Қазақстанда этносаралық келісімді қамтамасыз ету мақсатында Шығыс Қазақстан облысында 8 Достық үйі – Қоғамдық келісім орталықтары, 74 этномәдени бірлестік, 115 Ақсақалдар кеңесі, 114 Аналар кеңесі, 8 медиация орталығы, Журналистер клубы, меценаттар, «Ассамблея жастары» жастар қозғалысы және ШҚО ҚХА ғылыми-сараптамалық тобы белсенді жұмыс атқаруда.
Жастар бастамаларын қолдау үшін облыстық Достық үйінде Коворкинг орталығы, ағылшын тілін үйрететін «Speaking club», «Жас талант» балалар театры және «TeatrAll» жастар театры жұмыс істейді.
Облыстың 108 мектебінде жұмыс істейтін Кіші Ассамблеяның қызметі кеңейтілуде. Сонымен қатар, облыста 174 мектеп медиация қызметі жұмыс істейді.
«Шаңырақ» мектебінің базасында 9 этностың тілі оқытылып, 367 адам білім алуда.
Облыстағы Достық үйлерінде «Кел, сөйлесейік!» атты 25 сөйлесу клубы жұмыс істейді, мұнда мемлекеттік тілді еркін меңгерген өзге ұлт өкілдері сабақ береді.
2025 жылдың бірінші тоқсанында Достық үйлері мен этномәдени бірлестіктер қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті сақтау, облыстық Ассамблеяның қоғамдық институттарының қызметін жетілдіру мақсатында 579 іс-шара өткізіп, 29 358 адамды қамтыды.