
Бүгін шуақты көктеммен қатар келген Алғыс айту күнімен барша қазақстандықты шын жүректен құттықтаймын! Осынау жаймашуақ, жақыныңа деген сүйіспеншілік пен махаббатқа толы мерекеде мұқым ел қиын-қыстау жылдардағы адамгершілік пен мейірімділіктің салтанат құрғандығын еске алады. Бұл күнде тағдыры ортақ жандар бір-бірімізге қолдау білдіріп, алғыс айта аламыз. Мерекенің күнтізбеге енгеніне көп болмағанымен ол елдегі бейбітшілік пен келісімнің, халықтың өзара түсіністігі мен бірлігінің символына айналып үлгерді. Елімізде көптеген этнос өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Олар Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, рухани және саяси дамуына зор үлес қосып, мемлекет игілігі үшін жұмыла еңбек етуде. Халқымызға тән барлық асыл қасиеттер – адалдық, достық, ар сақтау, әділдік, сыпайылық, мейірімділік – әрқашан ұлттық қазынамыз болып қала берсе екен деп тілеймін. Әр шаңыраққа шаттық ұялап, береке-бірлігіміз мәңгілік болсын!