаттағы 7 тіреуішке жер телімдері рәсімделуде. Сонымен қатар Лихарев көшесі мен жағалау бойындағы радиокедергілерді жою мақсатында Байланыс инспекциясы, Мемлекеттік радиожиілік қызметі және Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қатысуымен бірлескен радиомониторинг жүргізу жоспарланды.
Инспекция қорытындысы бойынша комитет тарапынан операторларға антенна-мачталық құрылымдардың мүмкіндігін толық пайдалану және тұрғындарға сапалы қызмет көрсету үшін жабдықтарды орнату жұмыстарын тезірек аяқтау жүктелді.
Қазақстанда алғашқы республикалық «Кітап оқитын ұлт» кітап оқу марафонына тіркелу басталды.
Жоба еліміздің барлық өңірінен қатысушыларды біріктіріп, кітап оқуды насихаттау мен оқу мәдениетін дамытуға бағытталған ең ауқымды ұлттық бастамалардың біріне айналмақ.
Марафон 2026 жылғы қыркүйек айынан 2027 жылғы сәуірге дейін қазақ және орыс тілдеріндегі екі лигада өтеді. Жоба 7 бағытты қамтиды: «Кітап оқитын мектеп» - 6-10 сынып оқушылары; «Кітап оқитын колледж» - колледж студенттері; «Кітап оқитын университет» - жоғары оқу орындарының студенттері; «Кітап оқитын педагог» - мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушылары; «Кітап оқитын әулет» - отбасылық командалар; «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» - мемлекеттік қызметшілер; «Кітап оқитын зияткер» - жасына және қызмет саласына шектеу қойылмайтын барлық азаматтар.
Әр қатысушы өз бағыты бойынша арнайы іріктелген 330 кітаптан тұратын қордан 15 кітап оқуы қажет. Оның 165-і қазақ тілінде, 165-і орыс тілінде ұсынылған. Кітаптар тізіміне отандық авторлардың шығармалары, әлем классикасы және заманауи туындылар енді. Тізімді жасақтау кезінде жалпыұлттық дауыс беру қорытындысы бойынша «100 кітап» тізіміне енген шығармалар, сондай-ақ әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаттары жазған туындыларды қоса алғанда, әлемдік бестселлерлер де ескерілді.
Негізгі оқу кезеңі биыл қыркүйек айында басталып, 2027 жылғы наурызға дейін жалғасады. Осы уақытта қатысушылар кітаптарды оқып, жеке кабинетінде пікірлерін жариялап отырады. Ал 2027 жылғы наурыз-сәуір айларында қорытынды тестілеу мен зияткерлік квиздер өткізіледі.
Өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйлықтар табысталады: 1-орын - 600 000 теңге; 2-орын - 450 000 теңге; 3-орын - 300 000 теңге.
Барлық финалист дипломдармен және электронды сертификаттармен марапатталады.
Қатысу ережелері, бағыттар бойынша регламенттер және кітаптар тізімі жобаның ресми сайтында жарияланған: www.reading-nation.kz
Республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафонын жүзеге асыруға жобаның бірқатар маңызды серіктестері де атсалысуда. Қазақстан Жазушылар одағы, Креативті индустрияларды дамыту қоры, KITAP және «Яндекс Кітаптар» цифрлық платформалары оқу мәдениетін дамытуға, заманауи әдеби бастамаларды қолдауға және оқырмандардың кітаппен өзара байланысуына жаңа мүмкіндіктер жасауға ықпал етпек.
Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.
Елімізде Мемлекет басшысының оқу мәдениетін дамыту және ұлттық «Кітап оқитын ұлт» бастамасын ілгерілету жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылатын республикалық марафон басталды.
«Кітап оқитын ұлт» оқу марафоны аясында «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» арнайы бағыты қосылған. Қатысушылар арнайы әзірленген тізімнен қазақ тіліндегі 15 немесе орыс тіліндегі 15 кітапты оқуы тиіс.
Тізімге отандық авторлардың шығармалары, әлем классикасы және заманауи әдебиеттер енгізілген. Бұл – ой-өрісті кеңейтіп, сыни ойлау қабілетін дамытатын, жаңа идеяларға шабыт беретін құнды туындылар.
Марафон 2026 жылғы қыркүйек – 2027 жылғы наурыз аралығында өтеді.
Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталып, финалистер дипломдармен және электронды сертификаттармен марапатталады.
Барлық мемлекеттік қызметшілерді марафонға қатысып, «Кітап оқитын ұлт» жалпыұлттық қозғалысының бір бөлігі болуға шақырамыз!
Республикалық Киберқауіпсіздік айлығы аясында Халықаралық ЖИ орталығы Alem.ai алаңында MSSP Global компаниясы ұйымдастырған CYBER STEPPE конференциясы өтті.
Шараға Шығыс Қазақстан облысының Цифрландыру және архивтер басқармасының қызметкерлері онлайн форматта қатысты.
Екі күнге созылған конференция барысында мемлекеттік органдардың, бизнес өкілдерінің және ақпараттық қауіпсіздік саласы сарапшыларының қатысуымен цифрлық ортадағы қауіпсіздік талаптарын сақтау, киберқауіптердің алдын алу және қауіпсіз әрекет ету дағдыларын қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар фишинг, әлеуметтік инженерия, дипфейктер, жасанды интеллектпен байланысты тәуекелдер және кибершабуылдардың алдын алу тақырыптарына назар аударылды.
Шара Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен өткізілді.
Бүгін Абай күніне орай Өскемендегі Орталық алаңда қазақтың ұлы ақыны әр ойшылының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Іс-шараға қоғам және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен қала тұрғындары қатысты.
Іс-шара Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театры әртістерінің театрландырылған прологымен басталды. Олар Абай бейнесін сомдады. Ұлы ақынның шығармалары орындалып, оның ішінде облыстық филармония солистерінің орындауында «Желсіз түнде жарық ай» әні шырқалды.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов шығысқазақстандықтарды айтулы күнмен құттықтады.
«Ең қиын кезеңдерде халқына тура жолдан таймауға, «бес дұшпаннан» аулақ болуға және «бес асыл іске» ұмтылуға үндеген ұлы Абай өз халқымен бірге мәңгі жасай береді», – деді өңір басшысы.
Рәсімге қатысушылар Абай ескерткішінің жанында оның рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Абай халқына мол әдеби мұра ғана емес, сонымен қатар адам, білім, еңбек, ар-ұят және қоғам алдындағы жауапкершілік туралы терең ой-толғамдар қалдырды. Оның сөздері бүгінде де өзектілігін жоғалтпай, есімі Қазақстанның рухани тарихының ажырамас бөлігі болып қала береді.
Іс-шара соңында облыстық филармонияның солистері «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін орындады. Рәсімге қатысушылар естелік суретке түсті.
2026 жылғы 9 маусымда елдің цифрлық дамуының жаңа кезеңін айқындайтын Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясы қабылданды.
Қабылданған құжат жекелеген процестерді автоматтандыруға, сапалы деректер, заманауи цифрлық платформалар мен жасанды интеллект технологиялары негізінде мемлекеттік басқаруды, экономиканы және әлеуметтік саланы кешенді трансформациялау арқылы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Шығыс Қазақстан облысы үшін Стратегия ережелерінің тікелей қолданбалы маңызы бар және олар Smart Region бастамалары арқылы қазірдің өзінде іске асырылуда. Біздің міндетіміз — цифрлық шешімдердің тұрғындар үшін нақты нәтиже беруін қамтамасыз ету: қауіпсіздікті арттыру, шешім қабылдау мерзімдерін қысқарту, мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту және туындайтын мәселелерге жедел ден қою. Әдістемеге сәйкес облыстың цифрлық жетілу деңгейі 100 балдың 80-ін құрайды, бұл еліміздің өңірлері арасында бесінші орын. Smart Region-нің 16 міндетті бастамасының 14-і іске асырылды, өңірді басқару, экология және қауіпсіздік бағыттары толық орындалды.
Басты бағыттардың бірі — деректерді басқарудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру. Өңірлік Data Lake («Деректер көлі») жүйесін толтыру шеңберінде 108 негізгі ведомстволық тізілім және тұрақты есептіліктің 238 нысаны өзектендірілуде. Өңірлік талдау орталығының базасында мемлекеттік органдардың, цифрлық жүйелердің, датчиктердің және аппараттық-бағдарламалық кешендердің деректері біріктіріледі. Бұл бытыраңқы ақпаратты жинаудан есептілікті автоматтандыруға, талдау панельдерін қалыптастыруға, тәуекелдерді болжауға және басқарушылық шешімдер қабылдауды қолдауға арналған жасанды интеллект модельдерін әзірлеуге көшуге мүмкіндік береді.
Қоғамдық және инфрақұрылымдық қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінеді. Шығыс Қазақстан облысында «Cerebro O.P.E.R 2.0» платформасында отандық бейнеталдау бағдарламалық жасақтамасы енгізілді. Оның базасында болашақ Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне (ҰБМЖ) арналған деректерді өңдеудің үш орталығы құрылды: Өскеменде — 6 215 камера, Риддерде — 261, Алтайда — 221. Сонымен қатар өңірде жол жүрісі қағидаларының бұзылуын бейнетіркейтін 243 аппараттық-бағдарламалық кешен жұмыс істейді.
Оқиғаларға автоматты түрде ден қою үшін бейнеталдаудың
1 050 функциясы іске асырылды: бет-әлпетті тану, қоғамдық бейнебақылаудың 300 камерасында адамдардың топталуын анықтау, 439 камерада көлік құралының мемлекеттік нөмірін, моделі мен маркасын сәйкестендіретін көліктік талдау, қаруды тану және қараусыз қалдырылған заттарды анықтау.
Сонымен қатар табиғи және техногендік тәуекелдердің алдын алудың цифрлық құралдары дамытылуда. «Ситуациялық орталық» жүйесі қауіп деңгейін, мұз жағдайын, фотоматериалдар мен гидрологиялық бақылау деректерін көрсете отырып, су тасқыны қаупі бар 49 аймаққа мониторинг жүргізуді қамтамасыз етеді. Келесі кезеңде су деңгейі мен ағысының жылдамдығын өлшейтін автономды IoT-датчиктермен стратегиялық маңызы бар 26 гидробекетті жабдықтау көзделген, бұл модельдеу дәлдігін арттырып, су тасқыны қаупі туындаған кезде ден қоюды жеделдетеді. Ұшқышсыз ұшу аппараттары адамдар мен автокөліктерді іздеу, өрт шыққан аумақтарды бағалау, ауқымды аумақтарды зерттеу және жергілікті жердің үш өлшемді модельдерін жасау кезінде қолданылады.
Цифрлық технологиялар тұрғын үй-коммуналдық және экологиялық салаларда енгізілуде. Жылумен жабдықтау объектілерінде технологиялық параметрлерді бақылауды және ауытқуларды ерте анықтауды қамтамасыз ететін 23 датчик орнатылған. Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару мониторингі жүйесіне 52 бірлік арнайы техника және 569 контейнер алаңы қосылған; жыл басынан бері қалдықтарды шығару кестесін бұзудың 556-дан астам фактісі анықталды. 25 автоматтандырылған экологиялық бекеттен алынған ақпарат Өңірлік талдау орталығына түсіп, экологиялық ахуалдағы өзгерістерді бақылауға мүмкіндік береді.
Телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту жеке басымдық болып қала береді. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысындағы 349 елді мекеннің 290-ы, оның ішінде 6 қала мен 284 ауыл байланыс және Интернет желісі қызметтерімен қамтамасыз етілген. Нәтижесінде облыс халқының заманауи байланыс қызметтерімен қамтылуы 98,6%-ды немесе 711 мың адамды құрайды. Бұл тұрғындардың электрондық мемлекеттік қызметтерге, қашықтан білім алуға, телемедициналық, қаржылық және басқа да цифрлық сервистерге тең қол жеткізуіне базалық жағдай жасайды.
Сонымен бірге облыста үлгілік шешімдерді қолдану әрдайым оңтайлы бола бермейтін, халқы аз әрі қатынауы қиын 59 елді мекен бар. Оларды байланыспен және Интернет желісіне қолжетімділікпен қамтамасыз ету әрбір елді мекеннің географиялық, климаттық және инфрақұрылымдық ерекшеліктерін, оның ішінде жер бедерін, шалғайлығын, электрмен жабдықталуын, көлік қолжетімділігін және қолданыстағы телекоммуникациялық инфрақұрылымды ескере отырып, жеке техникалық шешімдер негізінде жүзеге асырылатын болады. Әрбір елді мекен үшін қосудың ең тұрақты әрі тиімді нұсқасы айқындалады. Мұндай атаулы жұмыс цифрлық теңсіздікті кезең-кезеңімен азайтуға және тұрғындардың тұрғылықты жеріне қарамастан мемлекеттік, білім беру, медициналық және қаржылық қызметтерге қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Өңірлік стартаптарды дамыту да басым бағыттардың бірі. Oskemen Hub алаңында цифрлық сауаттылық, бағдарламалау және жасанды интеллект бойынша білім беру бағдарламалары, воркшоптар мен іс-шаралар өткізіледі. Біз университеттердің, жас әзірлеушілер мен IT-командалардың бастамаларын қолдаймыз, өйткені мамандарды даярлаусыз және өзіміздің технологиялық құзыреттерімізді дамытусыз Digital Qazaqstan-ды іске асыру мүмкін емес.
Бұл жұмыстың жалғасы ретінде Өскеменде Tomorrow School — 18 жастан асқан ересектерге арналған peer-to-peer форматындағы жасанды интеллект және бағдарламалау мектебі ашылды. Оқу
Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған және тегін. Бағдарлама портфолиоға арналған 50-ден астам практикалық жобаны, Go, JavaScript, Rust және Python тілдерін, сондай-ақ жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және блокчейн бағыттарын қамтиды. Формат өзара оқытуды, кәсіби қауымдастықты және кампусқа тәулік бойы қолжетімділікті көздейді.
Бұл жұмыста жасанды интеллект маманның орнын басатын құрал емес, қабылданатын шешімдердің дәлдігі мен жеделдігін арттыру тетігі ретінде қарастырылады. Төтенше жағдайларды болжау, инфрақұрылымның жай-күйін талдау, азаматтардың өтініштерін өңдеу, зияткерлік бейнеталдау және үлкен көлемдегі деректермен жұмысты автоматтандыру өңір үшін перспективалы бағыттар болып табылады.
Дамудың келесі кезеңі — Smart City және Smart Region тәсілдерінің одан әрі эволюциясы ретінде «AI-Native Cities & Regions» моделіне көшу. Мұндай модельде жасанды интеллект деректер архитектурасы мен қаланы және өңірді басқару процестеріне әуел бастан енгізіледі. Біріктірілген деректер ағындары нақты уақытқа жақын режимде талданады, бұл тәуекелдерді алдын ала анықтауға, инфрақұрылымға түсетін жүктемені болжауға, іс-қимылдың оңтайлы сценарийлерін ұсынуға және тұрғындарға проактивті, дербестендірілген қызметтер көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл ретте негізгі шешімдер адамның бақылауында қалып, қауіпсіздік, ашықтық және деректерді қорғау талаптары сақтала отырып іске асырылады. Осылайша, басқару болжамды және бейімделгіш модельге көшеді.
Сонымен бірге әрбір цифрлық шешімді енгізу ақпараттық қауіпсіздік және дербес деректерді қорғау талаптарын сақтаумен қатар жүруге тиіс. Цифрлық трансформация технологиялық қана емес, сондай-ақ қауіпсіз, түсінікті және азаматтардың қажеттіліктеріне бағдарланған болуы керек.
Сайып келгенде, AI-Native Cities & Regions моделіне көшу, ең алдымен, адам мен оның қажеттіліктері цифрлық трансформацияның орталығында болатын клиентке бағдарланған тәсілді білдіреді. Іске асырылатын барлық цифрлық жобалар мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, оларды алу мерзімдерін қысқартуға және азаматтардың өмір сүруі үшін анағұрлым қауіпсіз, қолайлы әрі жайлы жағдайлар жасауға бағытталған. Осылайша, Digital Qazaqstan іске асырылуының тиімділігі құрылған ақпараттық жүйелердің санымен емес, нақты өзгерістермен: тұрғындардың мәселелері қаншалықты жедел шешілетінімен, инфрақұрылымның қаншалықты сенімді жұмыс істейтінімен және заманауи цифрлық мүмкіндіктердің Шығыс Қазақстан облысының әрбір тұрғыны үшін қаншалықты қолжетімді бола түскенімен бағаланатын болады.
А. Сапаргалиев
Шығыс Қазақстан облысының цифрландыру және архивтер басқармасы басшысының орынбасары
Қазақстан экономиканың негізгі салаларына жасанды интеллект технологияларын енгізу арқылы цифрлық трансформация үдерісін жеделдетуде.
Еліміз AI-First архитектурасына кезең-кезеңімен көшіп, жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару жүйесі мен бизнес арасындағы өзара іс-қимылдың маңызды құралдарының біріне айналдыруда. Қазіргі уақытта өнеркәсіп, энергетика, денсаулық сақтау, білім беру және басқа да бағыттарды қамтитын 72 сала бойынша 20 цифрлық трансформация картасы бекітілген. Бұл бюрократиялық рәсімдерді оңтайландыруға және кәсіпкерлердің шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.
Бүгінде қоғам игілігіне бағытталған 50-ден астам ЖИ-агент әзірленуде. Денсаулық сақтау саласында инсультті ерте диагностикалауға арналған Cerebra AI жүйесі енгізілген өңірлерде өлім-жітім көрсеткішін 40%-ға төмендетуге ықпал етті. Сонымен қатар ЖИ-терапевт ондаған медициналық ұйымдарда дәрігерлердің жұмысын қолдауға көмектесуде.
Кәсіпкерлікті қолдау бағытында да жасанды интеллект мүмкіндіктері кеңінен қолданылуда. Бизнесті іске қосуға арналған ЖИ-көмекші бәсекелестік ортаны талдап, бастапқы кезеңдегі операциялық шығындарды екі есеге дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар тәулік бойы қолжетімді салықтық ЖИ-ассистент жұмыс істейді. «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп қаржыландыруға өтінімдерді сүйемелдеуге арналған мамандандырылған цифрлық көмекші де әзірленген.
Алдағы уақытта жасанды интеллект технологияларын ақпараттық қауіпсіздік саласында кеңінен қолдану жоспарланып отыр. Атап айтқанда, абонент қоңырауға жауап бермей тұрып алаяқтық қоңырауларды анықтап, бұғаттайтын антифрод жүйелерін енгізу көзделуде.
Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшілерді оқытуда Vibe Coding тәжірибесі енгізілуде. Бұл тәсіл қызметкерлерге күнделікті қайталанатын процестерді автоматтандыруға арналған ЖИ-агенттерді өз бетінше әзірлеуге мүмкіндік береді.
Аталған бастамалар проактивті сервистік мемлекет моделіне көшуге бағытталған ұлттық цифрлық трансформация стратегиясының бір бөлігі болып табылады. Жасанды интеллект пен заманауи цифрлық шешімдерді жүйелі енгізу экономиканың тұрақты дамуына, мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыруға және мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа деңгейін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ұлттық «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» жобасы аясында АСКУЭ жүйесін кезең-кезеңімен енгізу жоспарланған. Жоба бойынша 359 733 электр энергиясын есепке алу нүктесін жаңғырту көзделген, бұл жалпы нүктелердің 75,8%-ын құрайды.
Жоба аясында ескірген есептегіш құралдары заманауи көптарифті интеллектуалды құрылғыларға ауыстырылады. PLC және RF байланыс арналары арқылы жұмыс істейтін «Орман» және «Дала» типті есептегіштер орнатылады.
2026 жылы инвестициялық бағдарлама шеңберінде АСКУЭ функциясы бар 8 753 есептегіш орнату жоспарланған. Оның ішінде Өскемен қаласында 7 403 құрылғы іске қосылады.
Сондай-ақ 2026 жылы СК-11 бағдарламалық-техникалық кешені енгізілуде. Бұл жүйе электр желілерін жедел басқаруды жаңа деңгейге көтереді.
Цифрлық трансформацияның маңызды бағыты — цифрлық егіздерді енгізу. Оның аясында 35–220 кВ электр желілерінің цифрлық моделі жасалып, телемеханикалық деректермен алмасу жүйесі қалыптастырылады.
Шығыс Қазақстан облысындағы барлық білім беру нысандары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің №117 бұйрығымен бекітілген терроризмге қарсы қорғаныс талаптарына сәйкес қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етілген.
Қазіргі таңда облыста 344 мемлекеттік жалпы білім беретін мектеп, 85 мемлекеттік балабақша және 18 мемлекеттік колледж жұмыс істейді.
Білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 407 нысан Жедел басқару орталығына (ЖБО) және полицияның кезекші бөлімдеріне қосылған. Оның ішінде 325 нысан террористік тұрғыдан осал объектілер санатына жатады.
Сонымен қатар, облыстағы 447 білім беру ұйымы дабыл түймелерімен жабдықталған. Оның ішінде 325 нысан террористік тұрғыдан осал объектілер болып табылады.
Білім беру ұйымдарында қауіпсіз ортаны қалыптастыру, оқушылар мен педагогтердің өмірі мен денсаулығын қорғау бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда.
Қауіпсіздік – басты назарда!