Аймақ басшысы өңір жастарымен еркін форматта кездесті. Шара барысында жастар саясаты мен креативті индустрияны дамыту, жастардың бос уақытын өткізуге арналған комьюнити-орталық құру мәселелері талқыланды.
Кездесуге түрлі сала өкілдері жиналды. Қалыптасқан дәстүр бойынша жас шығысқазақстандықтар облыс әкіміне тұрғын үй сатып алу, өз кәсібін ашу үшін грант немесе жеңілдетілген несие алу мүмкіндіктері, мәдениет және спорт саласына қатысты сұрақтарын қойды. Сондай-ақ оларды қазіргі таңда сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқыту, жас мамандарды жұмыспен қамту мен оларға берілетін әлеуметтік кепілдіктер толғандырды.
Жиын барысында облыс әкімінің жыл сайынғы «Jastarmen birge» –«Мемлекеттік жастар саясатын дамытуға қосқан үлесі үшін» сыйлығы табысталды. Сонымен қатар «Қайратты жастар – 2024» жұмысшы жастар фестивалінің жеңімпаздары марапатталды.
«Жыл қаһарманы» номинациясын Шемонаиха ауданының өрт сөндірушісі Думан Кенжебеков иеленді. Қазан айында Усть-Таловкадағы көппәтерлі тұрғын үйде өрт шықты. Құтқарушы 10 адамды, оның ішінде алты баланы қызыл жалыннан аман алып шықты. Нәтижесінде ешкім зардап шеккен жоқ. Өңір басшысы оны мемлекеттік наградаға ұсынды, өз кезегінде жастар бұл ойды толығымен қолдады.
Облыс әкімі Ермек Көшербаев Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағанын атап өтті. Осы ретте жастар аталған мамандықтарды кеңінен насихаттауға атсалысуы керек. Сонымен қатар жастар өз қатарластары арасында нашақорлық, лудоманияның зиянын түсіндіріп, алдын алуға өз үлесін қоса алады.