Противопожарные мероприятия во время летних каникул.
Жазғы демалыс мезгілінде өрттің алдың алу шаралары. Жазғы демалыс келісімен оқушылар ересектердің қарауынсыз жиі қалады. Бұл кезеңде балалардың отпен ойнауынан туындайтын өрттердің шығуы қаупі арта түседі. Статистика біздің еліміздегі жалпы өрттердің 10-15% балалардың отпен ойнауы немесе әртүрлі жылыту аспаптарынан шығатынын көрсетіп отыр. Пәтерде немесе жеке тұрғын үйде жалғыз қалған бала үлкендерге еліктеп, сіреңкені алып қағазды жағуы, электржылытқыш аспабын розеткаға қосуы, тіпті от жағуы мүмкін. Кейде ересектерден үлгі алып балалар темекі шегуге талпынады. Бұған әрине, балаларды пәтерде жалғыз қалдыратын, олардан сіреңкені жасырып қоймайтын, балалардың әрекетін қадағаламайтын, олардың ойынына зер салмайтын, кейде балаларды еркелетіп, олардың сіреңкемен ойнауына рұқсат беретін немесе пешті жағуды тапсырып, оны қарауға қалдыратын ата-аналар кінәлі екені сөзсіз. Балалар көбінесе «құпия орындарда» (құрылыста, шатырда, жертөледе) немесе ересектер жоқ кезінде пәтерде отпен ойнағанды ұнатады. Естеріңізде сақтаңыздар: сіреңкені балалардың қолы жетпейтін орындарда сақтау, балаларға сіреңке, папирос және темекі сатып алуға тыйым салу, ересектер ұдайы түрде балаларды бақылап отырулары қажет; балаларды пәтерде жауып кетуге болмайды (осының салдарынан қаншама қайғылы оқиға орын алды), оларға жанып жатқан пеш пен жылыту аспаптарын қарауды тапсыруға, әсіресе кіші жастағы балаларға жылыту аспаптарын, газ плиталарын және тағы басқаларды қосуға тыйым салынады. Әрбір ересек адамның міндеті – балалардың отпен ойнауына жол бермей, оларға оттың қаупін түсіндіру. Кейде азаматтар жану белгілерін байқаса да (түтін иісін), оған жете мән бермей, ұзақ уақытқа дейін өртке қарсы қызметті шақырмайды. Осындай жағдайларда өрттердің аумағы зор болып, көбінесе қайғылы жағдайлармен аяқталады. Естеріңізде болсын, егер бақылаусыз қалған балалардың салдарынан өрт шығып, ол кімде-кімге нұқсан келтірсе, онда ата-аналар заң бойынша әкімшілік тәртіпте жауапкершілікке тартылады. Қараусыз қалған балалар себепкер болған өрттен келген нұқсан соммасын зардап шегушінің өтініші бойынша ата-аналарынан өндіріп алуға сот құқылы.Дата публикации
09 апреля 2021