ҚР БҒМ алқа отырысы: 2022 жылы қазақстандықтардың сапалы білім алуға қолжетімділігі артады

ҚР БҒМ алқа отырысы: 2022 жылы қазақстандықтардың сапалы білім алуға қолжетімділігі артады

2022 жылы қазақстандықтардың сапалы білім алуға қолжетімділігі артады. Бұған жаңадан 200 мектеп салу арқылы оқушылар орнының көбеюі ықпал етеді. Білім беру ұйымдарына білікті педагогтер тартылады. Ол үшін министрлік қазірдің өзінде әлеуметтік пакетті ұсынуды қолға алды. Балабақшаларда, мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында білім алу үшін қауіпсіз және қолайлы жағдайлар жасалып, білім беру қызметінің сапасына бақылау да күшейтіледі. ҚР Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында барлық өзекті мәселе, білім және ғылым саласындағы 2021 жылғы жұмыстың қорытындылары мен 2022 жылға арналған міндеттер талқыланды. Алқа отырысына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов қатысты. Жиынға ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов модераторлық етті.           

Мектепке дейінгі білім беру саласында республика бойынша балабақшаларға кезекке тұрудың бірыңғай базасы құрылады. Ол мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы орындарды бөлудің ашықтығын, қаржының дұрыс жұмсалуын және кезектің қайталанбауын қамтамасыз етеді. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының, әсіресе жекеменшік балабақшалар қызметінің сапасын жақсарту бойынша шаралар қабылданады. Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Қаринова педагогтердің біліктілігін арттыруға, қала мен ауыл оқушылары арасындағы білім алшақтығын азайтуға да баса назар аударылатынын атап өтті.        

Дарынды балаларды қолдау бойынша жұмыс жалғасады, министрлік заңнамаға түзетулер енгізіп жатыр. Онда интеллектуалдық байқаулардың жүлдегерлеріне жоғары оқу орындарына ҰБТ-сыз, конкурстан тыс негізде білім алу үшін гранттар беру қарастырылған. Сондай-ақ ведомство халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері және оларды даярлаған педагог-жаттықтырушыларға да біржолғы ақшалай сыйақы төлеуге бастамашылық етті. Алтын медаль иегерлеріне — 1500 АЕК, күміс медаль – 1000 АЕК, қола медаль – 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы тағайындау жоспарланып отыр.

Президенттің тапсырмасына сай колледждерде білім алу бойынша мемлекеттік тапсырыс көлемі артады. Биыл 120 мыңнан астам қазақстандық тегін техникалық және кәсіптік білім ала алады. Бұл өткен оқу жылымен салыстырғанда 25 мыңға көп. Кәсіпорындардың колледждерді шефтік қамқорлыққа алу тәжірибесін дамытып, дуалды білім беруді кеңейту көзделіп отыр.

Білім және ғылым министрлігі жоғары білім беру жүйесіне оқытудың жаңа құралын енгізуді жоспарлап отыр. «Онлайн-оқу» білім алудың жаңа форматына айналады. Елімізде алғашқы онлайн-университеттер ашылады. Жалпы, жоғары оқу орындарында білім алу үшін гранттар саны 5 мыңға артады, олардың 60%-ы техникалық мамандықтар бойынша бөлінеді. Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасын қайта қарастыру бойынша жұмысты бастадық.

 2021 жылы ғылымды қаржыландыру 2 есеге артты. Ғалымдарға ғылыми идеяларын жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ұсынылып жатыр.

Ғылыми-зерттеу институттарын материалдық-техникалық жаңарту жұмыстары жалғасатын болады. Сондай-ақ ЖОО мен ғылыми институттардың тығыз қарым-қатынасын дамытуға арнайы кешенді шаралар қабылданады.

Мемлекет басшысы 2022 жылды Балалар жылы деп жариялады. Сондықтан кәмелетке толмағандардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, балалардың өмір сүруіне, білім алуына және дамуына қолайлы жағдай жасауға баса назар аударылатын болады.

Кеңейтілген алқа отырысына қатысқан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов министрліктің қызметіне оң бағасын беріп, Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың сапалы орындалуының маңыздылығын атап өтті.