ҚР Конституциясының жаңа редакциясы: Самар ауданында активтің қатысуымен талқылау өтті

ҚР Конституциясының жаңа редакциясы: Самар ауданында активтің қатысуымен талқылау өтті

Самар ауданында аудан әкімі Серік Жеңісов пен аудандық мәслихат төрағасы Гүлнар Шаймарданованың төрағалығымен Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасын талқылау бойынша аудандық идеологиялық активтің қатысуымен жиын өтті.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен бірнеше жыл бұрын Самар ауданы құрылды. Бұл – ел басшылығының халықтың үнін естіп, пікіріне құлақ асатынының айқын дәлелі. Осы уақыт ішінде ауданымызда тұрақты даму динамикасы байқалады. Біз, ел азаматтары ретінде, конституциялық реформаларды қолдап, алдағы референдумға белсенді қатысуымыз қажет, — деді аудан әкімі Серік Жеңісов.

Жаңа Конституция жобасы Кіріспеден, 11 бөлім мен 95 баптан тұрады. Құжатта «Әділетті Қазақстан» қағидаттары, заң мен тәртіптің үстемдігі, адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығы, сондай-ақ қоғамдық тұрақтылықтың негізі ретіндегі этносаралық және конфессияаралық келісімнің ерекше рөлі бекітілген.

Негізгі жаңашылдықтардың қатарында бірпалаталы Парламент — Құрылтайды, жалпыұлттық диалог алаңы «Халық кеңесін», Вице-Президент институтын енгізу, сондай-ақ цифрлық ортадағы құқықтарды қоса алғанда, азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейту көзделген. Бұл ретте елдің егемендігі, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы өзгеріссіз сақталады.

- Жаңа Конституция жобасын дайындау туралы шешім – уақыт талабынан туған, батыл әрі ойлы қадам. Соңғы жылдары қоғамның бет-бейнесі түбегейлі өзгерді, азаматтар құқықтық сана мен талаптарын арттырды. Осы өзгерістерді ескермей, Негізгі заңды сақтау мүмкін емес. Конституция – тек заң ғана емес, мемлекеттің рухы, оның болашағына бағдар. Бұл бастама тек формальді түзетулер емес, елдің дамуының жаңа бағытын айқындайтын стратегиялық қадам. Президенттің бұл шешімге баруы – қоғамдағы өзгерістерді терең түсінетінін және ел болашағына жауапкершілікпен қарайтынын дәлелдейді. Маңыздысы, бұл процесс халықтың қатысуымен, ашық талқылаумен жүзеге асуы тиіс. Сол кезде ғана жаңа Конституция шынайы қоғамдық талаптарды қамтып, елдің тұрақтылығы мен бірлігін бекемдейді, - деп атап өтті аудандық мәслихаттың төрайымы Гүлнар Шаймарданова.

Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар Конституцияның жаңа редакциясын қабылдау қазіргі заман талаптарына және мемлекеттің стратегиялық даму мақсаттарына сай келетін, уақытылы әрі негізді қадам деген ортақ пікірге келді.

Самар ауданы әкімінің баспасөз қызметі