Самар ауданында Наурызнама онкүндігі мазмұнды шаралармен өтуде

Самар ауданында Наурызнама онкүндігі мазмұнды шаралармен өтуде

Самар ауданында Наурызнама онкүндігі мазмұнды әрі тағылымды іс-шаралармен жалғасуда. 14-15 наурызда - Көрісу күніне және Қайырымдылық күніне орай қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері көпбалалы отбасы мен қарттарға көмек көрсетті.
Көрісу күні – адамдар бір-бірімен қауышып, амандық сұрасатын, арадағы сыйластықты арттыратын ерекше дәстүр. Осы күні Бастаушы ауылының «Асыл мұра» әжелер ансамблі мен Самар ауылының «Асыл қазына» халықтық этно-фольклорлық әжелер ансамблі кездесіп, ақжарма тілектерін арнады. Әжелер жарапазан айтып, бір-біріне құрмет көрсетіп, сый-сияпаттарымен бөлісті. Бұл – үлкен өнеге мен дәстүр сабақтастығының айқын көрінісі болды.
Шаңырақ күніне аясында, Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен және аудан әкімінің кеңесшісі Айдархан Садыковтың қатысуымен Көкжыра ауылындағы Мәжібаевтар әулетіне арнайы бару ұйымдастырылды. Зарыпхан ата мен Бақты апай 67 жыл бірге өмір сүріп, 5 бала тәрбиелеп өсірген. Бүгінде олардан 15 немере, 32 шөбере тараған үлкен әулет қалыптасқан. Кездесу барысында отбасының өнегелі өмір жолы мен бірлікке негізделген құндылықтары туралы әңгіме айтылды.
Сонымен қатар аудан мекемелері Ұлттық киім күніне арналған республикалық челленджге белсенді қатысты. Білім беру бөлімі, аудандық мәдениет үйі және басқа ұйымдар ұлттық киімнің маңызын насихаттайтын бейнероликтер ұсынды. Бұл бастаманың мақсаты – ұлттық мұраны дәріптеп, жас ұрпаққа оның қадірін түсіндіру.
Бұл шаралар мектептерде де жалғасын тапты. Самар №1 орта мектебінде Ұлттық киім күні ерекше көңіл күйде өтті. Мектеп ауласы этно-ауылға айналып, оқушылар ұлттық киім киіп, өнерлерін көрсетті. Домбыра үні, би, ұлттық тағамдар – барлығы мерекенің сәнін келтірді.
19 наурыз – Жаңару күніне орай Абай және Жамбыл орта мектептерінде экологиялық акциялар өтті. Оқушылар мен ұстаздар гүлдердің топырағын жаңартып, табиғатқа деген қамқорлықты іс жүзінде көрсетті.
Осылайша, Самар ауданында Наурызнама онкүндігі ұлттық дәстүрді жаңғыртып, бірлік пен рухани жаңарудың мәнін айқындай түсті.