Тарбағатай аудандық мәслихатының тұрақты комиссияларының
бірлескен отырысының
ХАТТАМАСЫ
Ақсуат ауылы 2022 жылғы 29 наурыз
Аудан әкімдігінің ғимараты сағат 11.00
Төраға: С.Омарбеков
Хатшы: Ғ.Какешова
Құрметті жиынға қатысушылар аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен мәжілісін ашуға рұқсат етіңіздер.
Тұрақты комиссияның бірлескен мәжілісіне мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасары, мекеме бөлім басшылары қатысып отыр.
Тұрақты комиссияның бірлескен отырысының күн тәртібі.
1) Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың 16 наурыз 2022 жылғы халыққа арнаған Жолдауындағы еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымына өзгерістер енгізу мәселесі бойынша Тарбағатай ауданын бөлу туралы
Тыңдалды:
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың 16 наурыз 2022 жылғы халыққа арнаған Жолдауындағы еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымына өзгерістер енгізу мәселесі бойынша Тарбағатай аудандық мәслихаттың төрағасы А.Боғырбаевтың Тарбағатай ауданын бөлу туралы ұсынысы есепке алынсын.
Жарыс сөз сөйлегендер:
С.Омарбеков - аудандық мәслихат депутаты:
Бірігіп жатырмыз деп қуанушы едік, айырылысып жатқанға қуанғанды бірінші рет көріп тұрмын. Бірақ біз рухани жағынан ешқашан бөлінбейміз, біз бір елміз, біз қазақ еліміз, бауырлас қазақ жұртымыз, нағашылы, жиенді елміз. Ақжар өңірінде тұрып жатқан 6 Жұмық 5 сатының балалары біздің нағашы апамыз - Мақта апамыз. Осы Ақсуат ауылы біздің Байыс елі Мақта апамыздың туған елі, сондықтан біздің туған нағашы жұртымыз. Әрқашан да біз жақынбыз. 25 жыл бұрын келіп, біздің ағайындар ана шешен жұрты, индус жұрты айтады ғой, кавказдан бізді жер аударғанда Қазақстанға барғанда бізді күтіп алып еді деп. Сол сияқты, біздің ағайындар да күнделікті айтып отырады. Біз Ақсуатқа келгенде Ақсуаттың халқы бізді күтіп алып күнде қонақта болғанбыз, бізді ешқандай жатсынған жоқ, орталарына сіңіп кеттік, бала-шағаларымыз өсті деп жатады. Міне, бүгін тарихи күн, 25 жыл өте шығыпты, мен соның 20 жылына куә болдым. 20 жылдың ішінде өз басым, ана өз елімнен гөрі басқа елге жақын болады дей ма, Ақсуат халқы еркелігімді көтерді. Ағалар мені Сержан деп еркелетті, шетке қаққан жоқ, бауырындай көрді. Сіздерге Тарбағатай халқының атынан, Ақжар өңірінде тұрып жатқан Байжігіт елінің, соның ішінде Жұмық ауылының атынан үлкен рахмет айтқым келеді, рахмет Сіздерге! Сіздерден біз бөлініп жатқанымыз жоқ, отау құрып, бөліп шығарып жатырсыздар.
Қ.Ильясов – аудандық мәслихат депутаты
Енді мынау заманымызға, елімізге, халқымызға бір үлкен жақсылық. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман келді деп жатыр ғой. Абай облысы болып, біздің тарихи орталығымыз деп бөлініп жатыр облысымыз. Енді заманның 25 жылдығында қайта бөлініп жатыр. Бұл үлкен жақсылық деп ойлаймын, бір облысымыз екіге көбейіп жатырмыз, мына аудандарымыз, екі аудан болады, көп жұмыс орындары болады, біз шекаралық аудан болғандықтан бөлген дұрыс деп ойлаймын. Біз уже бір халық, бір ел болып кеткенбіз. Сержан Көкенович айтып жатыр ғой, жақсы қарсы алды, біз шығарып салмаймыз, одан ары қарай нығаю керекпіз, өсу керекпіз, бір-бірімізбен ақылдаса отырып, көркейе берейік. Еліміз көркейсін. Бұл барлығымызға ортақ жер, ортақ ел, өмірбақи жаңағы ағайын - туыс болып қала береміз. Барлығыңыздың алға қойған мақсаттарыңыз іске ассын. Барлығымызға сәттілік. Аман болайық! Үлкен рахмет!
Қ.Қасенов – аудандық мәслихат депутаты
Құрметті депутаттар, құрметті жиынға қатысушылар! Енді үлкен ұсыныс, үлкен тарихи мәселе. Бүгінгі күні, әрине, облысымыз бөлінгелі тұр, облысымыздың бөлінгелі тұрғанына ешқандай күмәнім жоқ, өйткені Президентіміз Қасым –Жомарт Кемелұлы айтты. Ал енді біз мына аудан бөлу жайында, бұл енді ұсыныс, бұл жоба ғой, Асқар Жұмашұлы. Осы жолы біз ауылдарды аралаған кезінде бізге мәселе қойып сұрайсыңдар деген ұсыныс болған. Сол кезде біз Көкжыра ауылы, Қызыл кесік, Екпін ауылдарын аралаған кезде осындай ұсыныс бар: қалай қарайсыздар, халықтың ішінен қоғамдық пікір, халықтан сұраған кезде барлығының айтқаны бөлінсе жақсы болар еді деп. Осыны құптаймыз деп. Әрине, мына Ақсуат жақтың халқынан сұрасаңыздар қалаға қайда барамын десеңіздер, Семейге барамын дейді. Ал мына Ақжар халқынан сұрасаңыздар қалаға Өскеменге барамыз дейді. Сол себепті үлкен кісілерден келе жатқан осындай ұсыныс бар. Өскемен облыс болғалы Семей қаласы біраз әлсіреп қалды. Енді соған байланысты осы аудандарды жиналыс жасап қосып береміз деп жатса ол жаңағы қаланың көркеюіне, ертең әр ауылдың қазағы, осы Қазақстанның көркеюіне Қазақстанның жаңағы әр азаматы қол ұшын тигізуі керек деген түсінік бар ғой. Сол секілді Семейдің өркендеуіне осы Ақсуат халқы да бір қол ұшын тигізіп жатса, ары қарай құба-құп болар еді. Ал бүгінгі таңда жаңағы үлкен мәселелер айтылып жатыр. Осы уақытқа дейін біріккен уақытта да қаншама шаруалар істелінді. Береке бірлікпен, халықтың санының үлкендігіне байланысты ауданға қаншама инвестиция бөлінді. Ертең, мысалы халық санының аздығына байланысты, сәл-сәл инвестициядан қағылуымыз да мүмкін. Осының бәрін сараптаған кезде, бірақ та әрине әр аудан өзі болып ары қарай істейтін кезде, бұрын үлкен топта жүрді, енді әрқайсысы бөлек топ болып, шапқан кезде бәйгеден бәйгеге әрине жақсы боп, дұрыс болып сапалы жетеді деген ұсыныстамыз, осындай ойдамыз. Сондықтан ауданымыз екі жақтан бөлініп, аудан жақсы болып дамып, ары қарай еліміз бірге дамып жатсақ әрине құба-құп риза болар едік.
М.Бұқаев – аудандық мәслихат депутаты
Мен өте қуаныштымын. Семей мен Өскемен Шығыс Қазақстан болып бөлініп жатқанына. Семейде өзім оқып, білім алғам, Семей ыстық. Семейдің гүлденгенін қалаймын. Енді Семей Шығыс Қазақстаннан бөлінгеннен кейін, енді өзіміздің Ақсуат пен Тарбағатай екіге бөлінгені гүлденіп, ары қарай жайнайды деп ойлаймын. Жаңа осы екі жақтың тұрғындары бір-бірімен ағайын-туыс, бауырлас болып кетті. Араласып, сыйласып, сол қалпымыздан қалмай араласып, сыйласып жүре берейік. Әрқашан жақсылықта жүздесе берейік.
Е.Ескендіров – Тарбағатай ауданы әкімінің міндетін атқарушы
Қадірменді депутаттар, құрметті әріптестер! Енді 16 желтоқсаннан бастап бүкіл Қазақстан бойынша жақсы бір жаңалықтар орын алып жатыр ғой. Шығыс Қазақстан облысы бөлек, Абай облысы бөлек, Ұлытау, Жетісу облысы болып. Халықтың үлкен серпілісіне, жақсы жаңалығына әкеп соқты. Енді не айтамыз енді. Біздің жұмыс әлі жалғаса береді. Біз әлі ел үшін қызмет ете береміз. Екі аудан үшін бөліну әлі жоба, енді еліміздің Президентіне ең бастысы рахмет айтуымыз керек. Сол Президенттің арқасында осы шешімдер қабылданып, іске асып жатыр. Құтты болсын. Тыныштық болсын! Мына жаңа облыстан сұрап жатыр, техникаларды сұрап жатыр, ғимараттарды сұрап жатыр, облыстан сұрап жатқаннан кейін мен ойлаймын барлығы жаңарады деп. Жаңа техникалар служебный, кім қайда орналасады, оларға ремонт керек па дегендей. Біз бөлінді екен деп қарап отырған жоқпыз, тек қана жақсылығына, жақсы жағына жұмыс жасап жатырмыз. Біздің жұмыс әлі де жалғаса беретін болады. Құтты болсын барлығы. Жаңағы ағайынды, құдандалы, құда-жекжат болып кеткен елміз ғой.
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Тарбағатай ауданының әкімшілік-аумақтық территориясын бұрынғы Ақсуат ауданының шекаралық территориясын сақтай отырып және бұрынғы Тарбағатай ауданының шекаралық территориясын сақтай отырып екіге бөлу туралы Тарбағатай аудандық мәслихаттың төрағасы А.Боғырбаевтың ұсынысы есепке алынып алдағы өтетін мәслихаттың кезекті сессияға қарауға ұсынылсын.
Төраға: С.Омарбеков
Хатшы: Д.Нукишева