
Еңбек деген байлық бар ерінбеген жететін, жоқшылық деген жебірді жермен жексен ететін. Рас, еңбек бейнет емес ол зейнет. Тапқаның адал болса, халыққа да сыйлысың, өз арының алдында да адалсың, оның үстіне қашан да мемлекет те еңбектенгенді елейді. ҚР Президентінің жарлығы бойынша қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту мен бизнес-құрылымның ел экономикасына қосқан үлесін, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жария етуге бағытталған «Парыз» байқауы елімізде 2008 жылдың 28 қаңтарынан бастап өткізіліп келеді.
Сайыстың он бес жыл бойы мәнді әрі мағыналы және сәтті өтуі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, ҚР атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасы, ҚР Кәсіподақ федрациясы мен жергілікті атқарушы органдардың еңбегі деп білеміз. Айта кетейік, бұл конкурс 5 номинация бойынша өткізіледі. («Жылдың үздік әлеуметтік жобасы», «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын», «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын», «Үздік ұжымдық шарт», «Экологияға қосқан үлесі үшін»).
Шығыс Қазақстан облысы да бұл шарадан тыс қалған емес. Себебі, біздің өңірде ел экономикасының дамуына ат салысып жүрген, өз ісінің хас шеберлері, «ер дәулеті-еңбек» деп білетін, сол еңбектің зейнетін көріп отырған ірі, шағын және орта кәсіп иелері жетерлік. Олар өз істерін дөңгелетіп одан нәпақа тауып оның үстіне қаншама халықты тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп отыр.
Мына жетістіктер сөзімізге дәлел болсын.
Былтыр, яғни 2022 жылы «Востокцветмет» ЖШС «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясы бойынша екінші орын, сондай-ақ, «Виситаев Р.Д.» шаруа қожалығы «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясы бойынша жүлделі үшінші орынды иеленді. Айта кетейік, «Виситаев Р.Д.» шаруа қожалығы еңбек нарығында 2001 жылдан бастап еңбек етіп келеді. Бүгінде 120 адамға тұрақты жұмыс орынын беріп отыр. Екі қолға бір күрек тауып отырған азаматтардың ай сайынғы еңбекақысы 450 мың теңгені құрайды. Бұл орта кәсіпорынның басшысы Виситаев Тимур Русланұлы. Шаруа қожалығының негізі бағыты: ауыл шаруашылық өнімдерінің тауарлық өндірісі (өсімдік шаруашылығы), етті бағыттағы мал шаруашылығы.
Мемлекет орта және шағын кәсіпкерлікті жақсы қолдайды. Аталған кәсіпорын жыл сайын мемлекеттен заманауи тыңайтқыштарды сатып алуға субсидия және соңғы үлгідегі ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға инвестициялық субсидия алады. Бұл шаруа қожалығында соңғы заманауй үлгідегі технологиялар мен техникалар қолданылады. 2018-2022 жылдар аралығында Виситаев шаруа қожалығында жалпы сомасы 1,6 млн.теңгеге машина-трактор паркі жаңартылды. Кәсіпорын жұмысын жақсарту үшін шаруа қожалығының балансында 60 бірлік трактор, 7 бірлік Lexion-6700 маркалы комбайн, 10 бірлік Камаз маркалы жүк көлігі, 6 астық сақтайтын қойма, 16 000 тонна/сағ астық кептіргіш, 1000 бас мал ұстайтын 5 база, 300 тонна жанар-жағармай сақтайтын қойма, машина-трактор шеберханасы бар. Сондай-ақ, былтыр 16 мың тонна астық сақтайтын сақтау бөлімі бар астық кептіру кешені іске қосылды.
Ерекше атап кетерлігі аталмыш кәсіпорынның өз еңбеккерлеріне деген құрметі аса жоғары. Жыл сайын кәсіпорын қызметкерлеріне үй сатып алуға деп миллиондаған қаражат бөлінеді, кәсіпорын жұмысшылары үшін ауыл шаруашылық өнімі түріндегі әлеуметтік пакет, бала туылғанда 100 мың теңге көлемінде бір реттік материалдық көмек беріледі, сонымен қатар жұмысшыларға санаторийлерде демалуға тегін жолдама сыйланады. Бұл өз кезегінде қызметкерлерін шын бағалайтын басшының ерлігі деуге келетін шығар?!
Одан бөлек, кәсіпорын түрлі қайырымдылық шараларынан тыс қалмайды. Атап айтсақ, кәсіпорын жыл сайын өз бюджетінен Глубокое ауданындағы Аналар кеңесіне, Глубокое орталық аудандық ауруханаға, спорттық керек-жарақ алу үшін хоккейшілерге, Риддер қаласының өрттен зардап шеккендерге, Глубокое ауылындағы аудандық мешітке және балабақшаға, жолдарды асфальттауға, көшелерді жарықтандыруға, сондай-ақ аз қамтылғандар мен зейнеткерлерге, ардагерлерге азық-түлік пакеттерін сатып алуға жыл сайын қаражат бөледі.
ЕҢБЕК ЕТСЕҢ ЕЛЕНЕРСІҢ, ЕҢБЕГІҢЕ КЕНЕЛЕРСІҢ деген осы болса керек.
Айтпақшы, «Парыз-2023» конкурсына өтінім қабылдау басталғанын хабарлаймыз. Егер, Сіз, ірі, шағын және орта кәсіп иесі болсаңыз, ел азаматтарын тұрақты жұмыспен қамтып, ел экономикасының дамуына үлес қосып отырған бизнес-субъекті болсаңыз, онда аталмыш сайыстан тыс қалмаңыз. Құжаттарыңызды өткізіп, бәйгеде бақ сынаңыз! Мүмкін, биыл Сіз, ия Сіз Жеңіс тұғырынан көрінерсіз! Іске сәт!