GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Әкім аппараты
Құжаттар
Қызметі
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Онлайн қабылдау
Все материалы
21 октября 2026
ЗЕЙНЕТАҚЫ АКТИВТЕРІН БАСҚАРУ. БЖЗҚ ТУРАЛЫ ӨЗЕКТІ САУАЛДАР

1. Зейнетақы активтерін кім басқарады?

Зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (ҚРҰБ), сондай-ақ 2021 жылдан бастап тиісті лицензиясы бар және уәкілетті органның талаптарына сай келетін инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) жүзеге асырады. Мұндай сенімгерлік басқарудың негізгі мақсаты – зейнетақы жинақтарын түрлі қаржы құралдарына инвестициялап, табыс алу.

Зейнетақы активтерін басқарушылар – ҚРҰБ пен ИПБ-лардың зейнетақы активтерін инвестициялау бойынша өзіндік стратегиясы бар және олар инвестициялық портфельдің құрылымын инвестициялық декларация шеңберінде дербес айқындайды.

Қолданыстағы ИПБ тізіліміне қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға бере алатын 6 жеке компания кіреді:

«Alatau City Invest» АҚ, «BCC Invest» АҚСентрас СекьюритизАҚ, «Halyk Finance» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ, «Tansar Capital» АҚ (Бұл ретте «Halyk Global Markets» АҚ «БЖЗҚ» АҚ-ға 2027 жылдан бастап сенімгерлік басқару шартын бұзатыны туралы хабарлаған. Осыған байланысты, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қор зейнетақы жинақтарын осы компанияға аудару туралы өтініштерді қабылдамайды).

www.enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» – «Инвестициялық портфельді басқарушылар тізілімі» бөлімінен, сондай-ақ invest.enpf.kz ақпараттық интернет-платформасы арқылы ИПБ туралы ақпаратпен танысып, олардың инвестициялық декларацияларын зерделеуге болады.

2. Заңнамалық өзгерістерге сәйкес міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының 100%-на дейін инвестициялық портфельді басқарушының (ИПБ) басқаруына беруге мүмкіндік қарастырылған. Бұл мүмкіндікті кім пайдалана алады және бұл механизм қалай жүзеге асырылады?

Зейнетақы жинақтарының 100%-на дейін жеке басқарушы компаниялар – ИПБ-ларға сенімгерлік басқаруға беру мүмкіндігін БЖЗҚ-ның барлық салымшылары пайдалана алады. Бұл нормалар 2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап күшіне енді.

www.enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» – «Инвестициялық портфельді басқарушылар тізілімі» бөлімінен, сондай-ақ invest.enpf.kz ақпараттық интернет-платформасы арқылы ИПБ туралы ақпаратпен танысып, олардың инвестициялық декларацияларын зерделеуге болады.

Жақында бір ИПБ салымшыларға тәуекел деңгейі, күтілетін кірістілік және инвестициялау мерзімі бойынша ерекшеленетін инвестициялық портфельдердің үш түріне дейін – консервативті, қалыпты және тәуекелді портфельдерді ұсына алады.

Зейнетақы активтерінің инвестициялық портфельдерін қалыптастыру тәртібін қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

3. Зейнетақы жинақтарын бірнеше басқарушы компания арасында бөлуге бола ма?

Салымшы бір немесе бірнеше ИПБ-ны таңдай алады. Халықты кеңінен хабардар ету мақсатында БЖЗҚ invest.enpf.kz бірыңғай ақпараттық интернет-платформасын іске қосты. Бұл – салымшыларға сенімгерлік басқарушылардың (ҚРҰБ пен ИПБ) басқаруындағы зейнетақы активтерінің портфельдері бойынша түрлі деректерді бір ақпараттық алаңда салыстыруға мүмкіндік беретін заманауи цифрлық ресурс. Салымшы мұнда инвестициялық портфельдерді өз бетінше бағалауға, сондай-ақ өзінің мақсаттары мен күтетін нәтижесіне сай келетін басқарушы компания мен оның инвестициялық стратегиясын таңдауға мүмкіндік беретін құралдарды пайдалана алады.

Бұдан бөлек, invest.enpf.kz платформасында салымшы ИПБ-лардың инвестициялық декларацияларымен танысып, олардың қаржылық көрсеткіштерін талдай алады. Сондай-ақ ИПБ-ларға қатысты реттеуші орган – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚР ҚНРДА) тарапынан қолданылған әкімшілік шаралар, санкциялар мен ықпал ету шаралары туралы ақпаратты да (олар болған жағдайда) көре алады.

4. Зейнетақы жинақтарын БЖЗҚ-дан басқарушы компанияға беру қалай жүзеге асырылады?

Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру үшін салымшы алдымен ИПБ-ны таңдап, содан кейін белгіленген нысан бойынша өтініш береді.

Өтінішті enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте немесе invest.enpf.kz интернет-платформасында электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалана отырып, сондай-ақ БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесіне барып беруге болады.

Жеке кабинетте салымшы, сондай-ақ:

  • ИПБ-ға/ҚРҰБ-қа беруге немесе қайтаруға қолжетімді соманы тексере алады;

  • ИПБ-ны таңдау (өзгерту) туралы немесе ИПБ-ның сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы жинақтарын ҚРҰБ-тың сенімгерлік басқаруына қайтару туралы өтініш беру ережелері және талаптарымен таныса алады;

  • ИПБ-ны таңдау (өзгерту) туралы немесе ҚРҰБ-қа қайтару туралы өтініш беріп, оның мәртебесін қадағалай алады;

  • басқа да қолжетімді зейнетақы қызметтерін пайдалана алады.

Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға аудару туралы берілген өтініштің мәртебесін сайттағы жеке кабинеттен немесе БЖЗҚ-ның мобильді қосымшасынан бақылауға болады.

ИПБ-ға аударуға өтініш беру және оларды БЖЗҚ-да өңдеу рәсімдері толық автоматтандырылған. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға нормативтік-құқықтық актілерде белгіленген мерзім ішінде береді.

Бұл ретте зейнетақы жинақтарын бір ИПБ-дан екіншісіне аудару немесе оларды ҚРҰБ-тың басқаруына қайтару алғашқы аударылған күннен бастап кемінде бір жыл өткен соң жүзеге асырылуы мүмкін.

5. Салымшылар зейнетақы активтерін басқару туралы толық ақпаратты қайдан алып, басқарушы компаниялардың қызмет нәтижелерін қалай бақылай алады?

БЖЗҚ – барлық салымшылар үшін бірыңғай есепке алу және ақпараттық орталық, сондай-ақ активтерді кім басқаратынына қарамастан (ҚРҰБ және/немесе салымшы таңдаған ИПБ) олардың жеке зейнетақы шоттарының операторы.

БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқаруға байланысты қолжетімді қызметтер мен сервистерді ұсынады. Азаматтардың зейнетақы жинақтары, оның ішінде инвестициялық табыс ескерілген ақпарат enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасында 24/7 режимінде берілетін үзінді көшірмелерде толық көрсетіледі.

Әр басқарушының инвестициялық қызметі туралы ақпарат enpf.kz сайтындағы «Статистика және талдау» – «Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару» бөлімінде тұрақты түрде жаңартылып отырады.

Сонымен қатар, БЖЗҚ салымшылары үшін invest.enpf.kz ақпараттық интернет-платформасы жұмыс істейді. Бұл – барлық басқарушылардың (ҚРҰБ пен ИПБ) активтерді басқару нәтижелерін өзара салыстыруға мүмкіндік беретін заманауи цифрлық ресурс. Invest.enpf.kz платформасы инвестициялық табыстылық туралы ақпаратқа қол жеткізуге, белгіленген кезең аралығындағы басқарушылар мен олардың инвестициялық портфельдері бойынша деректерді салыстыруға және инвестициялық шешімдерді саналы түрде қабылдауға мүмкіндік береді.

20 октября 2026
ШҚО аудандарында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін цифрлық технологиялар енгізілуде

Шығыс Қазақстан облысында қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында аудандарда жедел басқару орталықтарын құру жұмыстары жүргізілуде. Жаңа жүйе полиция жұмысының тиімділігін арттырып, құқық бұзушылықтарға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ШҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Эльдар Қарсақбаев айтып өтті.

Оның айтуынша, жедел басқару орталықтарын аудан деңгейіне дейін дамыту Қазақстан Республикасының Президенті тапсырмалары аясында жүзеге асырылуда. Орталықтардың негізгі міндеті - «102» арнасына келіп түсетін хабарламаларды қабылдау мен тіркеуді автоматтандыру, сондай-ақ полиция күштері мен құралдарын жедел басқару.

Аудан орталықтарының әрқайсысында 77 бейнебақылау камерасы орнатылған. Камералардан алынған бейне облыстық орталық пен Ішкі істер министрлігіне жіберіледі. Бұл қоғамдық орындардағы жағдайды бақылауға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау үшін әр аудан орталығында бес автоматтандырылған құқық бұзушылықты тіркеу кешенін орнату көзделген. Олар жолдағы жағдайды бақылап қана қоймай, көлік құралдарының қозғалысын тіркеуге мүмкіндік береді. Бұл іздеуде жүрген немесе қылмыстық істерге қатысы болуы мүмкін көліктерді жедел анықтауға көмектеседі.

Бейнебақылау жүйелері бейнеаналитика және тұлғаларды тану функцияларымен де жабдықталған. Жүйеде жинақталатын деректер қылмыстарды ізін суытпай ашу кезінде жедел талдау жүргізуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, әуеден патрульдеу, іздестіру және жедел-іздестіру іс-шараларында пайдалану үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары қарастырылған.

Алдағы уақытта «аудан - облыс - орталық» деңгейінде ведомствоаралық цифрлық радиобайланыс жүйесін енгізу жоспарланып отыр. DMR стандартына негізделген бұл жүйе полиция, Төтенше жағдайлар министрлігі, Ұлттық ұлан, Қылмыстық-атқару жүйесі және денсаулық сақтау саласының құрылымдарын өзара байланыстыруға мүмкіндік береді.

Эльдар Қарсақбаевтың айтуынша, цифрлық шешімдерді енгізу - қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі. Заманауи технологияларды тиімді пайдалану және мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын күшейту арқылы құқық бұзушылықтардың алдын алып, тұрғындар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға болады.

Дереккөз: ШҚО ӨКҚ

14 октября 2026
ШҚО-да сәулелік терапияның мүмкіндігі кеңейді: онкология орталығында екінші желілік үдеткіш іске қосылды

Шығыс Қазақстан облыстық онкология және хирургия орталығында жыл сайын мыңнан астам пациент сәулелік терапиядан өтеді. Енді дәрігерлерде заманауи екі желілік үдеткіш бар. Бұл мамандандырылған медициналық көмектің көлемін арттырып, аймақ тұрғындарын үздіксіз емдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Британдық өндірістегі Elekta Versa HD жаңа аппараты биыл 23 қыркүйекте пайдалануға берілді. Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов орталыққа барып, заманауи жабдықтың мүмкіндіктерімен және мамандардың жұмысымен танысты.

Жаңа желілік үдеткіш «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен ШҚО онкологиялық қызметін заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге бағытталған қайырымдылық жоба аясында орнатылды. Жобаны үйлестіруші - Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты. Жоба Қазақстан Республикасында онкологиялық аурулармен күресудің 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарының міндеттеріне сәйкес жүзеге асырылуда.

Өңір үшін орталықтың мүмкіндіктерін кеңейтудің маңызы зор. Қазір облыста онкологиялық аурулар бойынша диспансерлік есепте шамамен 15 мың пациент тұр. Ал орталықта жыл сайын 10 мыңнан астам адам мамандандырылған ем алады.

«Біздің міндетіміз - облыс тұрғындарына заманауи диагностика мен емдеу әдістерін тұрғылықты жері бойынша қолжетімді ету. Осы маңызды жобаны қолдап, өңірдің денсаулық сақтау саласын дамытуға үлес қосқаны үшін «Қазақстан халқына» қорына шынайы алғысымды білдіремін!», - деді Нұрымбет Сақтағанов.

Жаңа үдеткіш сәулені ісікке барынша дәл бағыттап, айналасындағы сау ағзалар мен тіндерге түсетін сәулелік жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Аппаратқа кіріктірілген компьютерлік томография жүйесі сәуле түсірілетін аймақтың орналасуын бақылауға мүмкіндік береді.

Жабдықтың жоғары қуаты кейбір емдеу процедураларының уақытын 5 минутқа дейін қысқартадя. Бұған дейін зерттеуді қоса есептегенде, мұндай емдеу процесі 25 минутқа дейін созылатын. Осының барлығы емдеу тиімділігін арттырып, сауығу мүмкіндігін жоғарылатуға ықпал етеді.

Аппарат сәулелік терапияның кең ауқымды әдістерін, соның ішінде стереотактикалық радиотерапия мен ми ісіктерін радиохирургиялық емдеуді жүргізуге арналған. Атауы радиохирургия болғанымен, бұл әдіс хирургиялық тілікті қажет етпейді. Ісікке әсер ету дәл бағытталған сәуле арқылы жүзеге асырылады.

Versa HD моделін таңдау орталықта бұған дейін қолданылып келген жабдықтың ерекшеліктерімен де байланысты. Екі үдеткіштің техникалық және дозиметриялық сипаттамалары ұқсас әрі олар бірыңғай технологиялық ортада жұмыс істейді. Бұл мамандарға екі аппаратта қатар ем жүргізіп, сәулелік терапия қызметінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Дереккөз: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

06 октября 2026
ШҚО-дағы цифрлық технологиялар: медицина, АӨК, білім беру, экология және ТЖ саласы

Шығыс Қазақстанда 21 мыңнан астам медициналық кескін жасанды интеллект көмегімен өңделді. Сүт фермаларында робот-сауыншылар жұмыс істейді, ал су тасқыны қаупі бар аймақтардағы су деңгейі автоматтандырылған гидрологиялық бекеттер арқылы бақыланады. Цифрлық технологиялар қандай міндеттерді шешіп жатқаны және алдағы уақытта қандай жобалар іске қосылатыны ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың қатысуымен өткен Үкімет отырысында талқыланды.

Премьер-министр Олжас Бектенов өңірлерге денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін басқа да салаларда жасанды интеллектіні қолдануды жандандыруды тапсырды.

ШҚО-да жасанды интеллект өкпе мен сүт безі қатерлі ісігінің белгілерін анықтау мақсатында медициналық кескіндерді талдау кезінде қолданылады. Қазірдің өзінде 21 306 кескін өңделді. Мұндай құралдар дәрігерлерге қосымша назар аударуды қажет ететін өзгерістерді дер кезінде байқауға мүмкіндік береді.

Телемедицина мамандардың кеңесін қашықтан алуға мүмкіндік береді. Өткен жылдан бері Ана мен бала орталығында 115 телемедициналық қызмет көрсетілді.
Сонымен қатар DigitalPathology платформасында 193 халықаралық консультация өткізілді.

Қазіргі уақытта денсаулық сақтау басқармасы төрт цифрлық жобаны іске асыруға дайындап жатыр. Жедел жәрдем қызметкерлері үшін бейнетіркегіштер қарастырылған. Ауруханалардың қабылдау бөлімдеріне бейнекамералар орнатылып, олардан түсетін ақпарат нақты уақыт режимінде 102 арнасына беріледі.

«Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, жыл соңына дейін облыста вакциналарды сақтауға арналған тоңазытқыштарды температураны қашықтан бақылау және пайдалану көрсеткіштерін қадағалау датчиктерімен жабдықтауды көздейтін келісімшарт жасалады.

Ауыл шаруашылығы саласында Шығыс Қазақстан облысындағы жеті тауарлы-сүт фермасына «ақылды шаруашылық» элементтері енгізілген. Кәсіпорындарда қолданылатын жабдықтар да әртүрлі: автоматтандырылған сауу қондырғылары, жем беру жүйелері және малды бақылауға арналған бағдарламалар кәдеге жаратылып жатыр.

Мәселен, «Камышинское» шаруашылығында DairyPlan бағдарламасы төрт түліктің денсаулығын, азықтандырылуын, сауылуын және көбею көрсеткіштерін бақылауға мүмкіндік береді. Әр сиыр бойынша жеке мәліметтер базасы жүргізіледі. 

Мұнда жем араластырғыш-таратқыш және малға жемді жақындатып беретін арнайы робот та жұмыс істейді.

«Бобровка+» ЖШС мен «Украинка» шаруашылығында робот-сауыншылар қолданылады. Цифрлық жүйелер фермерлерге жұмысты тиімді ұйымдастыруға, табынның өнімділігін бақылауға және ауытқуларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.

Аймақтық талдау орталығында бұрын жекелеген тізілімдер мен есептерде сақталған ақпараттар бір жүйеге біріктірілуде. Осы мақсатта 108 тізілім мен 238 есептік нысан цифрландырылды.

Жүйеге қазірдің өзінде 25 экологиялық бекет біріктірілген. Су тасқыны мониторингі 26 автоматтандырылған гидрологиялық бекет пен 49 тәуекел аймағын қамтиды. Мамандар 109 және 112 нөмірлеріне келіп түскен өтініштерді де талдайды, ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдаланады және тәуекелдерді анықтау үшін жасанды интеллект элементтерін енгізуде.

Цифрлық құралдарды педагогтер де меңгеріп жатыр. Білім беру ұйымдары арасында ChatGPT Edu-дың 2 233 лицензиясы бөлініп, қазірдің өзінде 1 100-ден астам педагог оны жұмыс барысында қолдана бастады. Мұғалімдер жасанды интеллектіні қауіпсіз пайдалану бойынша оқытылуда. Бұдан бөлек, тағы 150 маман Tomorrow School платформасында білім алып жатыр.

«Цифрлық мүмкіндіктерді өңірдің қоғамдық өмірі мен әлеуметтік саласына белсендірек енгізу қажет. Алдағы жұмысты деректердің дұрыстығына, ведомстволар арасындағы ақпарат алмасуға және жаңа шешімдердің тұрғындарымызға беретін нақты пайдасына бағыттау маңызды», - деді Нұрымбет Сақтағанов әкімдіктің жауапты басқармалар басшыларына.

Дереккөз: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

02 октября 2026
ШҚО зейнеткерлері «Үбі» шипажайында тегін сауықтыру курсынан өте алады

Емдік ванналар, массаж, таза ауадағы серуен. Шемонаиха ауданындағы «Уба» шипажайында Шығыс Қазақстан тұрғындары 12 күндік сауықтыру курсынан тегін өте алады. 

Шипажай аумағында серуендеуге арналған аймақтар мен сауықтыру үшін жаяу жүруге арналған маршруттар абаттандырылған (терренкур).

Шипажайда азаматтардың денсаулық жағдайын жақсартуға, ағзаның функционалдық мүмкіндіктерін қалпына келтіруге және аурулардың асқынуының алдын алуға бағытталған кешенді емдеу-сауықтыру шаралары ұйымдастырылған.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов шипажайға барып, емшара кабинеттерін аралап, демалушыларға жасалған жағдаймен танысты.

«Қарт адам үшін мұнда өзін жайлы сезінуі, мұқият тыңдап, көмектесіп, тағайындалған емшараларды түсіндіріп бергені маңызды. Осындай күнделікті қарым-қатынастың өзі адамдарға деген қамқорлықтан құралады. Тегін жолдама толыққанды демалып, денсаулықты нығайтуға мүмкіндік беруі керек», - деді  Нұрымбет Сақтағанов.

«Уба» шипажайында емдік және сауықтырудың 30-ға жуық түрі ұсынылады. Қызмет алушылар физиотерапиялық ем, емдік массаж, парафинмен емдеу, ингаляциялық терапия, гальваникалық ванналар, фитотерапия, айналмалы душ, парофитобөшке, балшықпен емдеу, емдік дене шынықтыру, галотерапия, шунгитотерапия және басқа да сауықтыру процедураларынан өте алады.

«Уба» шипажайында Ұлы Отан соғысының ардагерлері, оларға теңестірілген ардагерлер, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлер, еңбек ардагерлері, жасына байланысты зейнеткерлер, «Батыр ана» атағына ие болған, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған әйелдер, сондай-ақ I, II және III топтағы мүгедектігі бар адамдар сауықтыру, демалу және санаторий-курорттық ем қабылдай алады. 

Шипажай бір мезетте 250 адамға дейін қабылдай алады. Выдриха ауылында орналасқан негізгі ғимарат 200 төсек-орынға, ал Усть-Таловка кентіндегі ғимарат 50 төсек-орынға есептелген. 

Шипажайда қызмет алушылардың тұруы, тамақтануы және ем алуы облыстық бюджет қаражаты есебінен толық қаржыландырылады.

«Уба» шипажайының тарихы 1973 жылдан басталады. Қайта жаңғыртудан кейін шипажай 2002 жылы қайта ашылып, он жылдан соң екінші корпусы пайдалануға берілді. Бүгінде ол шығысқазақстандықтарды қабылдауын жалғастырып келеді.

Мұнда өткізілген уақыт тұрғындарға өз денсаулығына көңіл бөліп, тынығып, күш жинауға мүмкіндік береді.

Дереккөз: Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Источник: пресс-служба акима ВКО 

01 октября 2026
ШҚО-да алғаш рет құсбегіліктен Азия кубогі өтеді

Аймақта  ұлттық құсбегілік өнерін дәріптейтін «Шығыс Салбурыны – 2026» ашық I Азия кубогіне дайындық жалғасып жатыр. Дода 8-10 қазанда Ұлан ауданында ұйымдастырылады.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

Биыл жаңа мәртебе алған фестиваль ҚР Туризм және спорт министрлігінің 2026 жылға арналған ауқымды шаралар күнтізбесіне енгізілген.

Фестивальдің тарихы 2020 жылдан басталады. Алғашқы турнир 2021 жылы Ұлан ауданының Бозанбай ауылында «Қансонар» бүркітшілер турнирі ретінде ұйымдастырылды. 2022 жылдан бері ол «Шығыс Салбурыны» атауымен халықаралық деңгейде өткізіліп келеді.

Биыл Қазақстан, Ресей, Венгрия, Испания, Грузия, Қытай, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркиядан 150-ге жуық құсбегі қатысады деп жоспарланған.

8 қазанда қатысушыларды қарсы алу мен тіркеу, этноауылды орналастыру, мандат комиссиясының отырысы және жеребе тарту көзделген. 9 қазанда салтанатты ашылу рәсімі өтіп, іріктеу мен жартылай финалдық сайыстар басталады. 10 қазан финалдық бәсекелерге, ұлттық спорт түрлерінен сындарға, жабылу рәсімі мен жеңімпаздарды марапаттауға арналады.

Кубок бағдарламасына бүркіт, қаршыға, сұңқар және ителгімен өтетін құсбегілік сайыстары енгізілген. Бұдан бөлек, тазы жарысы, асау үйрету, жамбы ату, теңге ілу, арқан тартыс, таяқ тарту және «Толағай» жарыстары қарастырылған. Ұлттық спорттың осы түрлерінде 50-ден астам адам бақ сынайды деп күтіледі.

Қонақтар мен қатысушыларға ұлттық қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі, этнографиялық бағдарлама және өнерпаздардың концерті ұсынылады. Ұйымдастырушылардың дерегінше, еліміздің әр өңірі мен шетелден 12 мыңға жуық көрермен және турист келмек.

Фестиваль аумағында 47 киіз үйден тұратын этноауыл құрылады. Облыстың қалалары мен аудандары этномәдени нақышта безендірілген екі киіз үйден орналастырады. Баспасөз орталығына жеке киіз үй бөлініп, интернет желісі тартылады.

Қатысушылар мен меймандар үшін 10 глэмпинг алаңы әзірленеді. Қолөнершілерге 24, тамақтану орындарына 4 шатыр орнатылады. Бес алтыбақан қойылып, келушілерге атпен серуендеуге жағдай жасалады.

Қазір шетелдік қатысушылар мен төрешілердің ұшып келуі және орналасуы нақтыланып жатыр. Мәдениет басқармасымен бірлесіп ашылу мен жабылу рәсімдерінің сценарийі әзірленуде. Бұдан бөлек, танымал өнерпаздар мен блогерлерді шақыру, автосалондардың қатысуымен көліктерді сынап көру және автокөлік көрмесін өткізу мәселелері қарастырылып отыр.

Келушілерді тамақтандыруға Ұлан ауданының кәсіпкерлері мен қаладағы  қоғамдық тамақтану орындары тартылады. Мәзірге ұлттық және заманауи тағамдар, жеңіл ас, нан-тоқаш өнімдері, сусындар мен шай енгізіледі.

Қатысушылар мен қонақтардың қауіпсіздігіне баса мән беріліп, дода өтетін аумақта барлық қажетті шаралар қабылданады.

Алғашқы Азия кубогі қазақтың құсбегілік дәстүрін кеңінен танытып, ұлттық спорттың дамуына серпін беруге, халықаралық мәдени-спорттық байланысты нығайтуға және Шығыс Қазақстанның туристік әлеуетін арттыруға бағытталған.

Дереккөз: ШҚО ӨКҚ

30 сентября 2026
Интернетте өзіңізді және деректеріңізді қалай қорғауға болады: 7 қарапайым ереже

Цифрлық қауіпсіздік қиын емес. Интернетте қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау арқылы жеке деректеріңізді алаяқтардан және ақпараттың таралып кетуінен қорғай аласыз.

1. ЭЦҚ кілттері мен SMS-кодтарды қорғаңыз:

Құпиясөздеріңізді, SMS арқылы келген растау кодтарын және ЭЦҚ кілттерін ешкімге бермеңіз.

2. Антивирус қолданыңыз:

Смартфон мен компьютерге сенімді қорғаныс орнату – киберқауіптердің алдын алудың алғашқы қадамы.

3. Қоңырауларды тексеріңіз:

«Банк қызметкері» немесе «қауіпсіздік қызметінен хабарласып тұрмыз» деген күмәнді қоңырауларға сенбеңіз. Ұйымның ресми байланыс нөмірі арқылы ақпаратты қайта тексеріңіз.

4. Белгісіз сілтемелерге өтпеңіз:

Фишингтік сайттар жеке деректеріңіз бен құпиясөздеріңізді ұрлау үшін жасалады.

5. Екі факторлы аутентификацияны қосыңыз:

Күрделі құпиясөздер мен екі факторлы аутентификация аккаунттарыңызды бұзу қаупін айтарлықтай азайтады.

 6. Құрылғыларыңыз бен қосымшаларды уақытылы жаңартыңыз:

Қосымшаларды тек ресми дүкендерден (App Store, Google Play, eGov) жүктеп, уақытылы жаңартып отырыңыз.

7. Жеке деректеріңізді қорғаңыз:

Жеке куәлік деректері, банк картасының нөмірі, мекенжай сияқты құпия ақпаратты ашық түрде жарияламаңыз.

Дереккөз: ШҚО ПД

Ескертулер
29 сентября 2026
Мүлік салығы

Құрметті салық төлеушілер!

2026 жылғы 1 қазанға дейін жеке тұлғалардың 2025 жыл үшін мүлік салығын төлеу қажет екенін еске саламыз.

Салық жылжымайтын мүлік иелеріне: пәтерлерге, жеке тұрғын үйлерге, саяжайларға, гараждарға және басқа да мүлік объектілеріне қатысты.

Есептелген салық сомасын банк қосымшалары, eGov, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитетінің электрондық сервистері арқылы білуге және төлем жасауға болады.

Төлемді кейінге қалдырмауға кеңес береміз. Белгіленген мерзім бұзылған жағдайда берешек сомасына өсімпұл есептеледі.

Салық бойынша есептеулеріңізді алдын ала тексеріп, салықты уақытында төлеңіз!

Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті

28 сентября 2026
ШҚО-да архив қызметін онлайн алуға болады

Шығыс Қазақстанда қажетті анықтама, құжат көшірмесі немесе үзінді алу үшін мемлекеттік архивке міндетті түрде барудың қажеті жоқ. Өтінішті электрондық үкімет порталы арқылы қашықтан жолдауға болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтылды.

Архивте сақталған мәліметтер азаматтардың еңбек, әлеуметтік және мүліктік құқықтарын растау кезінде қажет. Ондағы деректер еңбек өтілі мен жұмыс кезеңін анықтауға, жалақы немесе марапаттар туралы ақпарат алуға, зейнетақы, мұрагерлік пен әлеуметтік төлемдерді рәсімдеуге пайдаланылады.

«Архивтік анықтамалар, архивтік құжаттардың көшірмелерін немесе архивтік үзінділер беру» мемлекеттік қызметі жеке және заңды тұлғаларға тегін көрсетіледі. Азаматтар тікелей мекемеге, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына немесе электрондық үкімет порталына жүгіне алады. Онлайн өтінім электрондық цифрлық қолтаңбамен немесе мобильді азаматтар базасында тіркелген жағдайда бір реттік SMS-парольмен расталады. Нәтиже жеке кабинетке жіберіледі.

2026 жылғы 24 қыркүйектегі жағдай бойынша облыстың мемлекеттік архивтері 17 327 мемлекеттік қызмет көрсеткен. Соның 6 930-ы немесе 40 пайызы электрондық үкімет порталы арқылы рәсімделген. Қалған 10 397 өтініш кеңсе арқылы қабылданған.

Қашықтан жүгіну мүмкіндігі әсіресе шалғай елді мекендерде, басқа өңірлерде немесе облыстан тыс жерде тұратын азаматтарға қолайлы. Бұл тәсіл қажетті деректі алу үшін арнайы келуге кететін уақытты қысқартады.

Есепті кезеңде белгіленген мерзімді бұзу жағдайлары тіркелмеген. Азаматтар мен заңды тұлғалар тарапынан көрсетілген қызмет сапасына қатысты шағым да түспеген.

Анықтама, көшірме немесе үзінді беру мерзімі — 11 жұмыс күні. Егер мамандарға екі және одан да көп ұйымның материалдарын немесе бес жылдан асатын кезеңді зерделеу қажет болса, қарау уақыты заңнамаға сәйкес ұзартылуы мүмкін. Мұндай жағдайда өтініш иесіне алдын ала хабар беріледі. Қосымша мерзім 30 күнтізбелік күннен аспайды.

Сұрау түскеннен кейін мамандар қорлар, тізімдемелер мен істер бойынша іздестіру жүргізеді. Қажетті мәлімет табылмаса, азаматқа тиісті жауап беріледі. Негіз болған жағдайда сұрау салу құжат сақталған басқа мекемеге жолданады.

Облыста сақталған материалдардың 15 пайызы цифрлық форматқа көшірілген. Бұл — 1 631 825 құжат. «Е-Архив» ақпараттық жүйесі қорлар туралы мәліметтерді жүйелеуге, іздестіру жұмысын жеделдетуге бағытталған.

Дереккөз: ШҚО ӨКҚ

22 сентября 2026
ШҚО тұрғындарына мүлік салығын 1 қазанға дейін төлеу ескертілді

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Шарип Сейкенов жеке тұлғалардың мүлік салығын төлеу тәртібі, камералдық бақылау хабарламалары бойынша анықталған бұзушылықтар және салық міндеттемелерін орындау талаптары туралы баяндады.

Салық заңнамасына сәйкес, жеке тұлғалардың 2025 жыл үшін мүлік салығын төлеу мерзімі 2026 жылғы 1 қазанда аяқталады. Биыл өңірде 316 808 салық төлеушіге жалпы сомасы 325 млн теңге мүлік салығы есептелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 65,4 млн теңгеге немесе 25%-ға көп.

Салықты белгіленген мерзімде төлемеген жағдайда берешекке өсімпұл есептеліп, өндіріп алу шаралары қолданылуы мүмкін. Оның ішінде банк шоттарын бұғаттау, мүлікке тыйым салу, жалақыдан ұстап қалу және елден шығуға шектеу қою қарастырылған. Сонымен қатар, жеке сот орындаушылары берешек сомасының 25%-ын қосымша өндіріп алуы мүмкін.

Брифинг барысында камералдық бақылау хабарламаларына да тоқталды. Салық заңнамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, сәйкессіздіктер анықталған жағдайда салық төлеушіге хабарлама жіберіледі. Салық төлеуші анықталған бұзушылықтармен келіскен жағдайда оларды белгіленген тәртіппен жоюы тиіс. Ал келіспеген жағдайда сәйкессіздіктердің туындау себептерін негіздеп, түсініктеме беруге құқылы.

Камералдық бақылау барысында жиі кездесетін бұзушылықтардың қатарында қосылған құн салығы бойынша декларациядағы қателер, ҚҚС сомасын төмендету немесе асырып көрсету, корпоративтік табыс салығы бойынша шегерімдерді асырып көрсету, кірістерді төмендету және мүлікті өткізуден түскен кірістерді толық көрсетпеу фактілері бар.

2026 жылдың басынан бері 2025 жылғы есепті кезең бойынша корпоративтік табыс салығына қатысты 1 378, жеке табыс және әлеуметтік салықтар бойынша 1 244, ал қосылған құн салығы бойынша 1 601 камералдық бақылау хабарламасы жолданған.

Мамандар облыс тұрғындарына мүлік салығын белгіленген мерзімнен кешіктірмей төлеуге кеңес берді. Салық берешегін Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайты, электрондық үкімет порталы, e-Salyq Azamat және екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы тексеріп, төлем жасауға болады.

Дереккөз: ШҚО ӨКҚ

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы