Әр адам сапасыз тауарды сатып алу және тиісінше қызмет көрсетілмеуі мәселесіне тап болады. Көбінде сатып алушының құқықтары сатып алудан бұрын бұзылады, сатушылар өнімнің шығу тегі мен сапалық сипаттамалары туралы жалған ақпарат береді, олар тіпті ақпарат беруден бас тартады. Бұл жағдайлардың барлығы тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласына жатады және Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 4 мамырдағы №274-IV «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңымен реттеледі.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің бұйрығына сәйкес 2021 жылдың басынан e-tutynushy.kz сайтында Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – ТҚҚБАЖ) жұмыс істейді.
ТҚҚБАЖ – бұл онлайн-платформа, онда сіз тұтынушылық құқықтар туралы ақпаратты таба аласыз, егер сіздің құқықтарыңыз бұзылса, құқық қорғаушыларды таба аласыз, сонымен қатар шағымдарды сауда ұйымының өкілдеріне тікелей қалдыра аласыз.
ТҚҚБАЖ арқылы тұтынушылардың өтініштерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесінің барлық деңгейінде қарауды:
1) тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатушылар (дайындаушылар, орындаушылар), ойын бастамашылары (ұйымдастырушылары);
2) тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері, қауымдастықтар (одақтар), заң консультанттары палатасының мүшелері болып табылатын және заң көмегін көрсететін заң консультанттары және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де тұлғалар;
3) тұтынушылық дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектілері;
4) тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілетті орган қамтамасыз етеді.
Өтінішті жолдау үшін тұтынушы келесі функцияларды орындауы қажет:
1) e-tutynushy.kz сайтында қол жеткізу үшін авторизациялау;
2) өтінішті қалыптастыру (жасау), қажет болған жағдайда растайтын құжаттарды өтінішке қоса беру;
3) өтінішті жіберілгенін және алынғанын растау.
Егер Сіздің құқықтарыңыз тұтынушы ретінде бұзылса, өтінішті ТҚҚБАЖ арқылы жібере аласыз.
Тұтынушылар өздерінің тұтынушылық құқықтарын қорғау мәселелері бойынша ШҚО тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне (Өскемен қаласы, Буров көшесі, 20, телефон 8(7232)267207, электрондық мекенжайы dzpp.vko@mti.gov.kz) хабарласа алады.
Сондай-ақ, кез келген тұтынушы e-tutynushy.kz сайтына компьютер немесе мобильді құрылғы арқылы кіріп, тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өз өтінішін жібере алатынына назар аударамыз.
Өз құқықтарыңызды қорғаңыз және сауатты тұтынушы болыңыз!