
Департамент өкілдерінің айтуынша, бұл бағытта іске асырылып жатқан маңызды жобалардың бірі – сот істерін автоматтандыруға арналған "Цифрлық сот приставы" жүйесі.
- Былтыр тамыз айында Әділет министрлігі “Цифрлық сот орындаушысы" жүйесін іске қосты. Соның арқасында халыққа әкімшілік айыппұлдар, 20 АЕК-ке дейінгі салық берешегі бойынша атқарушылық құжаттарды орындау мүмкіндігі берілді, - деді ШҚО Әділет департаментінің басшысы Айгүл Түктібаева.
Ол атқарушылық іс жүргізу мерзімі 30 күнге дейін қысқартылғанын да атап өтті. Облыста "Цифрлық сот орындаушысы" жүйесі арқылы 215,5 млн теңге сомасына 10 577 іс қозғалды, азаматтар жеке сот орындаушылары қызмет құнының 25%-ын есептемегенде 32 млн теңге үнемдеді.
Сондай-ақ, халықты онлайн режимде заң қызметтерін ұсынуға және алуға арналған "E-ZanKomegi" бірыңғай ақпараттық жүйесі жұмыс істейді.
Осылайша, 1 949 қорғаушы мен заң кеңесшілерінің қатысуымен азаматтар заң көмегіне қол жеткізіп отыр. 2023-2024 жылдары 88 738 іс қабылданды. Порталға 6 749 пайдаланушы кірді.
Қазіргі уақытта құқықтық ақпараттық қызмет операторларымен "Бейнеқоңырау" жүйесі іске қосылды.
Сонымен қатар “Zan Komegi" мобильді қосымшасының тәжірибелік ортасында тестілеу мен оқытудан өтіп жатқан құқықтық кеңес беру бойынша жасанды интеллект элементтері бар чат-ботты іске қосу жоспарлануда.