Кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, балалардың тиісті жүргізуші куәлігі мен қажетті дағдылары болмай тұрып, мопедтер мен мотоциклдерді басқаруына жол бермеу бағытында профилактикалық жұмыстар жүргізуде.
Ата-аналарға ескертеміз: мотокөлік құралдары жоғары қауіп көзі болып табылады және баланың ойнайтын заты ретінде қарастырылмауы тиіс. Кәмелетке толмаған балаға көлік құралын басқаруды беру оның өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ жол қозғалысының басқа да қатысушыларының қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.
Мопедті басқаруға 16 жастан бастап, тиісті жүргізуші куәлігі болған жағдайда рұқсат етіледі. Мотоциклді басқаруға 18 жастан бастап, тиісті санаттағы жүргізуші куәлігі болған жағдайда рұқсат етіледі.
Тиісті жүргізуші куәлігі жоқ кәмелетке толмағандарға мотокөлік құралдарын басқаруға беруге тыйым салынады.