2026 жылы БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдерінің мөлшері қалай өзгерді?
Бұрын, яғни 2026 жылға дейін лайықты демалысқа шыққан зейнеткерлерге БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1 қаңтардан бастап 5%-ға өсті.
Еске сала кетейік, БЖЗҚ-дан төленетін төлемдер Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы Қаулысымен бекітілген Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесіне сәйкес жүзеге асырылады. Оған сәйкес, зейнетке шыққан азаматтарға төленетін төлемдер келесідей есептеледі: төлемдерді алудың бірінші жылында зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы жинақтарын төлеудің 6,5% ставкасына көбейтіледі және 12-ге бөлінеді. Кейінгі жылдары ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері зейнетақы төлемдерін индекстеудің 5% ставкасына артып отырады. Бұл ретте БЖЗҚ-дан берілетін ай сайынғы зейнетақы төлемі тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің (бұдан әрі – КД) кемінде 70% мөлшерінде жүзеге асырылады (2025 жылы КД – 50 851 теңге).
Алушылардың белгілі бір санаттары үшін: мерзімсіз белгіленген 1 немесе 2-топтағы мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ жинақтары жиынтығында кемінде алпыс ай бойы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зиянды және қауіпті өндірістерде жұмыс істегендер үшін Әдістемеде ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшерін арттыратын түзету коэффициенттері көзделген. Жоғарыда көрсетілген шарттардың бірнешеуіне сәйкес келетін тұлғалар үшін мәні ең жоғары түзету коэффициенті қолданылады.
БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтары таусылғанға дейін жүзеге асырылады.
2026 жылы жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасының ставкасы қандай?
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасының (ЖМЗЖ) ставкасы қызметкер табысының 3,5%-ына дейін өсті (жыл сайын ЖМЗЖ мөлшері кезең-кезеңімен өседі: 2024 жылы – 1,5%, 2025 жылы – 2,5%, 2026 жылы – 3,5%, 2027 жылы – 4,5% және 2028 жылы 5% құрайды).
Еске сала кетейік, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанның жинақтаушы жүйесі жаңа компонентпен – жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарымен (ЖМЗЖ) толықтырылды. Қабылданған өзгерістерге сәйкес, әрбір жұмыс беруші қызметкердің табысынан алынатын міндетті 10 пайыздық жарналардан бөлек, 1975 жылғы 1 қаңтардан кейін туған өз қызметкерлерінің пайдасына өз қаражаты есебінен қосымша жарналар аударуға міндетті.
ЖМЗЖ есептелетін сома ең төменгі жалақыдан (ЕТЖ) аз болмауы және тиісті жылға белгіленген ЕТЖ-ның 50 еселенген мөлшерінен аспауы керек. Зейнеткерлік жастағы адамдар, 1-ші және 2-ші топтағы мерзімсіз мүгедектігі бар адамдар, әскери қызметшілер, сондай-ақ 1975 жылғы 1 қаңтарға дейін туған адамдар ЖМЗЖ төлеуден босатылған.
«Арнайы салық режимі» (АСР) дегеніміз не?
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда ҚР жаңа Салық кодексінің күшіне енуіне және ҚР Әлеуметтік кодексіне өзгерістер енгізілуіне байланысты жаңартылған арнайы салық режимдері (АСР) енгізілді: өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған АСР, оңайлатылған декларация негізіндегі АСР, сондай-ақ шаруа немесе фермер қожалықтарына (ШФҚ) арналған АСР. Бұл режимдер өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың тек салық төлеуін ғана емес, сонымен қатар зейнетақы жарналарының міндетті түрлерін де реттейді.
Жаңартылған «арнайы салық режимдері» (АСР) қандай мақсатпен енгізілді?
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған АСР, оңайлатылған декларация негізіндегі АСР және ШФҚ үшін АСР енгізу келесілерге бағытталған:
өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен микробизнесті белсенді тарту арқылы зейнетақымен және әлеуметтік жүйемен қамтуды кеңейту;
Қазақстанның миллиондаған азаматтары үшін бизнес жүргізуді оңайлату;
мобильді қосымшалар мен онлайн-платформалар арқылы салықтық әкімшілендіруді одан әрі цифрландыру.
Бұл жаңалықтар зейнетақы жинақтарын қалыптастыруға мүмкіндік береді, жұмыс істейтін азаматтардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етеді және «көлеңкеден» шығуға ынталандырады.
«Арнайы салық режимдерінің» қандай түрлері енгізілді?
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, соның ішінде интернет-платформаларды пайдалана отырып қызметін жүзеге асыратындарға арналған АСР
2026 жылдан бастап енгізілетін өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған АСР жеке кәсіпкер (ЖК) болып табылмайтын және жалдамалы қызметкерлердің еңбегін пайдаланбайтын жеке тұлғаларға (Қазақстан азаматтарына, қандастарға) арналған. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған АСР ҚР Үкіметі бекітетін қызмет түрлерінің шектеулі тізбесіне қолданылады.
АСР қолданатын өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың бір күнтізбелік айдағы табыс лимиті тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 300 еселенген мөлшерінен (жылына 3 600 АЕК) аспауы тиіс.
Осы АСР-ды қолданатын өзін-өзі жұмыспен қамтығандар алған табыстарынан міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) және жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын (ЖМЗЖ) өз бетінше төлейді.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған АСР бойынша зейнетақы жарналарының ставкасы:
МЗЖ – табыстың 1%-ы,
ЖМЗЖ – табыстың 1%-ы.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар бұл АСР-ды арнайы мобильді қосымша арқылы, оның чектері мен басқа да көздерден алынған табыстар туралы мәліметтер негізінде қолданады. Жалпы пайдаланымдағы телекоммуникация желісі жоқ жерлерде табыстарды есепке алу олардың өздері әзірлеген қарапайым нысанда, күнін, операциялардың атауын, әрбір операция нәтижесінде алынған сомаларды және әр күнге, әр айға арналған қорытынды соманы көрсете отырып жүргізіледі.
АСР қолданатын және интернет-платформаларды және (немесе) платформалық жұмыспен қамтудың мобильді қосымшаларын пайдалана отырып қызметін жүзеге асыратын өзін-өзі жұмыспен қамтығандардан МЗЖ мен ЖМЗЖ-ны интернет-платформа операторы ұстап қалады және аударады.
Оңайлатылған декларация негізіндегі АСР
Оңайлатылған декларация негізіндегі АСР-ды ҚР Салық кодексінің 723-бабының 2-тармағында көрсетілген салық төлеушілерді (басқа заңды тұлғалардың қатысу үлесі 25 пайыздан асатын заңды тұлғаларды, коммерциялық емес ұйымдарды, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қатысушыларын және т.б.) қоспағанда, Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылатын ЖК және заңды тұлғалар қолдануға құқылы.
Оңайлатылған декларация негізіндегі АСР-ды тиісті шарттар кезінде келесі тұлғалар қолдануға құқылы:
- бір күнтізбелік жылдағы шекті табысы тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын АЕК-тің 600 000 еселенген мөлшерінен аспайтын;
- ҚР Үкіметі белгілеген оңайлатылған декларация негізіндегі АСР-ды қолдануға тыйым салынған қызмет түрлеріне жатпайтын қызметті жүзеге асыратын тұлғалар.
Оңайлатылған декларация негізіндегі АСР үшін зейнетақы жарналарының ставкалары стандартты:
МЗЖ – табыстың 10%-ы,
ЖМЗЖ – 2026 жылы табыстың 3,5%-ы, кейіннен 2028 жылы 5%-ға дейін жыл сайын артады.
Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған АСР
ШФҚ үшін АСР-ды Қазақстан аумағында жеке меншік және (немесе) жер пайдалану (соның ішінде қайталама жер пайдалану құқығы) құқығындағы жер учаскелері болған жағдайда шаруа немесе фермер қожалықтары қолдануға құқылы.
ШФҚ үшін таңдалған АСР күнтізбелік жыл ішінде өзгертілуге жатпайды, тек ШФҚ қызметі оны қолдану шарттарына сәйкес келмей қалған жағдайлар бұған кірмейді.
ШФҚ үшін АСР бойынша зейнетақы жарналарының ставкалары:
МЗЖ – табыстың 10%-ы,
ЖМЗЖ – 2026 жылы табыстың 3,5%-ы, кейіннен 2028 жылы 5%-ға дейін жыл сайын артады.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған АСР, оңайлатылған декларация негізіндегі АСР, сондай-ақ шаруа немесе фермер қожалықтарына (ШФҚ) арналған АСР шеңберінде МЗЖ, ЖМЗЖ төлеу табыс алынған айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірілмей жүзеге асырылады.