Шығыс Қазақстан облысында «Заң және тәртіп» қағидаты аясында есірткі қылмысының алдын алу және есірткі құралдарының заңсыз жарнамасын жою бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері өңір аумағында есірткі жарнамасы бар 700-ден астам заңсыз жазба мен QR-код анықталып, жойылды.
Бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар полиция қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар, жастар және волонтерлердің бірлескен күш-жігерімен жүзеге асырылуда. Кезекті рейдке ШҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, «Esbol Qory» қоғамдық қорының, облыстық жастар ресурстық орталығының өкілдері мен еріктілер қатысты.
Іс-шара барысында Өскемен қаласының Назарбаев даңғылы бойындағы көшелер мен инфрақұрылым нысандары тексерілді. Нәтижесінде есірткі дүкендерінің мекенжайлары мен QR-кодтары көрсетілген 30-дан астам наркограффити анықталды. Барлық заңсыз жазбалар арнайы бояудың көмегімен боялып, жойылды.
Рейд барысында жастар арасында есірткінің адам денсаулығына және қоғамға тигізетін зияны туралы түсіндіру жұмыстары да жүргізілді. Мамандар есірткі заттарының таралуына қарсы күресте тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның белсенді ұстанымы маңызды екенін атап өтті.
Мұндай профилактикалық рейдтердің негізгі мақсаты — есірткінің заңсыз жарнамасының таралуына жол бермеу, жастарды зиянды әдеттерден қорғау және тұрғындардың құқықтық жауапкершілігін арттыру.
«Заң және тәртіп» қағидаты аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Полиция қызметкерлері тұрғындарды қоғамдық орындарда есірткі жарнамасына ұқсас жазбалар немесе QR-кодтар анықталған жағдайда, бұл туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға шақырады.
Өскеменде «Таза Қазақстан – ортақ іс және ортақ құндылық» тақырыбында жастармен кездесу өтіп, экологиялық мәдениет пен қоғамдық жауапкершілікті арттыру мәселелері талқыланды.
Қоршаған ортаны қорғау – тек сенбілік өткізу немесе аумақты тазалаумен шектелмейтін, күнделікті өмір салтына айналуы тиіс ортақ құндылық. Осы бағытта Өскемен қаласында жастардың қатысуымен «Таза Қазақстан – ортақ іс және ортақ құндылық» тақырыбында мазмұнды кездесу ұйымдастырылды.
Іс-шараны Өскемен қаласының Жастар ресурстық орталығы өткізді. Кездесуге еріктілер, студенттер және қаланың белсенді жастары қатысып, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану және туған өлкенің тазалығына жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша пікір алмасты.
Кездесудің басты назарында – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының қоғамдағы маңызын арттыру және жастарды экологиялық бастамаларға кеңінен тарту болды.
– Экологиялық мәдениетті қалыптастыруда осындай кездесулердің маңызы зор. Бұл мәселелер үнемі талқыланып, жастардың ұсыныстары мен бастамаларына қолдау көрсетілсе, қоғамның экологиялық сауаттылығы да арта түседі. Бүгінгі кездесудің негізгі мақсаты – «Таза Қазақстан» бастамасының мәнін жастармен бірге талқылап, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға үлес қосу, – деді «Қоғамның экологиялық даму орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Тәнір Ясса.
Жиын барысында қатысушылар өзекті экологиялық мәселелер жөніндегі ойларын ортаға салып, қаланың тазалығы мен абаттандырылуына жастардың қосар үлесі туралы ұсыныстарын айтты. Сонымен қатар табиғатты ластамау, тұрмыстық қалдықтарды дұрыс басқару, жасыл желекті қорғау және қоғамдық орындарға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастырудың маңызы атап өтілді.
Жастардың пікірінше, экологиялық жауапкершілік ең алдымен қарапайым күнделікті әрекеттерден басталады. Қоқысты белгіленген орынға тастау, табиғатты таза ұстау, сенбіліктер мен волонтерлік акцияларға қатысу – қоршаған ортаға деген жауапкершіліктің нақты көрінісі.
«Таза Қазақстан» – тазалық акциясы ғана емес, қоршаған ортаға деген көзқарасты өзгертуге бағытталған ортақ құндылық. Ал бұл құндылықты қалыптастыруда жастардың белсенділігі айрықша маңызды.
Өскемендегі кездесу осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруға және жастардың экологиялық бастамаларын қолдауға мүмкіндік беретін ашық пікір алаңына айналды.
#ТазаҚазақстан #тазаел #экология #TazaChallenge #ТазаОрта #ТазаАула @TazaQazaqstan
Ұлан ауданындағы Бозанбай ауылында 9–10 қазан күндері «Шығыс Салбурыны - 2026» халықаралық фестивалі өтеді. Биыл бесінші рет ұйымдастырылатын іс-шараға тоғыз мемлекеттен саятшылық өнердің 150-ге жуық шебері қатысады.
Фестиваль аясында құсбегіліктен І ашық Азия Кубогы өтеді.
Қонақтарды жарыстар, ұлттық спорт түрлері, қолөнершілердің көрме-жәрмеңкесі, танымал өнерпаздардың қатысуымен концерт күтеді.
Өскеменде«Қазақстан Халық кеңесі – халық пен билік арасындағы ұлттық диалог алаңы» атты кездесу өтті. Жиынға университет студенттері, ғалымдар, мемлекеттік қызметкерлер, этномәдени бірлестіктер мен қала белсенділері қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – жаңадан құрылған «Қазақстан Халық кеңесінің» міндеттері мен жұмыс тәртібін түсіндіру, оның азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты нығайтудағы рөлін талқылау.
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев өз сөзінде Қазақстандағы қоғамдық-саяси жаңғыру үдерістеріне тоқталып, жаңа институттың конституциялық мәртебесіне назар аударды.
Оның айтуынша, кеңес құрамына әртүрлі әлеуметтік және кәсіби орта өкілдерінің енуі өңірлердегі мәселелерді республикалық деңгейде талқылауға мүмкіндік береді.
Айдар Садырбаев өңірдегі қоғамдық келісім институттарының жұмысына да тоқталды. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында 8 Достық үйі, 74 этномәдени бірлестік, 114 аналар кеңесі, 115 ақсақалдар кеңесі және 8 медиация орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар журналистер, меценаттар, жас ғалымдар клубтары мен «Ассамблея жастары» жастар қозғалысы қызмет етеді.
Облыс әкімінің орынбасары бұл құрылымдарды қоғамдық диалогты дамытуға ықпал ететін маңызды ресурс ретінде атап өтті.
Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Денис Рыпаковтың айтуынша, Шығыс Қазақстан облысынан кеңес құрамына үш адам енген. Ел көлемінде 126 мүшеден тұратын жаңа институт қоғам мен билік арасындағы тұрақты диалог алаңына айналуы тиіс.
Оның сөзінше, кеңес жұмысы барысында тұрғындарды толғандыратын мәселелер көтеріліп, оларды шешуге бағытталған ұсыныстар мен заңнамалық бастамалар тиісті деңгейде жеткізіледі. Бұл ретте жаңа институт Құрылтайдың орнын алмастырмай, онымен қатар жұмыс істеуге бағытталған.
Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Вера Правдина кездесудің түсіндіру сипатында өткенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа институттың жұмысымен қатар, азаматтардың өз ұсыныстары мен талаптарын мемлекеттік органдарға жеткізу тетіктерін түсіндіру де маңызды.
Правдинаның пікірінше, қоғамда жаңа институттың құрылуына байланысты түрлі сұрақтардың туындауы заңды. Сондықтан алғашқы кездесулердің бірі студенттермен, этномәдени бірлестіктермен және қала активімен ұйымдастырылып, кеңестің алдағы жұмысы туралы ашық әңгімеге арналды.
Кездесу барысында студенттер мен қатысушылар Қазақстан Халық кеңесінің қызметі, оның қоғаммен байланысы және азаматтардың ұсыныстарын мемлекеттік деңгейде қарау мүмкіндіктері жөнінде сұрақтар қойды. Жиын соңында спикерлер қатысушыларды мазалаған сұрақтарға жауап берді.
Өскеменде «Таза Қазақстан» акциясы аясында Белинский көшесінің маңындағы саябақ аумағында тазалық және абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Қоршаған ортаның тазалығы мен қоғамдық орындардың жайлылығы – қала тұрғындарының күнделікті өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды мәселелердің бірі. Осы бағытта азаматтардың ұсыныстары мен өтініштерін назарға алып, нақты жұмыстар жүргізу – қоғамдық бастамаларды қолдаудың маңызды тетігі.
Белинский көшесінің тұрғындары өз үйлерінің маңындағы саябақ аумағын тазалау және абаттандыру мәселесі бойынша «Әділет» партиясының мүшесі Наталья Уразоваға жүгінді. Тұрғындардың айтуынша, аталған аумақта тазалық жұмыстарын жүргізіп, айналаны ретке келтіру қажеттілігі туындаған.
Тұрғындардың өтінішін назарға алған Наталья Уразова бастаманы қолдап, жергілікті тұрғындар мен белсенділерді ортақ іске жұмылдырды. Нәтижесінде саябақ аумағында сенбілік ұйымдастырылып, аумақ қоқыстан тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
«Тұрғындардың өздері көтеріп отырған мәселе болғандықтан, оған бейжай қарамау қажет деп есептеймін. Белинский көшесінің тұрғындары өз аулалары мен айналасының таза әрі жайлы болғанын қалайды. Бұл – баршаға ортақ мүдде. Сондықтан тұрғындармен бірге қолға алынған бастама нақты іске ұласқаны қуантады. Таза әрі жайлы қала қалыптастыру тек мемлекеттік органдардың немесе қоғамдық ұйымдардың ғана емес, әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі деп білемін», – деді «Әділет» партиясының мүшесі Наталья Уразова.
Тазалық жұмыстарына Белинский көшесінің тұрғындары да белсенді қатысты. Олар аумақты жинауға, қоқыстарды шығаруға және саябақтың көркін келтіруге өз үлестерін қосты.
Қала тұрғыны Михаил Василев тұрғындардың бастамасына қолдау білдіріп, мұндай жұмыстардың аула мен көше тұрғындарын ортақ іске біріктіретінін атап өтті.
«Бұл аумақ біздің үйлеріміздің жанында орналасқандықтан, оның таза әрі жинақы болғаны өзіміз үшін маңызды. Тұрғындардың өтінішіне құлақ асып, нақты көмек көрсетілгеніне ризамыз. Осындай ортақ жұмыстар арқылы өзіміз тұратын жерге деген жауапкершілігіміз де арта түседі. Ең бастысы – тазалықты бір күндік сенбілікпен шектемей, оны күнделікті әдетке айналдыру», – деді Михаил Василев.
«Таза Қазақстан» акциясының негізгі мақсаты – елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту ғана емес, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру және қоғамдық кеңістіктерді күтіп ұстау мәдениетін қалыптастыру.
Белинский көшесіндегі сенбілік осыған мысал бола алады. Себебі бастама тікелей тұрғындардың өздерінен көтеріліп, қоғамдық қолдаудың арқасында нақты іске айналды.
«Әділет» партиясының өкілдері атап өткендей, мұндай бастамалар алдағы уақытта да қолдау тауып, тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштері негізінде қоғамдық маңызы бар мәселелерді шешуге бағытталған жұмыстар жалғаса береді.
Шығыс Қазақстан облысында спорттық аула клубтары лигасының финалдық кезеңі өтті. 24–27 қыркүйек аралығында Өскемен қаласында мектеп оқушылары арасында шағын футбол мен үстел теннисінен облыстық жарыс ұйымдастырылды.
Жарыс Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының бастамасымен және облыс әкімдігінің қолдауымен өткізілді.
Жоба «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілетуге, балалар мен жасөспірімдерді спортқа тартуға және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталды.
Спорттық аула клубтары лигасы Шығыс Қазақстан облысының 2026–2027 жылдарға арналған жастар саясатын іске асыру стратегиясы аясында құрылды. Жазғы демалыс кезеңінде облыстың қалалары мен аудандарынан келген жасөспірімдер шағын футбол мен үстел теннисінен өңірлік жарыстарға қатысты.
Жазғы кезеңде жарыстарға 4,5 мыңнан астам бала қамтылды. Оның ішінде 3 261 қатысушы шағын футболдан, 1 357 жасөспірім үстел теннисінен бақ сынады.
Ал финалдық кезеңде облыстың үздік командалары мен спортшылары өзара мықтыны анықтады. Жарысқа барлығы 663 мектеп оқушысы қатысты. Оның 468-і шағын футболдан, 195-і үстел теннисінен сынға түсті.
Облыс орталығында «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында 17 қыркүйектен бастап Алтай ауданының мәдени күндері өтіп жатыр.
Соның шеңберінде бүгін таңертең «Алтай» көтерме-бөлшек сауда орталығында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде қала тұрғындары мен қонақтарына Алтай ауданының шаруалары мен өндірушілері ұсынған өнімдерді тікелей өндірушілерден сатып алуға мүмкіндік жасалды.
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов та жәрмеңкеге келіп, жергілікті кәсіпкерлер мен шаруалардың өнімдерімен танысты.
Сауда сөрелеріне жалпы көлемі 10 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдері қойылды. Оның ішінде 5 тонна ет, 1,5 тонна картоп, 700 келі сүт өнімдері, 1,2 тонна күнбағыс майы, 1 тонна балық және 500 келі бал бар.
Жәрмеңкеде сиыр еті келісі 3500 теңгеден, жылқы еті 3300 теңгеден, қой еті 3400 теңгеден сатылды. Көкөніс пен басқа да өнімдер нарықтағыдан төмен бағамен ұсынылды.
Аймақ басшысы жергілікті өндірушілермен әңгімелесіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі, өткізу нарығы және шаруашылықтардың алдағы жоспарлары туралы сұрады.
Нұрымбет Сақтағанов өңірде жергілікті өнімді қолдау және оның қала тұрғындарына тікелей жетуіне мүмкіндік жасаудың маңызын атап өтті.
Жәрмеңке аясында мәдени бағдарлама да ұйымдастырылды. Алтай ауданының өнерпаздары көпшілікке концерттік бағдарлама ұсынып, ауданның мәдениеті мен өнерін таныстырды.
Дүниежүзілік тазалық күніне орай Шығыс Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» республикалық бастамасы аясында ауқымды сенбілік өтті. Экологиялық акцияға 100 мыңнан астам тұрғын, оның ішінде 500 студент, қоғам белсенділері, мемлекеттік қызметшілер мен коммуналдық сала мамандары қатысты.
Өңірде қоғамдық орындар тазартылып, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. 10 мың тонна тұрмыстық қалдық шығарылып, 200-ден астам арнайы техника жұмылдырылды. Өскемендегі Тәуелсіздік монументі мен Қабанбай батыр ескерткіші маңына 250 көшет отырғызылды. Көгалдандыру жұмысына облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов та қатысты.
World Cleanup Day аясындағы сенбілік елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етті. Таза әрі жайлы орта қалыптастыру – әр адамның күнделікті әрекетінен басталады.
Шығыс Қазақстан облысында жастар арасында «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілетуге бағытталған «Не? Қайда? Қашан?» облыстық зияткерлік турнирі өтті.
Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында ұйымдастырылған іс-шара Шығыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының «Шығыс Қазақстан облысы жастарының зияткерлік әлеуетін қолдау және дамыту» мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында өткізілді.
Зияткерлік додаға облыстың жалпы білім беретін мектептерінің 10–11 сынып оқушылары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының I–II курс студенттерінен құралған 20 команда, барлығы 100 жас қатысты.
Турнирдің басты мақсаты – жастардың зияткерлік әлеуетін арттырумен қатар, олардың бойында жауапкершілік, әділдік, өзара құрмет және қоғамдық тәртіп сияқты құндылықтарды қалыптастыру. Себебі «Заң мен тәртіп» қағидаты тек құқықтық талаптарды сақтау емес, ең алдымен әр азаматтың өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауынан басталады.
Сайыс барысында қатысушылар түрлі деңгейдегі сұрақтарға жауап беріп, өздерінің білімін, тапқырлығын, логикалық ойлау қабілетін және жылдам шешім қабылдау дағдыларын көрсетті. Командалар үшін әр кезең ортақ пікірге келуді, ақпаратты талдауды және уақытты тиімді пайдалануды талап етті.
Осындай зияткерлік алаңдар жастардың білімін шыңдап қана қоймай, олардың пікір алмасу, өз ойын дәлелдеу және қарсы пікірді құрметтеу мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл қасиеттер қазіргі қоғамда белсенді әрі жауапты азамат қалыптастыру үшін маңызды.
Турнир барысында командалар арасында тартысты бәсеке орнап, жастар жоғары белсенділік танытты. Нәтижесінде Шәкәрім атындағы №1 орта мектептің оқушыларынан құралған «Әділет жастары» командасы жеңімпаз атанды.
Іс-шараның атауы мен мазмұнының өзі жастар арасында заңды құрметтеу, әділеттілік пен тәртіпті сақтау құндылықтарын нығайтудың маңызын көрсетеді. Мұндай бастамалар жас буынның бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына, зияткерлік және көшбасшылық қабілеттерін дамытуға жол ашады.
Бүгінде «Заң мен тәртіп» қағидатын қалыптастыру – қоғамның барлық мүшесіне ортақ міндет. Ал бұл жұмыста жастардың орны ерекше. Білімді, саналы және жауапкершілігі жоғары жас ұрпақ – қауіпсіз әрі әділетті қоғамның негізі.
Шығыс Қазақстанда жастардың зияткерлік және шығармашылық әлеуетін қолдауға, азаматтық белсенділігін арттыруға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Турнирге қатысқан барлық жастарға белсенділігі үшін алғыс білдіріп, жеңімпаздарды лайықты жеңісімен құттықтаймыз!
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Күршім ауданының тұрғындарымен есептік кездесу өткізіп, ауданның алдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарын атап өтті.
Күршім ауданының 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспары бекітілді. Аудан экономикасының негізгі тіректері ретінде ауыл шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі, шағын және орта бизнес, сондай-ақ туризм айқындалды.
Ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше басымдық беріліп отыр. Биылғы жеті айдың қорытындысы бойынша аудандағы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,4%-ға өсті. Ауданда 700-ге жуық шаруа қожалығы жұмыс істейді. Мал шаруашылығы да дамып келеді. Бүгінде 45,4 мың бас ірі қара, 106,6 мың қой мен ешкі және 28 мыңға жуық жылқы бар. Жеті айда шаруашылықтардың барлық санаттарында 3,8 мың тонна ет өндіріліп, бұл облыстық көлемнің 4,4%-ын құрады.
Облыс әкімі «жемшөп базасы – мал шаруашылығы – қайта өңдеу – өткізу» қағидаты бойынша толық өндірістік тізбекті қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Бұл қосылған құнды ауданның өзінде қалыптастыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті өндірістің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты аудан әкіміне, облыстың ауыл шаруашылығы басқармасына және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жергілікті шикізат көлемін, қайта өңдеу кәсіпорындарының қуаттылығын пайдалану деңгейін арттыру және өнім өткізу арналарын кеңейту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Туризм саласын дамыту да маңызды бағыттардың бірі. Қазіргі таңда ауданда жалпы сыйымдылығы шамамен 180 орын болатын алты туристік орналастыру нысаны тіркелген. Күршімнің экологиялық және рекреациялық туризмді дамытуға мүмкіндігі мол. Аудан аумағында Қиын-Керіш шатқалы, Шекелмес мүйісі, Бұқтырма су қоймасы мен Зайсан көлінің жағалауы сияқты бірегей табиғи нысандар орналасқан.
Қиын-Керіш аумағында туристік территорияны абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, демалысқа арналған беседкалар мен ақпараттық көрсеткіштер орнатылды. Облыс әкімі аталған аумақты одан әрі кешенді дамыту, қажетті инфрақұрылым қалыптастыру және келушілерге қолайлы жағдай жасау үшін инвестор тарту мәселесін пысықтауды тапсырды.
Халықтың тұрмыс сапасын арттыруға да баса назар аударылуда. «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында биыл ауданда көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 15 бірқабатты үй, яғни 30 пәтер салу жоспарланған. Нұрымбет Сақтағанов тұрғын үйлердің құрылысын жыл соңына дейін аяқтап, ауданда тұрғын үй құрылысының көлемін одан әрі арттыру шараларын қабылдау қажеттігін атап өтті.
Цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытында да жұмыстар жалғасуда. Аудандағы 21 елді мекеннің 19-ы, яғни халықтың 97,3%-ы интернетпен қамтылған. Келесі жылы Топтерек ауылындағы мемлекеттік мекемелерге «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында талшықты-оптикалық байланыс желісін жеткізу жоспарланған. Үшбұлақ ауылында антенна-діңгектік құрылыс салынып, қазіргі таңда оны мемлекеттік тізілімде тіркеу жұмыстары жүргізілуде.
Жол инфрақұрылымын жақсарту да назардан тыс қалмайды. Күршім ауданындағы автомобиль жолдары мен көшелердің жалпы ұзындығы 433,3 шақырымды құрайды. Биыл аудан аумағында 31 шақырым жол мен көшеге орташа жөндеу жүргізілуде.
Жалпы, Күршім ауданының даму басымдықтары экономиканы нығайтуға, ауыл шаруашылығы мен қайта өңдеу саласының тиімділігін арттыруға, туризм мен инфрақұрылымды дамытуға, тұрғын үй жағдайын жақсартуға және цифрлық қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған. Негізгі мақсат – ауданның тұрақты дамуын қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын ашу және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру.