Мемлекеттік қызметтерді алу кезіндегі құқықтарым

Мемлекеттік қызметтерді алу кезіндегі құқықтарым

 

4-бап. Көрсетілетін қызметті алушылардың құқықтары

      1. Көрсетілетін қызметті алушылардың:

      1) көрсетілетін қызметті берушіден мемлекеттік көрсетілетін қызметті ұсыну тәртібі туралы толық және анық ақпаратты қолжетімді нысанда алуға;

      2) мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіге сәйкес мемлекеттік көрсетілетін қызметті алуға;

      3) орталық мемлекеттік органның, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының, қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің, сондай-ақ көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) олардың лауазымды адамдарының, Мемлекеттік корпорацияның және (немесе) олардың қызметкерлерінің мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен шағымдануға;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік көрсетілетін қызметті қағаз және (немесе) электрондық нысанда алуға;

      4-1) мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді "бір өтініш" қағидаты бойынша алуға;

      5) осы Заңның 15-бабында көзделген тәртіппен мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын жария талқылауларға қатысуға;

      6) мемлекеттік қызметтер көрсету саласында бұзылған құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді қорғау туралы талап арызбен сотқа жүгінуге;

      7) мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіге сәйкес цифрлық құжаттар сервисінен өзіне және отбасының кәмелетке толмаған мүшелеріне қатысты электрондық құжаттарды пайдалануға құқығы бар.