
23 маусым – Полиция қызметкерлері күніне орай Самар ауданында ішкі істер органдары қызметкерлері мен сала ардагерлеріне арналған салтанатты іс-шара өтті. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заң мен тәртіптің сақталуына үлес қосып жүрген тәртіп сақшыларының еңбегін ұлықтауға бағытталған шараға ауданның полиция қызметкерлері және ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты.
Мерекелік жиында аудан әкімі Серік Жеңісұлы сөз сөйлеп, полиция қызметкерлері мен ардагерлерді кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтады. Ол өз сөзінде құқық қорғау органдарының қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтіп, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы қажырлы еңбектері үшін алғысын білдірді.
– Полиция қызметі – жоғары жауапкершілікті, батылдық пен адалдықты талап ететін абыройлы мамандық. Сіздер тәулік бойы халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін күзетіп, заң үстемдігін қамтамасыз ету жолында қызмет етіп келесіздер. Бұл – үлкен сенім мен зор жауапкершілік. Ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді аудан басшысы.
Салтанатты шара барысында қызметтік міндеттерін үлгілі атқарып, кәсіби шеберлігімен және адал еңбегімен ерекшеленген бірқатар полиция қызметкерлері аудан әкімінің Алғыс хаттарымен және марапаттарымен наградталды. Сонымен қатар, құқық қорғау саласының дамуына елеулі үлес қосқан ішкі істер органдарының ардагерлеріне құрмет көрсетілді.
Іс-шара барысында ардагерлер сөз алып, жас қызметкерлерге ақжарма тілектерін білдіріп, елге қызмет етудің маңызы мен жауапкершілігі туралы ойларымен бөлісті. Олар құқық қорғау саласындағы тәжірибе мен сабақтастықтың маңызын атап өтіп, жас буынның кәсіби біліктілігі мен патриоттық рухына сенім білдірді.