
Шығыс Қазақстан облысының Самар ауданында көктемгі жағдай тыныш өтуде. Қар баяу еріп жатыр, өзендердегі су деңгейі қауіпті деңгейден төмен.Барлық қызметтер ықтимал су тасқынына алдын ала дайындалып, кезекшілік ұйымдастырылған, гидротехникалық нысандардың жағдайы бақылауда.
«Қазгидромет» деректеріне сәйкес, биыл қар жамылғысының деңгейі өткен жылмен салыстырғанда төмен, ал топырақтың қату тереңдігі әдеттегіден жоғары. Бұл су басу қаупін азайтады.
Ауданда 8 су қоймасы бар. Оның бесеуіне «Шығыс су қоймалары» КМК қызмет көрсетеді, ал үшеуі ауданның коммуналдық меншігінде. Биыл «Карповка» су қоймасына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бөгеті нығайтылды және су өткізу мүмкіндігі арттырылды. Сондай-ақ арықтар тексеріліп, қоқыстан тазартылды. Тұрғындарға үйлерінің маңындағы арықтардың жағдайын бақылауда ұстау керектігі ескертілді.
«Қазіргі таңда жағдай тұрақты, су басу қаупі жоқ. Барлық су қоймалары тексерілді, арықтар тазартылды. Самар ауылында және ауданның басқа да ауылдық округтерінде қар шығару жұмыстары жүргізілуде, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған», — деп хабарлады аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде.
Көпжылдық бақылауларға сәйкес, ықтимал су басу аймағында екі елді мекен — Самар және Миролюбовка ауылдары бар. Бұл ауылдардың жағалау маңында шамамен 20 тұрғын үй орналасқан. Су қоймаларын жөндеу және дер кезінде жүргізілген дайындық жұмыстарының арқасында мұндағы қауіп барынша азайтылған.
Ақпан айының соңында ауданда «Көктем-2026» оқу-жаттығулары өтті. «Оқу-жаттығу барысында тұрғындарды эвакуациялау, хабарландыру және төтенше жағдай кезінде қызметтердің әрекеттері пысықталды», — деп толықтырды бөлімде.
Паводок кезеңіне дайындық барысын Самар ауданының әкімі Серік Жеңісов тексерді. Ол барлық қызметтердің үйлесімді жұмыс істеп жатқанын және дайындық шаралары сапалы жүргізілгенін атап өтті. Сондай-ақ аудан әкімі жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, кезекшілікті жалғастыруды және ауа райындағы өзгерістер туралы халықты уақтылы хабардар етуді тапсырды.
Төтенше жағдай болған жағдайда тұрғындарды қабылдауға арналған 9 пункт дайындалған. Сонымен қатар жанармай қоры, генераторлар, мотопомпалар мен құм толтырылған қаптар бар. Бұл қажет болған жағдайда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.