Шығыс Қазақстанда «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары басталды

Шығыс Қазақстанда «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары басталды

Оқу-жаттығулар 2025 жылғы 6-7 наурыз аралығында өтуде. Өңірдің азаматтық қорғау қызметтері мен мүдделі органдарының алдында көктемгі кезеңдегі су тасқынына байланысты төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарды пысықтау міндеті тұр.

ШҚО ТЖД жедел ахуалдық орталығында авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде азаматтық қорғау қызметтерінің басқару және өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін штаб жедел түрде құрылды. Оқу-жаттығу барысында өңірде хабарландыру жүйесі тексеріліп, шұғыл әрекет ету жасағының дайындығы қаралды.

Оқу-жаттығудың практикалық бөлігі Самар ауданында өтті. Жағдайға сәйкес, Лайлин су қоймасындағы шлюздің ақауына байланысты су бөгеттен асып төгіліп, Самар ауылының су астында қалу қаупі туындады. «112» қызметіне аулалар мен шаруашылық құрылыстардың су астында қалғаны туралы тұрғындардан қоңыраулар түсе бастады.

Оқиға орнына полиция экипаждары келіп, дауыс зорайтқыш құрылғылар арқылы тұрғындарға алдағы эвакуация туралы хабарлады.

ШҚО ТЖД құтқарушылары жол талғамайтын техникамен азаматтарды қауіпсіз аймаққа жеткізуде. Эвакуацияға көлік қызметінің техникасы да жұмылдырылды. Азаматтар зардап шеккен халықты қабылдау пункттеріне орналастырылып, медициналық қызмет өкілдері алғашқы тексеріс жүргізді. Сондай-ақ азаматтарға тамақтану ұйымдастырылып, бірінші кезектегі қажетті тауарлармен қамтамасыз етілді. ТЖД психологтары зардап шеккендерге көмек көрсетті. Қоғамдық тәртіп қызметі эвакуацияланған халықты орналастыру орындарында қауіпсіздікті қамтамасыз етті.

Су басу қаупі бар аймақтардан үй жануарлары да қауіпсіз орындарға көшірілді.

Коммуналдық қызметтер электр желілерін ажыратып, жағалауды бекіту жұмыстарын жүргізді, қаптар төселді. Арнайы техника су қоймасындағы суды Ешкебай су қоймасына бұру арнасына айдап шығарды.

Оқу-жаттығудың екінші күні зардап шеккен басқа өңірлерге көмек көрсету үшін инженерлік техниканы тиеу бойынша іс-қимылдар пысықталатын болады.

ШҚО ТЖД баспасөз қызметі